in

Қайтқан жерде қайыр бар ма?

Әрине, мемлекетке қанша гек­тар жер қайтарылғанын білу маңызды. Бірақ ауылдағы жұрт үшін сол жердің пайдасын көру одан да маңыздырақ. Мал жаятын өріс кеңейді ме, егін егемін деген шаруаға жер тиді ме? Түптеп кел­генде, жұртты қызықтыратыны – осы. Сондықтан қайтарылған алқаптың көлемімен бірге, оның кімге берілгеніне, қалай пайда­ла­нылып жатқанына және топы­ра­ғының жағдайына да қарау керек.

Ауыл шаруашылығы минис­тр­лігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Те­міржановтың сөзінше, бүгінде пайдаланылмай жатқан немесе заңсыз берілген жерді қайтарумен бірге, оны қайта бөлу, жерін иге­ріп отырған шаруалардың құқы­ғын қорғау және топырақтың жағ­дайын бақылау жұмыстары жүр­гізіліп жатыр.

Биылғы нәтиже, расында, жос­пардан жоғары. Жыл басынан бері мемлекетке пайдаланылмаған немесе заң талаптарын бұза оты­рып берілген 1,2 млн гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылған. Жылдық меже 1 млн гектар еді. Яғни жоспар 200 мың гектарға, басқаша айтқанда, 20 пайызға асыра орындалды. Дегенмен ме­жеге жеттік деп бақылау тоқтаған жоқ: жерді пайдалану талапта­рының сақталуын тексеру жалға­сып жатыр.

Биыл аумақтық бөлімшелер мыңнан аса жоспардан тыс тек­серу жүргізіп, 1 млн гектардан ас­там жердің пайдаланылуын қа­раған. Нәтижесінде, жер пай­­да­ла­ну­шыларға заңбұзушы­лық­тарды жою жөнінде 715 нұсқама берілген. Олар қамтитын аумақ – 884 мың гектар. Ал тағы 211 мың гектарды мәжбүрлеп алып қоюға қатысты істер әзірге сотта қара­лып жатыр.

Мұның бәрін мемлекетке қай­тарылған жер деп есептеуге бол­майды. Нұсқама алған жер пай­даланушы анықталған кемшілікті түзетуге тиіс. Ал сотқа жеткен жер телімдерін алып қою мәселесі бойынша шешім әлі шыққан жоқ. Яғни тексерілген, заңбұзушылық анықталған және мемлекетке қай­тарылған жердің әрқайсысы – бөлек көрсеткіш.

Ауылдың өрісі кеңейе түспек

Жалпы, ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жұмысы 2022 жылы басталған. Министрлік мә­ліметінше, содан бері мемлекет меншігіне 15,5 млн гектар өткен. Аз аумақ емес. Енді осы жердің қаншасы қайта игеріліп, ауылдағы жұрттың қажетіне жарап жатыр? 

«Мәселе жерді мемлекетке қайтарумен ғана шектелмейді. Негізгі мақсат – қайтарылған жер­лерді одан әрі тиімді пайда­лану, олардан нақты нәтиже алу және ең алдымен ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қажеттілігін қам­тамасыз ету», – деп атап өтті Мұрат Теміржанов.

Ал қайтарылған жерлер кімге беріліп жатыр? Биылғы 1 қыр­кү­йектегі мәлімет бойынша, бұрын мемлекетке өткен ауыл шаруа­шылығы алқаптарының 13,5 млн гектары қайта бөлінген. Соның 5,5 млн гектары ауыл тұрғын­­­­дарының мал жаюына ортақ пай­да­лануға берілді. Қалған 8 млн гек­тарды ауыл шаруашылығы өн­ді­­рушілері конкурс арқылы алған.

Расымен де, жайылымның көбейгені – ауылдағы ағайын үшін жақсы жаңалық. Дегенмен оның елді мекеннен қаншалықты алыс жатқаны, мал айдап баруға қолайлылығы, шөбінің шығымы да маңызды. Қағаз жүзінде жер жеткілікті болғанымен, ауылдан шалғай немесе оты жұтаң өріс мал ұстаған жұрттың қажетін өтей қоймасы анық.

Өңірлер бұл мәселені әртүрлі жолмен шешіп жатыр. Бір жерде жайылым тұрғындардың пайда­лануына бекітілсе, енді бірінде оны пайдалану құқығы беріледі. Елді мекеннің шекарасын ке­ңей­ту, жерді резервке қою тәсілдері де қолданылып келеді. Бұған қо­са, кө­лемі 10 мыңнан 50 мың гек­тарға дейінгі ірі алқаптарды иге­руге де басымдық берілмек. Билік мұндай жерлерді шаруашылық айналы­мына қосу арқылы өнді­ріс­ті ұл­ғайтып, ауылда тұрақты жұ­мыс орын­дарын ашуды көздейді. 

Жер бөлудің жаңа жолы

Бұдан былай жерді қайта бө­лу­дің тәртібі де өзгермек. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ауыл шаруашылығы аумақтарын беру конкурстарын толық электронды форматқа көшіру жоспарланған. Жаңартылған жүйе іске қосыл­ғанға дейін Ақмола және Жетісу облыстарында сынақтан өтеді.

– Электронды конкурстар өткізуа дам факторының ықпа­лын жоюға және жер комиссия­ларының жұмысынан бас тартуға мүмкіндік береді. Жаңартылған цифрлық жүйені техникалық сы­нақтан өткізу және оның мүмкін­діктерін бағалау нормалар ресми күшіне енгенге дейін Ақмола және Жетісу облыс­тарындағы пилоттық жоба аясында жүргізіледі, – деді Мұрат Теміржанов.

Енді мемлекеттік жер алуға ниетті шаруа конкурсқа элек­тронды жүйе арқылы қатысады. Мұндағы мақсат, әрине, түсінікті: жер бөлуді ашық өткізіп, адам ықпалын азайту. Дегенмен бәрі жүйенің қалай жұмыс істейтініне байланысты. Сондықтан сынақ барысында оның қолайлылығы тексеріліп, кем-кетігі болса, то­лық іске қосылғанға дейін түзе­тілуі керек.

Жерді қайтарудың да ескере­тін тұсы бар. Өйткені алқапты бос қалдырған адам мен оған қаржы құйып, шаруасын жүргізіп отыр­ған азаматқа бірдей қарауға бол­майды. Осы мәселе бойынша ар­найы жұмыс тобы құрылып, әдіс­­темелік ұсынымдар әзірлен­ген.

Онда шаруаның жерді пай­далану міндеттерін адал атқарып жүргенін қандай өлшемдермен бағалау керектігі, мемлекеттік органдардың бірлесіп жұмыс істеу мерзімдері және жер пайдалану құқығын ұзарту тәртібі көрсетіл­ген. Яғни шешім қабылдағанда шаруаның еңбегі де, жерге салған қаражаты да ескерілуге тиіс. Ендігі мәселе – осы талаптардың іс жүзінде қалай орындалатынында.

Тозған алқап күтімге зәру

Жерді қайтарып, қайта бөліп жатырмыз. Ал оның топырағы қандай күйде? Шын мәнінде, алқаптың кімге тиесілі болғаны қаншалықты маңызды болса, құнарын сақтау да соншалықты қажет. Биыл 7 млн гектарда то­пырақ зерттеліп, 7,5 млн гектар­дың өсімдік жамылғысына гео­ботаникалық зерттеу жүргізілген. Бұған қоса, 4 млн гектар агро­химиялық зерттеумен қамтылған. Ал 53,5 млн гектар жер цифрлық тәсілмен бағаланған.

Әрине, бұл сандардың бәрін қосып, осынша жер толық зерт­телді деуге келмейді. Өйткені әр зерт­теудің мақсаты мен әдісі бө­лек, қамтыған аумақтары да қа­бат­тасуы мүмкін. Мәселен, цифр­лық бағалау жүргізілген жердің бәрінен топырақ үлгісі алынды деген сөз емес. Сондықтан қанша гектар қамтылғанымен қатар, қандай мәлімет алынғанына да қараған жөн.

Зерттеу барысында қалпына келтіруді қажет ететін 2,7 млн гектар тозған жер анықталған. Демек, жердің бос жат­пағаны көңілді жұбатуға жет­кіліксіз. Егін егіліп, мал жа­йылып жүрген алқап­т­ың да құнары кеми беруі мүмкін. Түп­теп келгенде, жерді иге­ру­дің нәтижесін одан алынған өнім­мен бір­ге, топырақ­тың қан­ша­­лық­ты сақ­талға­нына қарап баға­лау керек.

Осы тұста биылғы шіл­деде күшіне енген «Топырақты қорғау туралы» заңның орны бөлек. Заң жердің жағдайын бақылауға, то­зу­дың алдын алуға және топы­рақ­ты қалпына келті­руге құқықтық негіз береді. Ми­нистрлік бұл жұ­мысты жер ре­сурстарын басқа­ру­дың бірыңғай цифрлық жүйесімен ұштастыруды көздеп отыр.

Дегенмен тозған жерді анық­тап, есепке алумен іс бітпейтіні түсінікті. Енді сол 2,7 млн гектар­да қандай жұмыс атқарылады? Зерттеу қорытындысы жерді қай­та бөлгенде ескеріле ме? Жи­нал­ған мәліметтің пайдасы, сайып келгенде, осы шешімдерден көрі­нуі тиіс. Әйтпесе, топырақтың тозғанын біліп отырып, оны қалпына келтіруді кейінге ысыра берсек, жерді қайтарғанымызбен, құнарын жоғалтып алуымыз мүмкін.

Ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке беру мәселесінде де өзгеріс әзірленіп жатыр. Қолда­ныс­тағы мораторий 2026 жылы аяқ­талады. Билік оны 2031 жыл­дың соңына дейін ұзартуды көз­дейтін түзетулер дайындаған. Алайда заң­намалық рәсімдер аяқтал­майынша, мораторий ұзар­тылды деп айтуға болмайды.

Осы жағдайда шаруалардың мемлекеттік ауыл шаруашылығы аумақтарына қол жеткізуінің негізгі тетігі жер пайдалану құқы­ғы болып қала береді. Ал 2027 жылдан жоспарланған элек­трон­ды конкурстар осы құқықты беру тәртібін өзгертпек.

Қазақстандағы жер реформа­сының келесі нәтижесі қайтарыл­ған гектар санынан кеңірек болуға тиіс. Халыққа берілген жайылым­ның қолайлылығы, жаңа алқап­тағы өндіріс, ауылда ашылған тұрақты жұмыс және тозған то­пырақтың қалпына келуі – ел күтетін өзгерістер осылар.

Кәмила ДҮЙСЕН