Ауыл шаруашылығы министрлігі сиыр еті бағасына қатысты бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында туындаған түсінбеушілікке байланысты мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ведомствоның мәліметінше, бір келі еттің өзіндік құны шамамен 2 800-3 100 теңге. 15% көтерме бағаны ескере отырып, бөлшек сауда бағасы келісіне 3 400-3 500 теңге болады.
«Соңғы уақытта ішкі нарықта сиыр еті бағасының өсуі байқалып, тұтынушылар арасында алаңдаушылық тудырып жатыр. Осыған байланысты ҚР АШМ ірі қара мал еті өндірісінің өзіндік құны мен баға қалыптастыру құрылымы жөнінде ағымдағы жағдайды түсіндіреді. 1 кг еттің орташа өзіндік құны шамамен 2 800–3 100 теңге. Көтерме бағасы 1 кг үшін 3 400–3 500 теңге аралығында өзгереді. Салыстырып қарасақ, көршілес елдерде сиыр етінің бөлшек бағасы әлдеқайда жоғары: Мәселен, Өзбекстан мен Тәжікстанда — 1 кг үшін 6 500 теңгеге дейін, Ресейде — 8 500 теңгеге дейін, Қытайда — 8 000 теңгеге дейін, Түрікменстанда — 9 000 теңгеге дейін, Түркияда — 13 000 теңгеге дейін бағаланады. Айта кету керек, ірі қара малдың бір тұтас етінің тірі салмағынан 50–60%-ы ғана ет ретінде шығады. Оның ішінде тек 15–20%-ы премиум санаттағы бөліктерге (қарын асты еті (филе), қабырға еті (рибай), жамбас еті (кострец) тиесілі, олардың бағасы жоғары болады», – делінген министрлік хабарламасында.
Орта деңгей шамамен 40–45%, төменгі деңгей — 25% шамасында. Сүйек, май және ет қалдықтары, яғни ет ретінде өткізуге жарамсыз бөлігі — 15–20%. Осылайша, бөлшек саудадағы сиыр еті бағасы тек өзіндік құнға ғана емес, сонымен қатар еттің санатына, тағамдық құндылығына, малдың семіздігіне және қайта өңдеу тәсіліне байланысты қалыптасады.
Майы аз ет бөліктері арзанырақ болса, жоғары мәрмәрлі ет пен жұмсақ құрылымы бар кесінділер жоғары сапаға жатады және олардың бағасы қымбат болады. Министрлік негізсіз бағаның өсуін тежеу үшін жүйелі шараларды жүзеге асыруды жалғастырып жатқанын мәлімдеді.
«Еттің келісіне 3 400–3 500 теңге – бұл сиыр етінің өндірушілердегі орташа көтерме бағасы. Елордадағы сауда нүктелерінде ет жеткізу, сақтау және басқа да объективті шығындар ескеріле отырып сатылады. Соның нәтижесінде Астанада бөлшек саудадағы баға келісіне 3 700–4 300 теңгеге дейін жетеді. Ал қабырға-жауырын бөлігі, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне енгізілгендіктен және бұл санатқа сауда үстемесі 15%-дан аспайтындықтан, келісіне 3 100–3 400 теңге бағамен сатылады. Өңірлерде еттің бөлшек саудадағы орташа бағасы келісіне 3 500–4 300 тең. Ал жоғары деңгейлі бөліктердің (сиыр филесі, қалың және жіңішке жиегі, белдің бір бөлігі) және басқа да бөліктердің (жамбас еті, іш майы және т.б.) бағасы мемлекет тарапынан реттелмейді, нарықтық жолмен қалыптасады», – деді министрліктен.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.