in

Әлеуметтік жобаның жақсылығы мол

Бұл бастама ауыл азаматтарының өз қолымен туған жерін көркейтуіне, қоғам игілігі үшін еңбек етуіне мүмкіндік беріп отыр.

Бүгінде аталған жоба аясында Атырау облысына қарасты көп­теген ауылдарда демалыс орын­дары, балалар мен спорт алаңдары, мә­дени нысандар бой көтеріп, ауыл тұр­ғындарының өмір сапасын арт­тыру­ға үлес қосып келеді.

Жылыой ауданы Қосшағыл ауы­лы­ның тумасы Арайлым Мейірхан «Ша­пағат» аллеясы жобасын жүзеге асы­рып, туған ауылына ерекше көрік сый­лады. 

– Осыдан 7-8 жыл бұрын әкеміз әкім­діктен жер алып, ағаш егуді бас­та­ған еді. Өзі тал отырғызып, өзі үй­ден су тасып, қолынан келгенінше бақ­ты күтіп-баптап келді. Әкеміз сол бақ­ты үлкен саябаққа айналдыруды ар­мандайтын еді. Әлеуметтік жоба туралы естіген соң, жолдасым екеуміз өті­ніш беріп, іске кірістік. Саябаққа қор­шау салып, брусчатка төседік, орын­дықтар мен әткеншектер, урна­лар орнаттық. Осылайша, әлеуметтік жобаның арқасында әкеміздің ұлы ар­манын орындадық. Әрі ауылымыз үшін үлкен демалыс орнын сыйға тарт­тық, – дейді Арайлым.

450 шаршы метр аумақты алып жат­қан аллеяға жоба аясында 305 шар­шы метр брусчатка төселіп, 30-ға жуық ағаш отырғызылған. «Осы­лай­ша, «Шапағат» аллеясы бүгінде ауыл тұр­ғындарының сүйікті демалыс ор­нына айналып отыр. «Әкеңнен мал қал­ғанша, тал қалсын» деген дана­лық­тың маңызын ұққандаймыз», – дей­ді Арайлым Мейірхан. 

Ал ақкиізтоғайлық Мұхтар Шо­лан өз ауылындағы балаларға қауіпсіз әрі заманауи ойын алаңын салып бер­­ді. 

– Бұрынғы ойын алаңы сапасыз са­лынған, балалар үшін қауіпті еді. Әлеуметтік жоба арқылы 3,5 млн тең­ге бөлініп, жаңа алаң салдық. Газон тө­селіп, орындықтар мен урналар ор­натылды. Бұл жер қазір ауыл тұр­ғын­дарының бас қосатын мәдени де­малыс орталығына айналды, – дей­ді ол.

Биыл Мұхтар Шолан жаңа баста­ма­ны қолға алып, «Толағай» атты вор­каут алаңын да салды. 185 шаршы метр аумаққа 11 түрлі спорт жабдығы орнатылды. 

– Ауыл үшін бір нәрсе жасасаң, өзің рахаттанасың. Атасы салып қал­дыр­ған алаң деген сөздің өзі – үлкен мәртебе. Шындығында, Qogamdyq Ken­istikter жобасы – нағыз халықтық бастама. Себебі қаржыны да, жаңа жо­баны нөлден бастап жүзеге асы­ру­ды да халық өзі атқарады. Бұл – ауыл тұғындарының өмірін жақсы бағытқа бұрып жатқан жоба, – дейді ол.

Жылыой ауданына қарасты Қосшағыл ауылында Ғаб­дол Ға­лымжан бастаған ынталы топ та игі іс атқарып, «Мұнайлы» футбол-во­лей­бол алаңын салды. 

– Біздің аймақта балалар ойнай­тын алаң жоқ еді. Әлеуметтік жоба ту­ра­лы естіп, қатысуға өтініш бердік. Жо­­баны жүзеге асыру үшін 8,5 млн тең­ге бөлінді. 240 шаршы метр ау­мақ­та 18 жасқа дейінгі балаларға арналған спорт алаңы салынып жатыр. Ауыл­дың он шақты жігіті бірігіп, өз күші­міз­бен істеп жатырмыз, – дейді.

Қараша айының соңында алаң то­лық пайдалануға берілді. Бұл алаң ауыл жастарының спортпен айна­лысуы­на үлкен мүмкіндік сыйлап отыр. 

Осы ауданның Майкөмген ауы­лын­да Нұрлыбек Ермекбайұлы баста­ған жастар сахна салып, ауылдың мә­дени өміріне тың серпін берді. 

– Сахна көктемгі және жазғы ме­­ре­келерді өткізу үшін қажет бол­ды. Ауыл әкімдігі мен тұрғындар қол­дап, ор­тақ күшпен керемет нә­ти­же алдық. Қа­зір сахнаны Май­көм­ген мәдениет үйі күтіп ұстап отыр, – деді азамат.

Бұл сахна ауыл тұрғындары бас қосып, түрлі мәдени іс-шара­лар өткізетін басты орынға айналған.

Qogamdyq Kenistikter жобасы ауыл тұрғындарының белсенділігін арт­тырып қана қоймай, олардың әлеу­меттік өмірін байыта түсті. Шы­ны керек, мұндай жобалар адамдарды біріктіріп, оларды ортақ іске жұмы­лу­ға баулып отыр. Ауыл тұрғындары бос уақытын тиімді өткізіп, балалар мен жастарға қауіпсіз, пайдалы орта қалыптасуда.

Бұрын бос жатқан аумақтар, осы­лайша әлеуметтік жоба аясында бү­гін­де демалыс, ойын және спорт алаңы­на айналып, ауылдың келбетін көркейтіп қана қоймай, адамдардың өмір сапасының жақсаруына ықпал етті.

Жоба тұрғындарға тек саябақ салу­ды емес, қаражатты тиімді пайда­лануды да үйретеді. Жобаға қатысу­шы­лар өз бюджеттерін өздері жос­пар­лап, әр теңгенің қайда жұмсалатынын шешеді. Қай жерде үнемдеуге бола­ты­нын, қай жерде сапаға көңіл бөлу ке­рек екенін бірге талқылайды. Мы­са­лы, кей ауылдарда тұрғындар қор­шауды өздері орнатып, үнемделген қар­жыға қосымша орындықтар немесе жарық шамдарын орнатқан. Жо­баның тағы бір табысы – тек идеямен емес, оның артындағы фа­силитаторлар мен коор­ди­на­тор­лар­дың еңбегімен де байланысты. 

– «Теңізшевройл» компаниясы, Ор­талық Азияның Еуразия қоры, тіп­ті жергілікті әкімдіктер тұр­ғын­дар­ға дайын шешім бермейді. Керісінше, олар бағыт көрсетіп, сенім ұялатып, адамдардың өз қабілетіне сенуіне жағдай жасайды. Координаторлар тұр­ғындарға «Сен өз ауылыңды өз­гер­те аласың» деген сенім береді. Ал тұр­ғындар өз күшінің нәтижесін кө­ріп, қоғамдағы рөлін сезіне бастайды. Бұл жобаның басты жеңісі де – осы, – дейді жоба қатысушысы, ақкиіз­то­ғай­лық Мұхтар Шолан. 

Qogamdyq Kenistikter әлеуметтік жо­басы ауыл азаматтарының бел­сен­ділігін оятып, туған жерге деген сүйіс­пеншілігін нақты іспен дә­лелдеуге та­ма­ша мүмкіндік беріп отыр.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы