in

Арбадың неге тәтті бу?

Polisia.kz порталының деректеріне сүйенсек, вейп сатушылардың біраз бө­лігі заңнан тыс әрекетке көш­кен. Құқық қорғау органдары айы­на кем дегенде екі рет ірі көлемдегі тауар­ларды тәркілеп жатады. Бірақ бұл  қол­­ға түскендері ғана. Интернетте әлі де жасырын арналар бар екені ай­ты­лып жүр. Әлеуметтік желілер мен мес­сенджерлер вейп бизнесін көтеріп жат­қан мықты құралға айналды. 

Қазақстанда электронды темекіге қатысты пікірталас ең алдымен жасөс­пірімдердің арасында оның кеңінен таралуынан басталды. Мәжіліс депу­тат­­тары мектеп пен колледж оқушы­ла­рының вейпке әуестігінің күшейге­нін бұған дейін ортаға салған болатын.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының деректеріне сүйенсек, екі жыл бұрын әрбір оныншы жасөс­пірім электронды темекіні тартып көрген. Ал 15-17 жас аралығындағылар ара­сында қызығушылық екі есе жо­ғары болған.

Бұл мәселенің өзекті екенін жас­тар­дың өздері де растайды. Жас­­­­тарды зерттеу орталығының 2024 жыл­­ғы есебінде көрсетілгендей, сауал­на­маға қатысқан жастардың шамамен 15%-ы темекі, вейп, кальян немесе насыбай қолданатынын мойындаған. Ал 8%-дан астамы бұл жайтқа мүлде мән бермейтінін айтқан. Сауалнамаға қа­тысқандардың 3,8%-ы жағдайды өз­герткісі келетінін жеткізсе, 3,3%-ы алаң­даушылық танытқанымен, еш әре­кет жасамайды екен.

Әлеуметтанушы Темірлан Төлеудің ойын­ша, вейптің жастар арасында көп таралуына бірнеше фактор әсер етеді.

– Әрине, кез келген құбылыстың ар­тында бірнеше әлеуметтік факторды аңғаруға болады. Менің байқа­ғаным­ша, қоршаған ортаның қысымы (peer pressure): жастардың көпшілігі вейпті алғаш рет достарынан көреді, ортада қалыптасқан сәнді ұстануға тырысады. Жал­пы, жас кезде және әсіресе жасөс­пі­рім кезде тұлға трендте болғысы ке­леді,  олар үшін бұл өмірлік кезеңде аса маңызды. Ары қарай бұл практика өзін-өзі көрсету де болуы мүмкін (self-identity): вейпті қолдану арқылы жас­тар өзін «заманауи», «еркін» немесе «креативті» топтарға жатқызуға бейім. 

Бұған қоса, темекі өнімдерінің басқа түрлеріне қарағанда вейп на­рығы кешірек бақылауға алынды, бұл оның жастарға тез таралуына әсер етті және бірінші кезекте қолжетім­ді­лі­гіне назар аударғанымыз абзал, – дейді әлеуметтанушы.

Естеріңізде болса, вейпке тыйым са­лы­нардың алдында қоғамда үлкен пікір­талас болған еді. Бір тарап элек-т­ронды темекі кәдімгі шылымға қара­ған­­да зияны аз десе, екінші тарап бұ­ған қарсы шықты. 

Ұлттық статистика бюросының мә­­ліметіне сүйенсек, бір жылдың ішін­­де – 2023 жылдың шілдесінен 2024 жыл­дың шілдесіне дейін  Қазақ­стан­да т­емекі тұтыну 22,6%-ға өскен. Яғни, күнделікті тұтыну 12,9 миллион­нан 15,8 миллион данаға жеткен көрі­не­ді.

– Қоғамда темекіге қарағанда вейп, араққа қарағанда сыра қанша­лық­ты зиян деген сұрақтар көп қойы­лып жатады. Бұл дүниелердің еш­қайсының жақсысы жоқ. Мұндай салыстырулар қоғамның тентектігін көр­сетеді. Екеуі де тәуелділік ша­қы­ратын, көмір қышқыл газын түзетін, жүйке жүйесінің дұрыс оттегімен қо­ректенуіне зиянын тигізетін қауіпті зат­тарға жатады. Зерттемелерге сүйен­сек, екеуінің де өзіндік зияндары бар, бір­ақ пайда жоқ, – деді нарколог Тоқ­тар Төлеуханұлы. 

Вейп сатқанның жазасы қандай?

Қазақстанның Қылмыстық кодек­сіне арнайы 301-1-бап қосылды. Бұл бап вейп пен оған қатысты тауар­лар­дың айналымына тыйым салады. Егер вейп, сұйықтық немесе хош иіс­тен­діргіш сатсаңыз, 200 АЕК көлемінде айып­пұл (2025 жылы – 786 мың теңге) са­лынады. Сонымен бірге осынша мөл­шерде түзеу жұмыстарына, 200 са­ғат­қа дейін қоғамдық жұмысқа немесе 50 тәулікке дейін қамауға алуы мүмкін.

Ал егер бұл өнімдерді елге әкелсеңіз не­месе өндірсеңіз, айыппұл көлемі он есе артады – 2000 АЕК (2025 жылы – 7,8 миллион теңге). Бұған қоса, 600 са­ғатқа дейін қоғамдық жұмысқа тар­ту, екі жылға дейін бас бостандығын шек­теу сияқты жазалар қарасты­рыл­ған. Қылмыстарды қылмыстық топ жа­саса, аса ірі көлемдегі кіріс алуды көз­дейтін немесе бірнеше рет жасалса, кі­нәлілерге 5000 АЕК (2025 жылы 19,6 мил­лион теңге) мөлшерінде айыппұл салу­ға, не сол мөлшерде түзеу жұмыс­тарына, не 1200 сағатқа дейін қоғам­дық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейін бас бостандығынан айыруға, не сол мерзімге бас бостандығынан айы­ру­ға жазаланады. 

Дегенмен вейп тарту қылмыс емес. Яғни, сатуды немесе таратуды жоспар­ла­масаңыз, үйіңізде сақтауға тыйым жоқ.

Өзге елдегі ахуал

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 2023 жыл­дың соңына қарай 34 ел элект­рон­ды темекіні сатуға, жарнамалауға және пай­далануға тыйым салған еді. 88 елде вейп сатып алу үшін жас шектеулері жоқ, ал 74 ел бұл өнімдерді сатуды мүл­дем реттемеген. Осы жылдың ақ­па­нындағы деректерге сүйенсек, көп­теген батыс елдерінде вейпингке тек кәмелетке толмағандарға  тыйым са­лын­ған екен. Тұтынушылардың көп­шілігі оларды еркін сатып ала алады. Ұлыб­ритания мен Францияның жаңа­лықтар порталдары өз елдерінде элек­т­­­­ронды темекі сатуға толық тыйым салу­ды ұсынатын саясат­кер­лер­мен бір­неше мақала жариялаған еді. Бұл мә­селе әлі де талқылануда.

Көршілес Қытайда электронды темекі мен ұқсас құрылғы­лар­ды жеткізуші елде мұндай өнімдерді ішкі нарықта сатуға тыйым салынған, бірақ экспортқа шығаруға ешқандай шектеулер жоқ. Таиланд пен Түркия вей­пингке салынған тыйымдардың орындалуын мұқият қадағалап отыр.

Қазақстанның Орталық Азиядағы және ТМД-дағы көршілерінің ара­сын­да Өзбекстан мен Қырғызстан сияқты көп­теген ел электронды темекіге тыйым салуды көздеп отыр. Тәжікстан мен Ресей әлі күнге дейін вейптерді сату­ға тыйым салған жоқ. Ал Қазақ­стан­ның солтүстік көршісінде толық тыйым салу туралы қоғамдық талқы­лаулар бірнеше жылдан бері жалғасып келгенімен нәтиже жоқ.

P.S.

Қазақстанда вейпке тыйым салынғанымен, жасырын сауда толығымен жойылған жоқ. Заң қатаңдатылып, айыппұлдар мен жазалар енгізілді, алайда жастардың вейпке қызығушылығы әлі де өзекті мәселе болып отыр.

Әсет ҚАЛИ