in

Қауіпсіздік қалқаны

Өйткені «Заң және тәртіп» қағидасының өзі бір­інші кезекте халықтың алаңсыз әрі тыныш тіршілік етуін қамтамасыз етуге бағытталған. Заманауи үлгіде толықтай жабдықталған бейнебақылау камералары елдің қай аймағында болмасын елді мекендердегі түрлі құқықбұзушылық пен қылмысты дер кезінде анықтап, бұзақыларды заңға сәйкес жауапкершілікке тартуға мүмкіндік берген. Осы орайда Ақмола облысындағы Жедел басқару орталығы да тәртіп пен тұрақтылық тірегіне айналды десек қателеспейміз… 

Ақмола облысы – еліміздің геостра­тегиялық тұрғыдан аса маңызды өңір­лерінің бірі. Мұнда ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті сақтау – мемле­кеттіліктің берік іргетасына айналғанын атап өткен жөн. Қазір бұл міндетті абыр­оймен атқарып отырған полиция мен бас­қа да құқықтық құрылымдардың ал­дыңғы шебінде – жедел басқару орталығы тұр.

Күн демей, түн демей тынымсыз жұ­мыс істейтін бұл орталық – тек полиция­ның емес, тұтас қоғамның тыныштығын қамтамасыз ететін сенімді қалқан десек артық айтқандық болмас. Құқықбұзу­шылықтың алдын алып, болған жағдайға жедел әрекет ету – орталықтың негізгі мақсаты. Оның қызметі бүгінде адам саудасы мен тұрмыстық зорлық-зомбы­лық, сыбайлас жемқорлық пен діни экстре­мизм, нашақорлық пен есірткі бизнесі сияқты қауіпті құбылыстармен күресте шешуші рөл атқарып келеді.

Қоғамдық тәртіптің тірегі

Ақмола облысының орталығы – Көкшетау қаласында орналасқан жедел басқару орталығы – заманауи техноло­гиямен жабдықталған, қызметін еш үз­дік­сіз жалғастыратын ерекше мекеме. Қала­дағы қоғамдық тәртіп пен құқықтық ахуал тәулік бойы онлайн режимде бақы­лауға алынған. Мұнда «102» жедел желі­сіне келіп түскен әрбір қоңырау қатаң тіркеліп, тиісті бөлімге бағытталады. Қоң­ыраудың дыбыстық жазбасы жүргізі­ліп, аға инспектор оқиға сипатына қарай полицияның жедел топтарын шұғыл түр­де оқиға орнына жіберуі әдетке айнал­ған.

Бейнебақылау инспекторы Самат Ахметовтың айтуынша, бір тәуліктің өзінде 300-ге жуық қоңырау келіп түседі. Бұл – тұрғындардың полицияға деген сенімінің нығайғанының айқын көрсет­кіші. 

– Полиция қызметі – үнемі дайын­дықты, шапшаңдықты, жауапкершілікті талап ететін аса күрделі міндет. Әр күн – жаңа жағдай, жаңа сынаққа толы болады. Сондықтан мұнда қызмет ететін әрбір тәр­тіп сақшылары өзіне жүктелетін зор жауапкершілікті сезініп әрқашан сал­қын­қанды, әрі үлкен қырағылықпен қызмет етеді, – дейді Самат Ахметов.

Технология мен сенімнің үндестігі

Полицияның ұсынған мәліметтеріне сенсек, бүгінде қала аумағында 300-ге жуық стационарлық және қозғалмалы бейнебақылау камералары орнатылған. Олар тек көше қиылыстарын ғана емес, адам көп жиналатын алаң мен әлеуметтік маңызы бар нысандарды да толық қам­тиды. Бұл – қоғамдық тәртіпке төнетін қауіп­тің алдын алуға және құқық бұзушы­ларды жедел анықтауға мүмкіндік береді.

Тәртіп сақшыларының есептеріне сәйкес, жаз мезгілінде велосипед ұрлығы, қоғамдық орында жасалатын ұсақ құқық­бұзушылықтар көбейетіні байқалады. Мұндай жағдайларда бейнебақылау жүйесі оқиға орнын нақты анықтап, кін­ә­лі­лерді анықтауда аса маңызды әлі бұлтартпас дәлелге айналған.

Полицияның мәліметінше, соңғы жылдары жаңа технологиялық жабдық­тауға баса мән берілуі салаға тың серпін беріп, тәртіп сақшыларының қауіпсіздікті қамтамасыз етуіне мол мүмкіндік беріпті. Мәселен, биыл енгізілген Target Eye ин­тел­лектуалды жүйесі – бейнебақылау мүмкіндіктерін жаңа деңгейге көтерген. Жүйе адамның бет-әлпетін 99 пайыз дәлдікпен тануға қабілетті. Әсіресе, сауда ойын-сауық орталықтарында, теміржол вокзалдары мен автобус бекеттерінде бұл – қауіптің алдын алуға арналған басты құралға айналғанын атап өткен жөн.

Қылмыспен күрес – үйлесімді әрекет

Жедел басқару орталығының бағыттау инспекторы Ержан Әлібековтың айту­ынша, орталықтың тағы бір өте ма­ңы­зды функциясы – автопатруль қозға­лы­сын нақты GPS арқылы бақылау. 

– Әр автопатрульдің өз аумағы бар. Біз олардың қай жерде екенін, қанша уақыт бойы оқиға орнында жұмыс істе­генін нақты бақылап көріп отырамыз. Бұл – кезекші топтың тиімділігін арттыр­ып, оқиға орнында нақты әрі жедел әре­кет етуге жол ашады, – дейді поли­ция инспекторы Ержан Әлібеков.

Сонымен қатар орталық медицина мекемелерімен, төтенше жағдайлар қыз­метімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Бұл – оқыс оқиғалар кезінде кешенді түрде әрекет етуге, адам өмірін сақтап қалуға, төтенше жағдайдың ауқымын шектеуге көмектеседі.

Жедел басқару орталығының жұмы­сын­дағы ең күрделі міндеттердің бірі – күн сайын келіп түсетін ақпарат ағынын тиімді саралап, оны тиісті құрылымдарға шұғыл жеткізу. Бұл – тек техникалық қана емес, кәсіби дағды мен адами фак­торға байланысты процесс.

Мұндағы мамандардың бір сәтке де босаңсуға хақы жоқ. Себебі олардың жұмыс нәтижесі – тұтас қоғамның тын­ыштығы мен тұрақтылығының кепілі. Ел ішінде ұлттық қауіпсіздікке төнетін кез келген қатердің алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл халықтың ортақ міндеті десек те қате­леспейміз.

Ақмола облысындағы Жедел басқару орталығының қызметі – ұлттық қауіп­сіздікті қамтамасыз етудің жарқын үлгі­сіне айналған. Бұл орталық – терроризм мен діни экстремизмге, есірткі бизнесіне, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адам саудасына қарсы күресте сенімді серік екені даусыз. Қоғамдық тәртіптің бұзы­луы­на жол бермеу арқылы тәртіп сақ­шылары азаматтардың еркін өмір сүруі­не, қорғансыз жандардың құқығын қорғауға, балалар мен әйелдердің қауіпсіздігіне нақты кепіл бола алады.

Осы орайда мемлекет тарапынан құқық қорғау саласына көрсетіліп отыр­ған қолдау – техникалық жарақ­тан­дырудан бастап, кадрлық әлеуетті арт­тыруға дейінгі кешенді жұмыстардың зор нәтижеге жетуіне себепкер болғанын атап өткен жөн. Ал жедел басқару орта­лығы  – осы қолдаудың нақты жемісін көрсететін, тәуелсіз еліміздің тыныш­тығын күзеткен кәсіби құрылым.

 

P.S. 

Тәртіп пен тұрақтылық – дамыған мемлекеттің басты шарттарының бірі. Ақмола облысындағы Жедел басқару орталығының жұмысын саралай отырып, біз жалпы Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде ілгерілеуіне зор үлес қосып отырғанын байқаймыз. Сондықтан бұл – тек өңірлік емес, ұлттық маңызы бар стратегиялық құрылым. Қоғамдық қауіпсіздік пен ұлттық бірлікті сақтау жолында осындай орталықтардың рөлі күн санап артып келеді. Олардың әр күні – ел азаматтары үшін бейбіт таң мен тыныш түн…

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы