in

Ұлттық ұлан командирлерінің қызметін енді цифрлық жүйе бағалайды

ҚР ІІМ Ұлттық ұланында әскери бөлім командирлерінің қызметін автоматты түрде бағалайтын жаңа цифрлық жүйе енгізілді. Платформа қызметтік-жауынгерлік іс-әрекеттің негізгі көрсеткіштерін жинақтап, талдап, объективті рейтинг қалыптастырады,  –  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Енді бөлімдердің қызметіне қатысты барлық ақпарат бірыңғай жүйеде өңделеді. Бұл нақты уақыт режимінде қай бағыттарда жоғары нәтижелер сақталып отырғанын және қай салаларда қосымша назар мен басқарушылық шешімдер қажет екенін жедел анықтауға мүмкіндік береді.

Платформа Ұлттық ұланның ақпараттық порталында орналастырылған және бағалаудың төрт негізгі бағытын қамтиды: қызметтік-жауынгерлік және жауынгерлік дайындық, тәрбие жұмысы, техникалық және тылдық қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды қорғау деңгейі.

Жүйені енгізудің маңызды нәтижелерінің бірі – қағазбастылықтың азаюы. Бұрын көрсеткіштер әртүрлі көздерден жиналып, қолмен өңдеуді және нақтылауды талап етсе, бүгінде барлық мәліметтер бірыңғай ақпараттық кеңістікте шоғырландырылған.

Цифрлық платформа деректерді автоматты түрде өңдеп, талдау жүргізеді және қорытынды нәтижені рейтинг түрінде ұсынады. Бұл уақытты үнемдеуге әрі командирлердің назарын бөлімшелерді тиімді басқаруға аударуға мүмкіндік береді.

Әрбір командир порталдағы жеке кабинетінде өз бөлімінің қызметінің барлық негізгі бағыттары бойынша көрсеткіштерін қадағалай алады. Өз кезегінде құқықтық тәртіп әскерінің басшылық құрамы әскери бөлімдердің жай-күйі туралы объективті ақпаратқа қол жеткізіп, олардың жұмысын жетілдіру жөнінде жедел шешімдер қабылдай алады.

«Басшының рейтингтік платформасы» –  Ұлттық ұландағы цифрлық трансформацияның жалғасы. Бұл жүйе басқару үдерістерінің ашықтығын арттырып, әскери тәртіпті нығайтады және әскерлерді басқарудың тиімділігі мен жеделдігін жаңа деңгейге көтереді.

Айта кету керек, цифрлық технологиялар бүгінде басқару сапасын арттырудың және елдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды құралдарының біріне айналып отыр.