Халықтың үдере көшіп, ауылдардың қаңырап қалуының себебі көп. Жуырда Мәжіліс депутаттары ауылда дәріхана жоғын, бюджеттен субсидия тоқтағалы бұрынғы жылжымалы дәріханалар жұмыс істемейтін болғанын мәлімдеді. Ауылдардың босауына оны жайлаған жұмыссыздық, ұрлық-қарлық, мектептің жаппай жабылуының, интернет пен цифрландырудың сол бойы жетпеуінің, басқа да проблеманың сұрапыл ықпалы бар.
«Қазақстанның өңірлері» статистикалық жинағындағы дерекке сілтеме жасаған экономика ғылымдарының кандидаты Жібек Омарханованың айтуынша, осыдан он жыл бұрын, 2015 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда 7 093 ауылдық елді мекен (АЕМ) болыпты. Бұл 2009 жылғыдан 567 ауылға аз. Демек, 2009 жылы республикада ауыл саны 7 660 болған. Ғалымның түсіндіруінше, АЕМ-дер санының қысқаруы сол кезде жаңа қабылданған «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы» заңына сәйкес жүргізілді.
Есіңізде болса, ол кезде үкіметтер ауылдарды «келешегі бар» және «келешегі жоқ» деп бөліп тастады. Мұнда барлық өлшемшарт-критерийлер бойынша 70 және одан жоғары жиынтықты балл жинаған ауылдық елді мекендер ғана «даму әлеуеті жоғары» санатына кірді.
– Ауылдық елді мекендер санының ең көп қысқаруы Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Алматы облысында тіркелді. 2015 жылға дейін жабылған барлық АЕМ-нің 60,3%-ы немесе 342-сі солардың еншісіне түсті. Үкімет 2009-2014 жылдары елдегі барлық ауылдық елді мекендерді топтастырып, жіктеп шықты. Сол классификация бойынша, 2014 жылы АЕМ-дердің небәрі 35%-ы немесе 2 470-і ғана даму әлеуеті жоғары топқа кіре алды. Басым көпшілігі – 63,3%-ы немесе 4 493-і даму әлеуеті орташа деп танылды. Салыстырар болсақ, 2009 жылы осы орташа ауылдар саны бұдан 21% көп еді: үлесі 73,9%-ға немесе 5 664 АЕМ-ге жететін, – дейді экономист-ғалым.
Масқара болғанда, үкіметтік «ревизорлар» 2009 жылғы тексеріс барысында 158 ауылда, ал 2014 жылы 27 ауылда бірде-бір тұрғынды таба алмапты. Яғни, қағазда ауыл тұр, тиісті қаржы да бөлініп келген, шынында онда бірде-бір жан тұрмайтын болып шыққан. Мұның бәрін сол кездегі үкіметтерді басқарғандардың біліксіздігіне, солақай саясатына жатқыза салуға болар еді. Алайда халқы ауа көшіп, адыра қалған ауыл саны содан бері көбеймесе, тіпті де азаймады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда 6 179 ауылдық елді мекен болыпты. 2025 жылғы 1 шілдеде содан 6 124-і қалды (оның ішінде 2 159-ы – ауылдық округтер). Тиісінше, небәрі 8 айда 55 ауыл жойылды. Мұндай қарқынмен 73 жылдан кейін, ғасыр соңында Қазақстанда бірде-бір ауыл қалмауы мүмкін. Қалай болғанда, 2015 жылдан – 969, ал 2009 жылдан бері 1 536 ауыл ел картасынан түпкілікті жоғалды.
Сарапшылардың пайымдауынша, ауылдардың жабылуына ең алдымен олардың «интернеттендірілмеуі» ықпал етеді. Биыл тұтас Жолдауын ЖИ мен цифрландыруға арнаған Президент Қ.Тоқаев та қазіргі заманда осы технологияларды игерген кейбір елдер теңдессіз табысқа жетіп, кейбір мемлекеттер керісінше, экономикалық дамуда артта қалып жатқанын мәлімдеді. Қазақстан ше?
– Халқымыздың 7 миллионы ауылда тұрып жатыр. Бүгінде интернетсіз және цифрландырусыз күнің жоқ. Алайда 6,1 мың ауылдың тек 2 045-і 4G-мен қамтылған. Бұл – бар-жоғы 33%! Тағы 45%-ы немесе 2 813-і жылдамдығы мимырт, көп нәрсеге жарамайтын әрі сапасыз 3G-ге күні қараған. Үкімет статистикада тіпті әбден көнерген 2G-ді есепке алады! 1 049 ауылда мүлдем интернет жоқ. Кеңжолақты ғаламторды қосуға мүмкіндік беретін оптикалық-талшықты байланыс желісі әлі күнге 3 610 ауылға (58,4%-ы) тартылмаған, – дейді сенатор Сәкен Арубаев.
Ол Президенттің бастамасымен әзірленген, 2023-2027 жылдарға арналған «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасына бюджеттен небәрі 1,5 млрд теңге бөлінгенін еске салды. Сенатордың дерегінше, 2025-2027 жылдары инвестициялық жобалар аясында 3 039 елді мекен мен 5 650 мемлекеттік мекемені жоғары жылдамдықты интернетпен қамту жоспарланыпты. Алайда оған тиісті қаржы сол күйі бөлінбеген.
Сенатор С.Арубаевтың пікірінше, енді интернетсіз өмірді елестету қиын. Онсыз Қазақстанның өзге өңірлерімен және әлеммен араласа алмайсың, жаңа білім мен ақпараттан құр қаласың. Жұмыс та, ойын-сауық та, элек-тронды сауда-саттық та сонда.
– Интернеттің жоқтығы не жылдамдығының нашарлығы ауыл оқушысының цифрлық білім платформаларына, онлайн-курстарға, олимпиадаларға қолы жетпей, қалалық құрбы-құрдастарынан қатты кенжелеп қалуына соқтырды. Денсаулық сақтауда ауыл дәрігері «Дамумед» және өзге ақпараттық жүйелерге қосылмаған. Қандай симптом, ауру кезінде қандай ем тағайындау керегін хаттамадан қарай алмайды. Сырқаттың диагнозын, емделу тарихын, бұрын тағайындалған дәрі-дәрмегін білмейді. Ауыл адамы бизнес-кәсібін тіркетіп, жүргізу, E-Salyq-та салық төлеу, eGov-тан мемлекеттік қызметтер алу, депозит ашу, электронды анықтамалар алу және басқасының бәрінен жұрдай, – деді сенатор.
Содан интернетке қосылмаған ауылда отырып, ХХІ ғасырдың бүкіл игілігінен шет қалғанын түсінген тұрғындар ірі ауылға не қалаға көшіп кетіп жатыр. Мұның сыртында ауылдарда өндіріс орындарының ашылмауы, жұмыстың жоқтығы да депрессивті ауылдың шектен тыс көбеюіне себепкер. Соның салдарынан, сарапшылардың ескертуінше, Қазақстанда жыл өткен сайын өңірлік диспропорция өршіп барады, көші-қон күш алған жағдайда, әсіресе Ресеймен және Қытаймен шекаралас аудандар босап қалуда.
Мәжіліс депутаттары «бос жатқан жердің жау шақыратынын» қаперге салып, талай депутаттық сауал жолдады. Оларға Үкіметтен келген жауаптарды қарағанымызда, бәрінің бірдей екенін, сырғытпа сөзге толтырылғанын байқадық. Үкімет басшысы мен орынбасарлары мұндай жанайқай дабылдарға жайбарақат жауап беріп, «Ауыл аманаты» сияқты бағдарламалар мен ұлттық жобалардың жүзеге асырылғанына, ауыл тұрғындарына өз ісін ашуы үшін арзандатылған кредит берілетініне, ауылға қоныс аударатын мамандарға қолдау көрсетілетініне екпін түсіреді де, ары қарайғы беттерді статистикамен толтырады. Ұлтқа қауіпті үрейлі құбылысты тоқтатар жаңа идеялар, тың жобалар, тегеурінді қимыл-қарым жоқтың қасы.
Сарапшылар мен депутаттар, біріншіден, ауылдар, әсіресе шекара маңы аймақтары бос қалмауы үшін қала қалыптастыратын ірі зауыт-кәсіпорындарды сол жақта салуға ынталандыруды ұсынады. Осы мақсатта онда арнайы экономикалық аймақтар ашып, салықтан босату қажет. Екіншіден, қалада тұратын Қазақстан азаматтарын ауылға еліктіру үшін алыс ауылдардағы жерлерді – «тегін гектар» түрінде таратуға болады.
Үшіншіден, жаңа ауылдардың ашылуы әкім рейтингіне енгізілуі керек. Бұл KPI бірінші деңгейде облыстардың әкімдері үшін бекітілуі, одан әрі өңірдің функционалдық бағыты мен даму басымдықтарын ескере отырып, осы көрсеткіштерді төмен тұрған деңгейге декомпозиялау жүргізілуі қажет. Егер қандай да бір әкім бұрын жабылып тынған ауылдың қайта түлеуіне немесе айталық, қиянда бос жатқан шалғайдағы жайылымдардың (отгонные пастбища) игерілуі арқасында жаңа елді мекеннің пайда болуына қол жеткізсе, оған сыйақы берген, орден-медальмен марапаттаған артық болмас.
Төртіншіден, дамыған елдер үлгісінде Қазақстанға халықты қоныстандыру мен орналастыру бойынша жеке стратегиялық бағдарлама қажет. Онда тегін баспанаға, шұрайлы да өнімді жерлерге, қаржылық ресурстарға, құрылыс материалдарына, біліктілікті арттыру мүмкіндіктеріне еркін қол жеткізу және басқасы қамтылғаны абзал.
Бағдарлама аясында сондай-ақ шаруашылық қызметке қолайлы орта түзу үшін халықтың нақты бір аймақтарда немесе елді мекендерде шоғырлануына қозғау салынғаны (стимул) жөн. Мысалы, АҚШ-та Аляска және басқа да бірнеше шекаралық штатқа көшіп барған адамдар мен кәсіпкерлер салмақты салықтық жеңілдіктерге ие болады, мемлекеттен қомақты қаржылай әрі тегін көмектер алады. Салыстырсақ, Қазақстанда ол көмек бюджеттік кредит түрінде ғана беріледі және несие мөлшерлемесі 100 есеге, бұрынғы 0,01%-дан 2025 жылғы қыркүйекте 1%-ға дейін қымбаттады.
Бесіншіден, Президенттің өзі Қазақстан халқына бағыттаған Жолдауын тұтас цифрландыруға арнап отырса, онда Қазақстан да тұтасымен интернетпен қамтылғаны жөн. Осыған орай жуырда бір топ сенатор Үкімет басшысына жүгініп, одан ведомствоаралық комиссия құруды және әрбір ауылдағы байланыс сапасы мен интернеттің қолжетімділігіне аудит жүргізуді сұраған еді. Бұл құжат жүзінде ғана ғаламторға қосылған ауылдарды анықтауға және проблема ауқымын нақты айқындауға мүмкіндік береді.
Алайда Үкімет басшысы өз жауабында жеке ВАК болмайтынын хабарлады. Оның айтуынша, «ақ дақтарды» әшкерелеу, ұялы байланыс сапасы мен интернеттің қолжетімділігін тексеру үшін мүдделі мемлекеттік органдар мен байланыс операторлары онсыз да бірлесе қимылдайды.
– Мемлекеттік радиожиілік қызметіне – бекітілген тұрақты шығу жоспар-кестесіне сәйкес, байланыс сапасын бақылауды ұйымдастыру және жүргізу өкілеттігі берілген. 2025 жылға жабын сапасын тексеру және проблемалық аймақтарды анықтау үшін аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендер бойынша 385 шығу жоспарланған. Көшпелі іс-шаралардың қорытындысында 2025 жылғы І тоқсанда – 5 «ақ дақ», ІІ тоқсанда – 46-сы анықталды. Сапасының төмендігі және проблемалық аймақтарының болуы анықталса, оны жою жөнінде нақты шара қабылдау үшін ұялы байланыс операторлары хабардар етіледі, – деді Премьер-министр Олжас Бектенов.
Ұлттық статистика бюросы 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша елдегі 20,4 млн халықтың тең жартысы немесе 10 млн 101,2 мыңы тек қана оңтүстікте шоғырланғанына, бұл процесс ары қарай үдегеніне назар аудартты.
Сөйтіп, қалған 8 миллиондай ғана адам елдің қалған орталық, солтүстік, шығыс пен батыс өңірлерінде бытырай, тарыдай шашыла орналасқаны айқындалады. Қазақстан территориясының оңтүстігі мен орталығынан басқасының халқы сиреп, «жалаңаштануы» шынымен де ұлттық қауіпсіздікке қатер болса керек. Бірақ бұл сын-тегеурінді Үкіметтің қалай еңсеретіні түсініксіз, проблеманы жоюға бағытталған сұрапыл тиімді әрі пәрменді қимылы байқалмайды. Ұлт жанашырларын шырылдатып жүргені де осы болса керек.
Айхан ШӘРІП