in

Алатауың – Абай жазған өлеңдей

Оқып отырсаң өлең жаз­ғанда Абай оның иығынан қадалып қарап тұрған сияқ­ты елестейді. Өлеңнің кез келген тұсында Абай есіне түсе кетеді, шабытпен ағып келе жатып, Абай өлеңіне соғылады, Абай жырға жолығады.

1.ТЕҢЕУ

Алатауың – Абай жазған өлеңдей,

жаратылған мықты болып «өлердей».

Қатып қапты тағдырына мас болып,

«құдайына» не жалынбай, не көнбей.

Мен емес, Жұмекен жазған өлең. Қазақта «Менің қо­­лым емес, Әулиенің қолы» деген сөз бар. Бұл – мән-маңызы биік бір істі бастап берерде, сол мәр­тебелі кісі арқалы аруақты еске алып, адал жүректен айта­тын ақ сөзі. Біз де сөйттік. Абай өлеңдері туралы айтар сөзді Жұмекен жырларынан алдық. 

«Алатауың – Абай жазған өлеңдей». 

Менің сөзім емес, Жұмекеннің сөзі. 

Бұл – теңеу. Ол – үлкейткіш, анықтағыш тәсіл. Өлең­де де, сөзде де сүйініп суреттеген нысанын ас­қақ­татып, айқындап немесе майдалап, көз көрместі сез­діріп, қолға ілінбесті түйсінтерде дәл осындай жан тап­пас тосын және тұтқиылдан соғатын «теңеу» ке­рек. 

Бұл – ұлтқа ұран жазған, бір дәуірдің шабыты сұра­пыл құбылысы болған ақынның – Жұмекеннің теңеуі, Абайды жырлауы. 

Шынында, бұл көрер көзге Абай туралы емес, Ала­тау туралы өлең. Сөйте тұра Алатаудың тіл жетпес мық­тылығын, бітімін, көркін, биіктігі мен паңдығын ай­тайын дегенде басқа емес, «Абай жазған өлеңмен» теңес­тіріп қойған. Мұндай теңеуді көре қалғанда өлең оқу дағдысында бар кісінің көңілінде күн күркірер. Тау шыңдарымен таласқан, әлде одан биігіректе жай оты­мен жанасқан құбылыс көз алдына келіп, сөз тыл­сымын түйсіне бастар; одан әрі ақын туралы, Абай өлең­­дері туралы ой қылаң берер, жаңғырар. 

Бұлай айтпай, «Абай жазған өлең Алатаудай» десе, теңеу сонша әлсірейді. Онда сен «Абай жазған өлеңді» тау басына қарай тартқандай болар едің. Ал «Алатауың (сенің) – Абай жазған өлеңдей» десең ол өлеңді Ала­таудан да биік сезінесің, тауды жоғары қарай – одан биік­теу тұрған өлеңге қарай көтересің. 

Алатауың – Абай жазған өлеңдей!

2. ІЗДЕУ

Бір сенімі бар еді маған да елдің,

«Ұлғайды арман», мен-дағы алаң болдым.

Ымыртта ымырт құсап, қоңырайып,

Өзімді іздеп шығып ем – саған келдім.

 

Кетті дейді жыр оңбай… құрсын бәрі,

Сыншылар жүр том жазып, ырсыл қағып…

Жүз мода өзгерді ғой, мың бір заман,

Түйе жүн күпі киіп тұрсың ба әлі?!…

 

Қажып келдім қасыңа қалғиыншы,

Не қарғыс, не бата айтшы… ал құйылшы.

Сен маған туған жерім сияқтысың,

Аңсағанда келетін шалдың иісі…

Сағыныш қой, шіркін! Абай туралы Жұмекен жиыр­ма шақты өлең жазған. Оқып отырсаң өлең жаз­ғанда Абай оның иығынан қадалып қарап тұрған сияқ­ты елестейді. Өлеңнің кез келген тұсында Абай есіне түсе кетеді, шабытпен ағып келе жатып, Абай өлеңіне соғылады, Абай жырға жолығады. 

«Абай ескерткіші» туралы өлеңнің біз үзіп алған үш шумағын енді сіз де жаттап алыңыз. Жұрттың се­ні­міне аса биік жауапкершілікпен қарайтын Жұмекен, Абай құсап «қартайып, қайғы ойлаған» Жұмекен, ымыртта өзін жоғалтып, енді оны іздеп шыққан беті еді. Өлең суреттер тізбесі сияқты. Қым-қуыт қаланың ортасында ол мәңгі кетіп бара жатқандай. Иә, өлеңді қайталап оқыған сайын ақынның өзімен — ол іздеген ой соқпағымен сіз де жүресіз. Жүрген сайын сол соқпақ Абайға бастап келе береді. 

Санаңызда жаңғыра беретін сурет бар. Ол сурет — тылсым шабытының ізін кесіп, өзінің өлеңмен өзі түйсінген, өзі суреттеген сұлба-сүлдеріне ілесіп ілбіген жұме­кен. Жол тұйығында Абайдың алдында тұрған жұ­мекен. Барар жері «мода жүз өзгеріп, заман мың құ­былса да», өзгермейтін, баяғы «түйе жүн күпісімен» тұр­ған Абай.

Таппаған соң өлеңмен жүрек емін,

Бір-ақ сілтеп қолымды жүрер едім:

Туа тұғын сықылды бүгін-ертең

Мраморға жазылар бір өлеңім. (Бұл да осы өлеңінде).

Расында, Жұмекен сол уақыттарда әрбірін мра­мор­ға жазуға тұратындай том-том өлеңдер туғызды. 

Абайдың ескерткішіне келіп «Сен менің туған же­рім сияқтысың» дегенді кім айта алды? Осындай мак­сималды сезінумен таусыла сөйлей алған біреу бар ма? Сарқыла айту, түбіне жеткізіп айту, тереңге тартқан тыл­сым жарылыстан туады. Бұл дегеніңіз – теңдесі жоқ сезім, теңдесі жоқ шабыт. 

Туған жерден артық не болушы еді адам үшін? Адам­ның туған жерінің топырағына жантайып жат­қы­сы келетін кезі болады. Жұмекеннің де Абай ескерт­кі­шіне барып шағынып, тауы шағылып тұрған кейпі ғой. Заманға, шабытқа, уақытқа кеткен есепсіз есе есі­не түсіп, дағдарған, таусылған жүдеу кейпі.

«Кейпі» деппіз ғой. Егер ол «Қартайдық, қайғы ой­ладық ұлғайды арман, қорқамын кейінгі жас бала­лардан» деп Абайша дағдарған кейіп болса, ол — ұлы адамның, ұлт мақсұтын ойлаған адамның кейпі. Ақын­ның келбеті. 

3. ТҮНГІ ОТ

Ақын Абай ескерткішіне бұл ғана емес, біз білген­де, біраз өлең арнаған. 

Жұмекен шығармашылық уақытының әр кезең­дерінде әлгінде айтқанымыздай, Абайға жиі айналып соғып отырады. Ескерткішке бұрынырақ арнаған бір өлеңінде:

Қазыналы жан алтынын төккен күлге,

Күл боп жанып кетіпті көппен бірге.

Қараңғы елде жарқырап туған өлең,

Қара түнде маздаған отпен бірдей.

 

Емен-дағы құласа – бетеге екен,

Дара туған тұлғаң да өтеді екен.

Тек қараңғыда жанған оттың,

Жарығы тым алысқа жетеді екен, – деп келеді. 

Бұл өлеңді ойланбай-ақ жаттап ал. Әр рет ойша қай­талаған сайын алыстан абайдың жарығын, Абай жақ­қан отты көресің. Санаңда қайталаған сайын ойың­да абайдың оты жаңаланып жанып, жылу беріп, жарық шашып отырады. 

 4. АЯУ

 Бір шумақтан тұратын тағы бір өлеңінде Жұмекен ақын бүй дейді:

 Абайсыз кеткен талайды,

Талайсыз өткен сөзіңді

Аяймын;

Заманға қарап – Абайды,

Абайға қарап – өзімді

Аяймын.

Өкініштен өзегі өртенген өлең. Аяу деген ең аяу­лың үшін күйіну ғой. Ол – жақының болуы мүмкін; ол – жаныңнан артық көрер қымбатың болар; ол – бар қым­батыңды жолына қияр мақсұт, мұратың болуы мүм­кін. Аяйсың. Бәрін аяйсың. Бәрін аяп отырған өзің­ді аяйсың. Осы төрт жол өлеңді оқығында аяма­ған­дар туралы, «абайсыз» – аңдаусыз мерт болғандар туралы, «Абайсыз» кеткендер туралы, оларды аямай­тын­дар туралы, «аямау» туралы ойларға батасың, тай­ғақ­та малтығасың. «Заманға адам күйлемек. Замана оны илемек» дегенді айтқан Абай есіңе түседі. «Заманға қа­рап Абайды, Абайға қарап өзіңді аяйтының» содан.

 5. ҚАРСЫ ЖҮРУ

«Поэзия» деген жеті шумақ өлеңінде поэзия бо­зін­ген секілді кейіпте. Әркім одан «бір тамшы саумал алып қалсам» деп жүгіреді. Ақындықтан үміті бар әр пен­де қауға алып, бозіңген өлеңді қуады. 

 

Неше түрлі жалқау мен қырсау мінген,

Поэзия секілді бір саулы інген.

Ботасы өлген секілді ертеде оның,

Абай жатқан бауырында кер төбенің.

 

Қасым жатқан шет жағын боз даланың,

Саулы інген-жыр кезеді боздап әлі.

Ботасы өлген батады Ана мұңға,

Ілиястың Құлагер заманында.

 

Поэзия туралы өлеңін Абайдан бастаған Жұмекен Ілияс­қа, Қасымға қарай, бері қарай – бізге қарай жүр­генде, біз Жұмекеннің келе жатқан ізіне түсіп, өлең кел­ген ізге түсіп, қарсы бағытқа, әрі қарай – Абай жырға қарай жүреміз. Жұмекен келе жатқан бағытқа қар­сы әрі қарай жүрсең ол – Абайға, Абай жазған өлең­ге апарады. 

Біз келесі талдайтын өлеңде мынадай біршумақ бар. 

Ақын қаққан күпінің шаңы жатыр құзда әлі,

Әйтеуір, сол күпіден «шыққан жұртпыз» біз дағы. 

Жұмекен айтқандай, күллі қазақ ақынының ізін кері шалсаң Абайға апарар. 

6. ДИССЕРТАЦИЯ

Жұмекеннің «Қара өлең» атаған келесі толғанысын толығырақ көшірмеске болмады. Себебі Абай тануда бұл өлеңнің орны бөлек. Ол – өзі сонша көркем өлең, өзі тарих, өзі сын, өзі сурет, өзі тұтас диссертацияның салмағын тартып тұрған өлең. 

 

***

Абай – жырды құрметтеп, ырза етейін дегенде

Жаңа киім іздеген күллі әлемдік көлемде.

Фрак жапқан жырға асыл – жырласа сол жырласын:

Өзі киген күпіні – кигізген жоқ өлеңге.

 

***

Пушкин, Байрон, Гетенің өлеңінің өтін ап

құйған сын-ды ол:

Бір ерек құнар тапты топырақ.

 

Сондықтан да жырда Абай шындық ашты бір ұлы:

Қаламдардың сырылы,

Қанжарлардың шыңылы

Араласты тасқын боп азап табы, мұң үні –

Уақыт туды осылай өлеңдерді ұлы-ұлы.

 

Ақын қаққан күпінің шаңы жатыр құзда әлі,

Әйтеуір, сол күпіден «шыққан жұртпыз» біз-дағы.

 

Жаңалықтан жалтақтап,

Суық сезсе шекеміз,

Күпісіне Абайдың әлі сүңгіп, кетеміз.

 

Қара өлеңдер жасасын! – салмақты, еркін, терең де өр,

Костюм киген ақындар,

Күпі киген өлеңдер!

 

О, сыпайы жаңашыл!

Жел өтінде дірілде –

Шекпен түгіл макентож ескіріп жүр бүгінде.

 

Киім – мода,

Өлең-жыр мода емес қой,

дегенмен

Киімнің де сән-көркі көрінген жөн өлеңнен.

Саптама етік кимейді қазір қазақ өлеңі,

Содан шығар, көп жыршы – жалаң аяқ келеді.

Менсінбей жұрт ескіні,

Жаңасына жете алмай,

Аралықта алпыс жыл уақыт өтті бақандай.

 

Күпі киген ақынның

Костюмді ойы – тамаша,

Киіндірген Абай тек қара өлеңді жаңаша.

 

Қағып-сілкіп күпіні – шекпен алған сол ақын –

Шекпен киген кешегі Мұқағали болатын.

 

Тапқаны ғой әркімнің,

Соған ұқсас сый біздің:

өлеңіме өз басым өкшелі етік кигіздім.

Абайдың жалпы поэзиясы, ол жасаған замандағы өлең өнері оның салмағы, көркемдігі, ойы, мақсат-мұ­рат­­тары туралы кемелді әрі бейнелі өзі ықшам өлең. Абай шығармаларына берілген шынайы да, дәл, биік баға.

«Абай ескерткіші» деген өлеңінде Абайдың біті­міне, оның қазақ санасындағы болмысына өз жүре­гінде өлең ескерткіш қойса; мына өлеңде оның әлемдік деңгейдегі көркемдік құбылысын айқындайды.

Пушкин, Байрон, Гетенің өлеңінің өтін ап

құйған сын-ды ол:

Бір ерек құнар тапты топырақ, – дегенін, немесе:

Абай – жырды құрметтеп, ырза етейін дегенде

Жаңа киім іздеген күллі әлемдік көлемде.

Фрак жапқан жырға асыл –

Жырласа сол жырласын:

Өзі киген күпіні – кигізген жоқ өлеңге, – дегенін қа­раңызшы. 

Бұл өлең алғашқы ой ұшқыны Мұқағалидың «Күпі ки­ген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қай­тарамын» деген жолдарының әсерінен келгенін бай­қай­мыз. Оны Жұмекен де еске салып өткен. 

Мұндай өлеңді бір ғана оқып қоймайды. Бірнеше қай­­­талап оқиды. Бірнеше жыл бойы қайталап оқиды. Ғұ­­мыр бойы оқиды. Абай туралы, Абай жазған өлең ту­ра­лы сөз болған жерде ең қысқа, ең дәл, ең ғылыми баян­­дама орнына оқиды. Өлеңді оқыған кісі бір уа­қыт­­та екі ақынды таниды және екі ақынды танытады. 

Жұмекен санаулы ғана қазақ ақындарына өлең ар­­нады. Абайға, Махамбетке, Қасымға, Мұқағалиға.

7. СӘУЛЕҢ БОЛСА САНАҢДА

Абайдың жеп-жеңіл оқылатын, тілге жеңіл, жү­рек­ке жылы тиетін, бірақ түбіне жетіп түсіне қоймайтын өлең­­дері толып жатыр. 

Әуелі әннің басы келер ашшы. 

«Кел, тыңда» деп қауымға болар басшы.

Керім толғап тауысар қоңыр-күңгір.

Сол жеріне ойыңмен араласшы. 

Алдыңғы екі жол түсінікті, қазақ әні жұрт назарын жи­нау үшін «Әуелетіп ән салсаң» деп Әсет айтқандай, биік бастайды. Соңғы екі жолды оқысаң керімсал әнші әуенін қоңырлатып, мамырлатып аяқтайды. Абай айтқан тыңдаушы әнге осы жерден араласса керек. Онда да сөзбен емес, «оймен араласады». Оймен ара­ласу үнсіз араласу. 

Қай жерден? Қай сөзге? Бұл жерде сөзге емес, әуен­ге араласасың. Онда да «Керім толғап тауысар» сәт­тен кірісесің. 

Әншінің ән бастағанда қатты айғайға басып, жұрт­ты қаратып алған асқақ дауысын ұстайсың. Оны ұста­ған­да да ол толқып, толғап, қоңырлап, мамырлап үз­ді­гіп, үзіліп бара жатқан тұстан ұстайсың. 

«Ұстайсың» деппін-ау. Иә, ұстайсың. Әншінің дауы­сы жылқының қылындай нәзіктеніп, домбы­ра­сының үні соңғы басқан пернеге буылып, булығып, ты­нып бара жатқан тұстан ұстайсың. Ол қолға ұстал­май­ды ғой, жүрекпен, санамен ұстайсың. Абай айт­қан­дай, «ойыңмен араласасың». Сен «араласқан» жер­ден «қоңыр, күңгір» әуен сенің санаңда жаңғырып, бойыңа жайылып, тамырыңа тарап, оның ритімі жүрек лүпіліңе түсіп орныға бастайды.

Көңілдің күйі тағы да 

Өмірсіз жанның алды ішін. 

Аударды өлең жағына,

Нәпсінің сынған қайғысын. 

Сурет пе? Сурет. Онда да жан дүниенің ішкі суреті. Терең писихологиялық картина. Біз оны бірден оқып өте шығамыз. Бірақ сәлден соң қайта қайырыламыз. Жұмекен не деді?

«Сондықтан жырда Абай шындық ашты бір ұлы:

Қаламдардың сырылы,

қанжарлардың шыңылы

араласты тасқын боп азап табы, мұң үні –

Уақыт туды осылай өлеңдерді ұлы-ұлы», – дегенде Жұмекен осындай өлеңдерді меңзеген.

Абай осы өлеңдегі сөйлемнің негізін Лермонтовтан ал­ған. Бірақ сурет әдеттегідей өзінікі. 

Алдыңғы шумақта біз «сол жеріне ойыңмен ара­лас­шы» деген жолды талдап ек қой. Мұнда да сол сияқ­ты. Қолданылған бұлыңғыр ұғымдарды қараңыз:

1-Көңілдің күйі.

2-өмірсіз жан.

3-өмірсіз жанның іші. 

4-өлең (өлең жаққа)

5- нәпсінің қайғысы.

6- сынған қайғысы

Бұл ұғымдар қазақ өлеңінде қазірде қолданылып жүрген жоқ.

Сонымен енді картинаны сипаттайық. Картина деппіз-ау. Видео картина шығар. Жоқ видео да бұны көрсете алмайды. Тек Абайдың өзі айтқандай, «ойың­мен араласшы» дейміз. 

Иә, картинаны таратайық дедік қой. Бұл өзі әбден торыққан, жан дүниесінде сау тамтық, бүтін ештеме қал­маған адамның көңіл күйінің бір сәті. 

Алғашқы екі жолда жаны тірі бірақ «өмірсіз» – то­рыққан жанның ішкі түйсігін «көңілдің күйі» кернейді. Соңғы екі жолда оның нәсісінің «қайғысын», онда да, «сын­ған қайғысын өлеңге аударды» (қайғының да бүті­ні мен сынығы болып тұр). Енді осы суретті көз ал­дыңызға елестетіңіз. Мұндай суретті еш бояу, еш ды­быс сызып көрсете алмайды. Тек өлең ғана, тіл ғана бей­нелей алады. Онда да ол Жұмекен айтқандай «Абай жаз­ған өлең» болса, Абайдың суреткер тілі болса.

Жұмекеннің «Күйді ұқпаған кісілер сөзді ұға ма, өзің айтшы, домбыра?!» дейтіні бар. Көркем сөзді тү­сіну дегеніңіз күйді түйсінуден қиындау болғаны ғой. «Қа­зақтың сөз танымас бір парасы» деп Абай да айт­қанын білерсіз. 

Ахмет Байтұрсынұлы да бұдан 115 жыл бұрын жазған «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласында Абай өлеңдерін түсінбей жатқа оқитындарды көргенін айтып, мынадай тұжырым жасайды: «Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр тиетіні рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік». Ахаңша болғанда бәріміз де «оқушымыз». «Оқырман» сөзі кейін пайда болды. 

Абай «Сәулең болса санаңда» деген өлеңінде «Единица жақсысы сенген елі өңшең нөл. Единица нөлсіз-ақ бір өзіндік болар ол» дейді. 

Біз де Абайға арнаған бір өлеңімізді: 

«Единица жақсысы сенген елі өңшең нөл…»

Қарсы алдына Абайдың.

Нөл болуға көнсең кел» деп аяқтаппыз.

«Жаңалықтан жалтақтап,

Суық сезсе шекеміз,

Күпісіне Абайдың әлі сүңгіп кетеміз», – дейді тағы да Жұмекен.

Абай өлеңдері әр кезеңде жазылғанына қарай әр қилы тәсілмен туады. Бізге қызығы: «Тілге жеңіл, жү­рек­ке жылы тиіп, айналасы теп-тегіс жұмыр келген», «Алыстан сермеп, жүректен тербеп, шымырлап бойға жайылатын» Абай өлеңдерінің оқуға жеңіл, ойға ауырлығы. Айтар ойының ауырлығы. Тереңдігі, Ала­таудай биіктігі, кеңдігі, нәзіктігі, жаңалығы, тыңдығы, тосындығы.

Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ,

ақын, жұмекентанушы