in

Қазақстан мен Қытай Таразда су саласы мамандарының біліктілігін арттырып, қайта даярлайтын бірлескен оқу орталығын ашты

Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен Қытайдың «Үш шатқал» электр энергетикасы кәсіптік колледжі арасындағы меморандум аясында Тараз қаласында ҚазСШҒЗИ базасында бірлескен Оқу орталығы құрылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оқыту гидротехникалық нысандар салу, су ресурстарын басқару, цифрландыру және интеллектуалды басқару жүйелерін енгізу бағыттарындағы Қытайдың тәжірибесіне негізделген заманауи әдістемелер бойынша жүргізіледі.

Сонымен қатар Оқу орталығында қазақстандық су шаруашылығы кәсіпорындарының қажеттіліктерін ескере отырып, мамандарды қайта даярлау жұмыстары ұйымдастырылып, оқытушылар мен сарапшыларды бірлесіп даярлау тетігін құру жоспарланып отыр.

«Меморандум аясында Қазақстан мен Қытайдың білім беру және ғылыми ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту көзделген. Атап айтқанда, оқытушылар мен мамандар алмасу, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, білім беру бағдарламаларын әзірлеу және өзара алмасу, сондай-ақ су шаруашылығы саласына инновациялық технологияларды енгізу бойынша бірлескен жұмыстар атқару жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Су ресурстары және ирригация министрлігі мен «Үш шатқал» колледжі Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті базасында бірлескен колледж құру мәселесін пысықтап жатыр», – деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ғылым және инновация департаментінің директоры Марат Иманалиев.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.