Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында көрнекті математик, академик Асқар Жұмаділдаевтың 70 жылдық мерейтойына орай физика және математика пәндерінің жас мұғалімдері арасында өткен қалалық олимпиаданың жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті , – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ғылымның болашағы мектеп қабырғасынан басталады. Осы идеяны арқау еткен мерекелік іс-шара жас педагогтердің кәсіби шеберлігін дәріптеуге, олардың зияткерлік әлеуетін қолдауға және қоғамдағы ұстаз мәртебесін арттыруға бағытталды.
Олимпиадаға Алматы қаласындағы 75-тен астам мектептен 115 жас мұғалім қатысып, олардың 45-і жүлделі орындарға ие болды.
Байқаудың ең басты жаңалығы – екі Гран-при иегерінің әрқайсысына Changan автокөлігінің берілуі. Математика пәнінен ең жоғары нәтиже көрсеткен №208 мектеп-гимназияның мұғалімі Еркегүл Шынарбек 38 ұпай жинап, қарсыластарынан айқын басым түсті. Ал физика пәнінен №126 мамандандырылған лицейдің мұғалімі Айсана Советхан 16,5 ұпаймен үздік атанды. Осылайша, екі жас педагогтің кәсіби жетістігі жоғары бағаланып, олардың еңбегі айрықша құрметке ие болды.
Олимпиада қорытындысы бойынша Гран-приден бөлек, бес мұғалім І орын, 12 педагог ІІ орын, 26 қатысушы ІІІ орын иеленді. Бұл нәтижелер қала мектептерінде жоғары кәсіби әлеуетке ие жас педагогтер буыны қалыптасып келе жатқанын көрсетті.
Салтанатты жиында ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев жас ұрпақты ғылымға баулуда ұстаздардың рөлі ерекше екенін атап өтті. «Бұл бағыттағы жұмыстың негізі мектеп қабырғасынан қаланатыны сөзсіз. Сондықтан өскелең ұрпақтың ғылымға қызығушылығын оятып, дарынды шәкірттерді тәрбиелеп жүрген ұстаздардың еңбегі айрықша құрметке лайық», – деді Академия президенті. Ол жастарды ғылымға тарту, ғылыми кадрлар даярлау және олардың кәсіби әлеуетін арттыру Академия қызметінің негізгі басымдықтарының бірі екенін жеткізді. Осы тұрғыдан алғанда, үздік жас ұстаздардың Ұлттық ғылым академиясының шаңырағында ұлықталуы ғылым мен білім сабақтастығының маңызын айқындай түсті.
Академия басшысы өз сөзінде Ұлттық ғылым академиясының жас ғылыми кадрларды даярлау және еліміздің зияткерлік әлеуетін нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстарына тоқталды. Атап айтқанда, Академия жанынан жас зерттеушілердің ғылыми-технологиялық саясатты қалыптастыруға қатысуына мүмкіндік беретін Жас ғалымдар кеңесі, сондай-ақ оқушыларды ерте жастан ғылыми ізденіске баулуға бағытталған Жас зерттеушілер академиясы (Кіші академия) құрылғанын атап өтті. Аталған құрылымдардың қатысуымен жас ғалымдардың форумдары мен конгрестері, ғылыми-инновациялық жобалар көрмелері және дарынды жастарды қолдауға арналған байқаулар ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар 12–13 қарашада ҚР Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, еліміз бен шетелден 1000-нан астам жас ғалымның басын қосатын ІІІ Халықаралық жас ғалымдар конгресі өтетінін хабарлады. Бұл бастамалар ғылымдағы ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етуге, жас таланттардың әлеуетін ашуға және Қазақстанның ғылыми кадрлық резервін нығайтуға бағытталған.
Іс-шараның академик Асқар Жұмаділдаевтың 70 жылдық мерейтойымен сабақтасуының символдық мәні зор. Қазақ математика ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан ғалымның өмір жолы мен ғылыми ұстанымы – білімге адалдықтың, терең ойлаудың және үздіксіз ізденістің жарқын үлгісі.
«Қазақтың байлығы жердің астында емес, жердің үстінде. Балалардың басында», – деген академик Асқар Жұмаділдаевтың тағылымды сөзі бүгінгі іс-шараның негізгі идеясын айқындай түседі. Өйткені елдің зияткерлік әлеуеті ең алдымен сапалы біліммен, ал білім сапасы білікті ұстазбен тікелей байланысты.
Байқау Алматы қаласының Білім басқармасы, қалалық Әдістемелік орталық, Қазақстан математика мұғалімдері қауымдастығы және бас демеуші – Beta High School-дың бірлескен ұйымдастыруымен өтті. Бұл бастама жас педагогтердің кәсіби жетістіктерін бағалау мен ұстаз мәртебесін арттыруда мемлекеттік құрылымдар мен білім беру саласындағы серіктестердің өзара ықпалдастығының нәтижелі үлгісін көрсетті. Әсіресе, екі Гран-при иегеріне автокөліктердің табысталуы педагог еңбегін бағалауға тың серпін берген айрықша марапат болды.
Аталған олимпиада жас педагогтердің кәсіби әлеуетін анықтап қана қоймай, олардың тәжірибе алмасуына, пәндік құзыреттілігін жетілдіруіне және білім беру саласында жаңа кәсіби белестерге ұмтылуына мүмкіндік береді.
Бүгінгі жас ұстазға көрсетілген құрмет – ертеңгі ғалымға, жаңашыл ұрпаққа және Қазақстанның зияткерлік болашағына жасалған инвестиция.