Мегаполис тұрғындары көшедегі самокатшылардың қозғалысына, жаяу жүргіншімен қақтығысып қалған жағдайда олардың ешқандай жауапкершілік арқаламайтынына наразы. Тіпті, мұндай жүргізушілердің арасында кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер де бар. Қала тұрғыны Динара Боранбай осыған дейін бірнеше рет жылдамдықты асыра айдаған самокатшылармен соқтығысып қала жаздаған. Оның сөзінше, кейбір жүргізушілер өзінің де, өзгенің де қауіпсіздігіне пысқырып қарамайды.
– Алғашқыда самокаттар пайда болған уақытта бәріміз қуандық. Көлікке қарағанда арзан, кептелістен құтқарады, экологияға да зияны аз деп ойладық. Бірақ самокат жүргізушілерінің көбі ережені елемейді. Жаяу жүргіншілерге арналған аяқжолда қатты жылдамдықпен зулап өтеді. Байқағаным, самокат жүргізушілерінің арасында тәртіпсіздік көп. Самокатты көшенің кез келген жерінде тастап кетеді. Сосын жол кептеліп, адамдарға ыңғайсыздық туғызады. Тағы бір ескеретін дүние, самокатты көпшілігі каскасыз айдайды. Жолға шығып, көліктердің ортасында сырғанап жүргенін көріп, тіпті шошимын, – деді Динара.
Естеріңізде болса, қыркүйек айының басында автобус электросамокат мінген екі қызды қағып кетіп, нәтижесінде, олар ауруханаға жеткізілген еді. Бұл самокат тізгіндегендерге қатысты мегаполистегі жалғыз оқиға емес. Қалалық Полиция департаментінің дерегіне сүйенсек, биыл жыл басынан бері Алматыда 300-ден астам келеңсіз жағдай тіркелген. Оқиға салдарынан 312 адам зардап шеккен. Онымен қоса, қалалық Полиция департаменті электросамокат пен электровелосипед пайдаланушыларына байланысты жыл басынан бері 11 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелгенін мәлімдеді.
Тағы бір өзекті мәселе – жүргізушілердің самокатты көрінген жерде қалдыруы. Бұл аяқжол, жаяу жүргіншілер жолағы немесе көше қиылыстарында болмасын, тұрғындардың қозғалысына ыңғайсыздық келтіреді. Қала билігі самокаттарды бейберекет тастау мәселесін шешу үшін арнайы тұрақтар орнатпақ. Бұл бастама қоғамдық тәртіпті сақтап, жаяу жүргіншілерге кедергі келтіретін самокаттардың ретсіз орналасуын азайтуды көздейді. Қазірдің өзінде шаһарда 10 тұрақ орны белгіленген. Мұндай тұрақ орындары негізінен адам көп шоғырланған көшелерде орнатылған.
Ал осыған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Мәжіліс кулуарында депутаттармен бірлесе отырып электросамокаттардың қозғалысын қатаң реттеу бойынша түзетулер әзірленіп жатқанын мәлімдеген еді. Оның сөзінше, бұл түзетулер қолданыстағы нормаларды нақтылап, ережелерді жүргізушілерге де, полицейлерге де, барлық азаматқа бірдей түсінікті етеді.
Күн тәртібіндегі маңызды сауалдардың бірі – апат болған жағдайда самокат жүргізушісіне қандай жауапкершілік жүктеледі? Бұл ретте самокатқа мемлекеттік нөмір тағылып, иесіне жүргізуші куәлігі берілуге тиіс пе? Өзекті мәселеге қатысты пікір білдірген Алматы қаласы мәслихатының депутаты Жандос Нәдіров самокат иесін сәйкестендіру мен жауапкершілікті күшейту – қауіпсіздікке оң әсер етсе, екінші жағынан, тым қатаң талаптар бұл көлік түрінің қолжетімділігін шектеуі мүмкін екенін айтты.
– Қауіпсіздік мәселесі – бірінші кезектегі міндет. Егер самокат жүргізушісінің қатысуымен апат болса, ол қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік немесе ауыр жағдайларда қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Самокаттарға мемлекеттік нөмір беру немесе арнайы жүргізуші куәлігін енгізу мәселесіне келсек, бұл қоғамда кеңінен талқылануы тиіс. Ең тиімді жол – кезең-кезеңімен реттеу. Қазір басты назарды:
самокаттарды тек 18 жастан асқан азаматтардың қолдануына,
шлем мен жарық шағылыстырғыш элементтердің міндетті болуына,
операторлар арқылы техникалық шектеулерді (жылдамдық, геозона, тұрақ) енгізуге,
жастар арасында жүйелі түсіндіру жұмысына аудару қажет.
Алдағы уақытта тәжірибе жинақталғаннан кейін мемлекеттік нөмір немесе арнайы куәлік беру мәселесіне қайта оралуға болады, – деді ол.
Одан бөлек, Жандос Қуанышбекұлы электросамокат қозғалысын қалыпқа келтіру үшін жеке реттеу механизмдері аса қажет екенін түйреп өтті.
– Электросамокаттарды қоғамдық көлік жүйесінің толыққанды бөлігі ретінде қарастыруға әлі ерте. Қоғамдық көліктің басты міндеті – жолаушыларды белгіленген бағыттар бойынша жүйелі әрі қауіпсіз тасымалдау. Ал самокат – ең алдымен жеке жүріп-тұру құралы. Сондықтан олар үшін жеке реттеу тетіктері қажет: арнайы велоинфрақұрылымды дамыту, жылдамдық шектеулерін енгізу, тұрақ орындарын белгілеу және нақты пайдалану ережелерін сақтау, – деді Ж.Нәдіров.
Ал урбанист Гүлмира Байғабұлованың пікірінше, қаладағы басты мәселе – операторлардың қабылданған ережелерді толық орындамауы. Кейбірі мұны «экономикалық тиімсіздік» деп түсіндірсе де, іс жүзінде бұл – заңды орындаудан бас тарту. «Мұндай жағдайда самокат жүргізушілері де, операторлар да толық жауапкершілікке тартылуға тиіс», – деді маман.
– Жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілеріне қолданылатын талаптар самокат пайдаланушыларына да қатысты болуға тиіс. Мемлекеттік нөмір немесе жүргізуші куәлігі әзірге міндетті болмауы мүмкін, бірақ қолданушыны тіркеудің балама жолдары қажет. Мысалы, қосымша арқылы жеке тұлғаны растау, жасын тексеру, бұзушылық жасаған жағдайда айыппұлды автоматты түрде жүктеу. Мен осыған дейін арнайы «самокаттық полиция» құруды ұсынғанмын. Әрине, қазір қалада бірыңғай оператор енгізілді, бірақ тәжірибе көрсеткендей, бұл шара жеткіліксіз. Бақылау мен қадағалау жоқ болғандықтан, жағдай өзгермей отыр. Сондықтан қоғамдық сенім мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қатаң қадағалау құрылымын құру қажет, – деді урбанист Г.Байғабұлова.
Қалалық мәслихат депутатының дерегінше, бүгінде сайлауалды бағдарлама аясында Алматыда жалпы 89 шақырым велоинфрақұрылым салынды (веложолақ – 25,15 шақырым, веложолдар – 63,8 шақырым). 2025 жылы қосымша 29,6 шақырым салу жоспарланған, оның ішінде веложолдар – 22,6 шақырым. Атап айтсақ, Саин көшесінің бойында – 6,4, ал Абай даңғылының бойында – 1,2 шақырым жаңа веложолақ салынады.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы