Қытай ғылым академиясының қолдауымен Қазақстан–Қытай бірлескен ақылды қалаларды зерттеу институтын (Smart City Joint Research Institute) құру бағытындағы ынтымақтастық дамып келеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Осы бастама аясында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы, Alatau City Authority, Шэньчжэнь университетінің Ақылды қалалар ғылыми-зерттеу институты және LAY-OUT Planning Consultants Co., Ltd. компаниясы арасында төртжақты ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Бұл бастама 2026 жылғы маусымда Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевтың Шэньчжэнь қаласында өткізген жұмыс кездесулерінің нәтижесінде одан әрі дамыды. Аталған кездесулер барысында бірлескен зерттеу платформасын құру және Қытайдың озық технологияларын Қазақстанда қолдану перспективалары талқыланды.
Болашақ институттың басты міндеті — ғылыми зерттеулерді, технологиялық әзірлемелерді және заманауи қалаларды дамытудағы практикалық тәжірибені біріктіріп, зияткерлік шешімдерді Қазақстан жағдайына бейімдеу және енгізу.
Ынтымақтастыққа қатысушылардың әрқайсысы өз құзыреттерімен үлес қосады:
Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы — ғылыми және стратегиялық басшылықты, халықаралық зерттеу күн тәртібін үйлестіруді және Қазақстанның ғылыми ұйымдарымен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.
Alatau City Authority — Алатау қаласын дамыту мәселелері бойынша өзара іс-қимылды қамтамасыз етіп, ғылыми зерттеу нәтижелерін іс жүзінде қолдануға жағдай жасайды.
Шэньчжэнь университетінің Ақылды қалалар ғылыми-зерттеу институты — цифрлық егіздер, геокеңістіктік технологиялар, заттар интернеті (IoT) және қаланы зияткерлік басқару жүйелері саласында ғылыми әзірлемелер жүргізеді.
LAY-OUT Planning Consultants Co., Ltd. — қалаларды жоспарлау, аумақтарды кешенді дамыту, цифрландыру және заманауи қалаларға арналған шешімдерді әзірлеу саласында практикалық тәжірибеге ие.
Әлемдегі технологиялық инновациялардың жетекші орталықтарының бірі — Шэньчжэнь қаласының тәжірибесі ерекше құнды.
Академик Го Жэньчжун жетекшілік ететін Шэньчжэнь университетінің Ақылды қалалар ғылыми-зерттеу институты кеңістіктік модельдеу, цифрлық егіздер және қалалық зияткерлік платформалар технологияларын әзірлеумен айналысады. Оның ғылыми тобының әзірлемелері Шэньчжэнь қаласының қалалық ортасын цифрландыру жобаларында іс жүзінде қолданылды.
LAY-OUT компаниясының Шэньчжэнь қаласының қала құрылысы саласындағы дамуына қатысу бойынша көпжылдық тәжірибесі бар. Бұл тәжірибе қаланы жоспарлауды, аумақтарды жаңғыртуды, қолданыстағы қалалық құрылысты түрлендіруді, сондай-ақ қалаларды басқару мен дамытуға арналған кешенді шешімдерді әзірлеуді қамтиды.
Ынтымақтастық осы құзыреттерді біріктіріп, ғылыми негізделген әрі іс жүзінде қолдануға болатын шешімдерді дайындауға мүмкіндік береді.
Алатау қаласы бірлескен зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізуге арналған пилоттық алаң ретінде айқындалды. Мұнда қаланы жоспарлау, салу және басқару үдерістеріне цифрлық технологияларды бастапқы кезеңдерден бастап енгізуді көздейтін Digital-Native тәсілін дамыту жоспарлануда.
Басым бағыттар ретінде цифрлық егіздер, жасанды интеллект, зияткерлік көлік инфрақұрылымы, қаланы цифрлық басқару, заттар интернеті, бірлескен ғылыми зерттеулер және мамандар даярлау қарастырылуда.
Құрылуы көзделіп отырған институт білім мен тәжірибе алмасуға, Smart City технологияларын әзірлеуге және бейімдеуге арналған халықаралық зерттеу платформасына айналуды мақсат етеді. Бұл технологияларды болашақта Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия елдерінде де қолдану мүмкіндігі қарастырылуда.
Қол қойылған келісім бірлескен зерттеулерге көшуге, жобалық бастамаларды қалыптастыруға және Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты іс жүзінде жүзеге асыруға негіз қалайды.