Қазақстанда бірнеше жыл қатарынан қарқынды өскен автонесие нарығы бәсеңдей бастады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында берілген автонесиелер көлемі 24% қысқарып, 886,6 млрд теңгені құрады.
Биыл алғашқы алты айда автонесие алуға берілген өтінімдер саны былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 9% азайды. Ал 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында өтінімдер саны 50%-дан астам өскен еді.
Мақұлданған өтінімдер саны да 13% төмендеп, 449,7 мыңға түсті. Автонесие бойынша мақұлдау үлесі бір жылда 17,6%-дан 16,8%-ға азайды.
Нарықтағы тағы бір маңызды өзгеріс – несие құнының қымбаттауы. Автонесиелер бойынша орташа мөлшерлеме 18,8%-дан 24,4%-ға дейін көтерілді. Соның салдарынан есептік ай сайынғы төлемнің орташа жалақыға қатынасы 24,7%-дан 30,6%-ға өсті.
ҚҚҚ сарапшылары нарықтың бәсеңдеуіне халықтың нақты табысының баяу өсуі, қатаң ақша-кредит саясаты, банктердің несие беру талаптарының күшеюі және автодилерлердің акциялары мен жеңілдетілген бағдарламаларының қысқаруы әсер еткенін атап өтті.
Сонымен қатар автонесие портфелінің өсу қарқыны да айтарлықтай баяулаған. Бірінші жартыжылдықта ол 5,2% өсті. Былтыр осы кезеңде өсім 23,2% болған. Қазір автонесиелер халықтың жалпы бөлшек қарызының 16,3%-ын құрайды.
Мерзімі өткен автонесиелердің үлесі 2,7%-дан 3%-ға өскенімен, жалпы бөлшек несие нарығындағы 4,4%-дық көрсеткіштен төмен қалып отыр.
Автонесиеге сұраныс азайғанымен, Қазақстандағы автомобиль өндірісі керісінше артты. Бірінші жартыжылдықта елде 138,7 мың автокөлік өндірілген. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 69,8 мың болған.
ҚҚҚ мәліметінше, банктер үшінші тоқсанда автонесиеге сұраныс қайта жанданады деп күтеді. Бұған автодилерлермен бірлескен бағдарламалардың қайта іске қосылуы және пайыздық мөлшерлемені субсидиялау шаралары ықпал етуі мүмкін.