Елдің рухани тұтастығын паш ететін ерекше шаралар легі көрерменге ерекше көңіл күй сыйлап, ұлы ақынның шығармаларын насихаттап отыр. Соның бірі – Семей қаласындағы Абай алаңында мерейтой аясында өткен «Абай елі – өнер кеніші» атты аудан өнерпаздарының облыстық концерті.
Мерекелік шара Абай елі ретінде танылған өңірдің мәдени-рухани әлеуетін паш етіп, аудандық деңгейдегі талантты өнерпаздарға өз өнерін кең ауқымда танытуға мүмкіндік берді. Облыстың әр түкпірінен жиналған өнер ұжымдары ұлттық мәдениеттің үздік үлгілерін сахнаға шығарып, көрерменді рухани бай мұрамен сусындатты.
Концертте дәстүрлі ән мен күй, терме мен би, театрландырылған көріністер мен заманауи өнер туындылары орындалып, көрермен назарына жергілікті мәдениеттің байлығы мен алуан түрлілігі ұсынылды. Шара – өнердің сабақтастығын, халық шығармашылығының өміршеңдігін айқындаған мазмұнды кеш болды.
Кеш барысында Көкпекті, Жарма, Үржар, Бесқарағай, Аягөз, Ақсуат және жаңа Семей аудандарынан келген өнерпаздар ән шырқады. Олар сахнада бірлік пен татулықтың көрінісін көрсетіп, көрерменге көтеріңкі күй сыйлады. Шараға Абай облысының 10 ауданынан 150-ге жуық өнерпаз сахнада өнер көрсетті. Олар ән айтып, би билеп, күмбірлеген күйлерін тартты. Айта кетерлігі, маусым айында өткен облыстық көркемөнерпаздар байқауында жүлдегер атанған үздік ұжымдар осы кештің сәнін кіргізді. Бірінші орынды жеңіп алған Абай ауданының өнерпаздары, сондай-ақ Аягөз бен Үржар аудандарының ұжымдары өздерінің ең жарқын нөмірлерін сахнада қайта жаңғыртты.
«Бұл концерт жарқын мәдени оқиға ғана емес, сонымен қатар халық өнерін қолдау жолындағы маңызды қадам болды. Дәл осындай шаралар арқылы жаңа есімдер ашылып, ұрпақтар арасындағы сабақтастық нығайып, рухани құндылықтар жалғасады деп сенеміз», – деп атап өтті Абай облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының өкілдері.
Көптің ықыласына бөленген концерт ел ішіндегі өнер иелеріне қолдау көрсетіп, өңірлік мәдениетті дамытуға серпін берген маңызды мәдени оқиға ретінде есте қалды.
«Абай елі – өнер кеніші» атты аудан өнерпаздарының концертімен қорытындыланды. Қала қонақтары мен тұрғындары ерекше кештің куәсі болып, бір серпіліп қайтты.
С. БЕГІМБАЙ