Заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларын түсіндіріп берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оның айтуынша, Конституциялық сот Мемлекет басшысының жолдаған сауалдары бойынша нормативтік қаулы қабылдаған.
– Президенттің сауалының мәні 1995 жылғы Конституцияға сәйкес ерекше конституциялық тәртіппен тағайындалатын және сайланатын мемлекеттік лауазымдарға қатысты болды. Атап айтқанда, 2026 жылғы Конституцияның өтпелі ережелерінде осы лауазымдарды одан әрі атқару тәртібіне қатысты арнайы құқықтық реттеу көзделмегендіктен, Конституция нормаларын ресми түсіндіру қажеттігі туындады.
Конституция – мемлекеттің Негізгі заңы ғана емес, сонымен бірге мемлекет пен қоғам арасындағы қоғамдық келісімнің құқықтық негізі. Ол мемлекеттік биліктің ұйымдастырылу қағидаттарын, мемлекеттік органдар жүйесін, олардың өкілеттіктерін, сондай-ақ жоғары мемлекеттік лауазымдарды қалыптастырудың конституциялық тәртібін айқындайды, – деді заңгер.
Үнзила Шапақтың айтуынша, жаңа Конституцияның қабылдануы мемлекеттік-құқықтық қатынастардың жаңа конституциялық модель негізінде жүзеге асырылатынын білдіреді.
– Бұл қағида мемлекеттік басқару жүйесіне, конституциялық институттардың қызметіне және ерекше конституциялық тәртіппен қалыптастырылатын мемлекеттік лауазымдарға да толық көлемде қолданылады. Егер Конституцияның өзінде өзгеше көзделмесе, мемлекеттік билік органдары мен лауазымды тұлғалардың қызметі жаңа Конституцияның талаптарына сәйкес ұйымдастырылуға тиіс.
Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін Конституциялық сот Конституцияның нормаларына ресми түсіндірме беру арқылы құқықтық айқындықты қамтамасыз етеді және конституциялық нормалардың біркелкі қолданылуына ықпал етеді. Осыған байланысты Конституциялық сот Президенттің сауалы бойынша жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін ерекше конституциялық тәртіппен тағайындалатын (Конституциялық сот төрағасы, соттар, Жоғарғы сот төрағасы, Бас прокурор) және сайланатын лауазымдар жаңа конституциялық рәсімдерге сәйкес қалыптастырылуға тиіс деген құқықтық ұстанымын білдірді, – дейді ол.
Сонымен қатар заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ егер Конституцияның өтпелі ережелерінде өзгеше белгіленбесе, мұндай лауазымдарға тұлғалар жаңа Конституцияда көзделген тәртіппен және заңда белгіленген рәсімдерді сақтай отырып қайта тағайындалады немесе сайланатынын жеткізді.
– Президент сайлауы кезінде түпкілікті шешімді халық қабылдайды. Басқаша айтқанда, Мемлекет басшысына сайлауға қатысу мүмкіндігі берілген күннің өзінде, елді басқару тізгінін кімге сеніп тапсыру жөніндегі түпкілікті таңдау Қазақстан халқының еркімен айқындалады.
Демек, Президент лауазымына кімнің сайланатынын сайлаушылардың еркін білдіретін жалпыға бірдей дауыс беру нәтижесі анықтайды. Нормативтік қаулы Конституция нормаларын тікелей түсіндіру негізінде қабылданды және жаңа конституциялық модельге көшу кезеңінде мемлекеттік билік институттарының қызметінде құқықтық сабақтастық пен құқықтық айқындықты қамтамасыз етуге бағытталған, – деді Үнзила Шапақ.
Еске сала кетейік, бүгін Қазақстан Республикасының Конституциялық соты 2026 жылғы Конституциядағы жоғары мемлекеттік лауазымдарға сайлану және тағайындалу тәртібіне қатысты ресми түсіндірме берді.