Кездесу барысында Президент Германияның жоғары басшылығымен бір күн бұрын Берлинде жүргізілген келіссөздер табысты әрі нәтижелі сипатта өрбігенін атап өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті Баварияның сан қырлы қазақ-герман қарым-қатынасын нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын айтты.
– Бавария Қазақстанмен сауда-саттықты жандандыру және байланыстарды дамытуда айрықша рөл атқарады. Германия – еліміздің маңызды серіктесі, Еуропадағы және одан тысқары жерлердегі стратегиялық әріптесі саналады. Өйткені еліңіздің ықпалы мен рөлі, жетістіктері Еуропа аумағынан да алысқа таралған. Біз бұған сенімдіміз. Германия – экономикасы жағынан әлемдегі үшінші ел, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әңгімелесу барысында парламентаралық ықпалдастық мәселелері қозғалып, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту перспективасы талқыланды.
Ильзе Айгнер сапар бағдарламасының тығыздығына қарамастан Бавария Ландтагына келуге уақыт тапқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.
Ландтаг Төрағасының айтуынша, Бавария Қазақстанмен сауда-экономикалық, көлік және инвестициялық байланыстарды нығайту мүмкіндіктерін мұқият зерделейді.
Президент пен Ландтаг Төрағасы кездесу соңында Қазақстан мен Бавария арасындағы мазмұнды диалогты кеңейтуге мүдделі екенін растады.