Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры да XXXVI маусымын Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясымен ашты. Ұлттық театрдың жаңа маусымды дәл осы шығармамен бастауы кездейсоқ емес. Тағдыр. Махаббат. Дәстүр. Осы үштағанның арасында арпалысқан Қарагөздің трагедиясы – тек өткен ғасырдың еншісі емес, адамның ішкі еркі мен қоғамның жазылмаған заңдары бетпе-бет келгенде туатын терең адамзаттық драма.
«Қарагөз» – қазақ драматургиясының алтын қорының төрінде тұрған шығарма. Әуезов пьесасының өзегінде бір-бірін сүйген Қарагөз бен Сырымның тағдыры жатыр. Алайда олардың сезіміне тұтас ортаның қалыптасқан тәртібі қарсы тұрады. Қарагөздің тағдыры арқылы драматург жеке адамның бақыты мен қоғам алдындағы міндеттің, жүрек қалауы мен дәстүр талабынан туындайтын қайшылықтың аражігін ашады. Қарагөз бен Сырымның трагедиясы арқылы Әуезов белгілі бір дәуірдің әлеуметтік-психологиялық шындығын көрсетеді. Адамның ішкі еркіндігі мен оны қоршаған ортаның талабы қақтығысқанда, таңдау жасау қаншалық қиын екенін аңғартады.
Қойылымның режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Миргалиева жаңа маусымның дәстүрлі «Абаймен» емес, «Қарагөзбен» ашылуына шығарманың ұлттық театр табиғатына жақындығы себеп болғанын айтады. Шынында да, «Қарагөз» – сахнаға қайта-қайта оралуға сұранып тұратын шығармалардың бірі. Өйткені оның көтерген мәселелері белгілі бір тарихи кезеңмен шектелмейді. Ұлттық театрдың жаңа маусымды дәл осы шығармамен бастауының мәні де осында. Махаббат пен міндет, жеке адамның қалауы мен қоғамдық пікір, ата-ана жауапкершілігі мен ұрпақ тәрбиесі секілді мәселелер бүгінгі қоғам үшін де өзекті. Қойылымның жаңа нұсқасында осы мәңгілік сұрақтарға қазіргі көрерменнің көзімен қарауға ұмтылыс бар.
«Қарагөздің» трагедиясын түсіну үшін шығарманың астарындағы дәстүрлі қазақ қоғамының құрылымына үңілу маңызды. Бұл жерде отбасы, әулет, үлкеннің сөзі, ұрпақ сабақтастығы секілді құндылықтар жеке адамның өмірінен бөлек қаралмайды. Қарагөздің тағдыры – сол қоғамдық тәртіптің адам өміріне әсерін көрсететін көркем мысал. Әуезов кейіпкерлерін біржақты кінәлі немесе кінәсіз етіп көрсетпейді. Әрқайсысының өз шындығы бар. Бір жағында – жүрекке бағынған Сырым мен Қарагөз, екінші жағында – ғасырлар бойы қалыптасқан салт пен қоғам талабы. Бұл қойылым театр сахнасында бұған дейін де бірнеше рет қойылған. Шығармаға әр кезеңнің режиссерлері өз дәуірінің көзімен қарады. Сол арқылы пьесаның мазмұны ғана емес, қоғамның өзі де өзгеріп отыратыны байқалады. Жаңа қойылымда да негізгі драматургиялық арқау сақталғанымен, шығармашылық топ оны бүгінгі көрерменнің қабылдауына жақындатуға тырысқан. Кейіпкерлер арасындағы ішкі тартыс, үнсіздік, көзқарас пен қимылдың өзі спектакльдің эмоционалдық жүгін арттыра түседі. Өйткені «Қарагөзде» айтылмаған сөздің де салмағы бар.
Әрбір актер сахнада кейіпкерін сомдағанда ауыртпалық жүгін сезінеді. Ақмарал Танабаева үшін кейіпкерінің алжасу сәті мен ішкі жалғыздығын сахнада жеткізу ерекше эмоционалды салмақ түсірген. Ол Қарагөз тағдырының ауырлығына қарамастан, осындай күрделі бейнені өз уақытында сахнаға алып шыққанын өнердегі үлкен бағына балап отыр.
– Қарагөз көп актрисаның арманы ғой. Біздің театрда да біраз үлкендеріміз кезінде өз Қарагөздерін сахналаған. Жалпы көп нәрсе адамның ішкі болмысына, физикасына қарай бағытталады. Мендегі Қарагөздің өзім үшін кілті – қатты махаббатты сезінгісі келгені. Мамасының махаббатынан ерте айырылғаны, сағынышы. Сырыммен кішкентайынан қатар өсіп тіреу тапқаны. Ең танымал шығармалар, олар тату-тәтті өмір сүріп, тыныш қана өз тұрмысын жалғастырды деп аяқталмайды. Әуезов өзі бәрін бізге жазып бере салды ғой. Басқа кейіпкерлердің сөзінде де өз кейіпкеріңнің болмысын табасың. Сырымды сүю қаншалықты алып сезім болса, соншалықты ұят нәрсе. Сол қыл ортамен жүріп үзіліп кеткен кейіпкер ғой. Тағдыры қандай ауыр кейіпкер болса да, Қарагөзден өзіме жұбаныш таптым. Актриса ғұмыры қысқа келеді, сол кішкене мезетте осы кейіпкермен байланысқаныма, қанжығама уақытылы байланғанына қуанам.
Іштей ұзақ дайындалғаным – алжасу сахнасы. Бәрін түсініп тұрасың да, бірақ сол тұңғиыққа аттауға тартынасың. Біраз уақыт бұл сахнаны дайындық кезінде аттап кетіп отырдық. Неге адам іштей құлыпталып қалады деген ойды саралай келе, қаншалықты іші жалғызсырап қатты өксік адамды құса қылса, санада жалғыз көмек алжасу болып қала ма деп ойладым. Сырымның дауысын жоғалтып алғаны, ең маңызды дүниесінен айырылып қалғанын есіне түсіре алмауы, – дейді актриса.
Ақмарал Танабаева жаңа маусымның дәл осы «Қарагөзбен» басталуы үлкен жауапкершілік жүктеп, демалыстан кейін бірден асау ағысқа түскендей әсер қалдырғанын жеткізді. Ол сахнаға шыққанша жүректі дүрсілдеткен толқынысты жеңу әртіс өмірінің ажырамас бөлігі екенін айтып, көрерменмен қайта қауышқанына қуанышты.
Қаллеки театрының жаңа маусымындағы репертуарында классикалық шығармалармен қатар заманауи драматургия мен түрлі жанрдағы қойылымдар бар. Қыркүйек айында көрермен Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер», М.Әуезовтің «Абай», С.Тұрғынбекұлының «Шәмші», Ж.Әлікеннің «Жүрек сыры. Махаббатым сен…», Шекспирдің Romeo & Juliet синема-эпосы, Л.Толстойдың «Анна Каренина. Роман парақтары» хореодрамасы, Бертольт Брехттің «Шеңбері» және Э.Хушвақтовтың «Қызыл алма» лирикалық комедиясы сынды тағы бірқатар қойылымды көре алады.
Бүлдіршін көрермендер де назардан тыс қалмайды. Репертуарда «Ертегі түннің әуені», «Құмқала», «Бала мерген» секілді қойылымдар бар. Яғни жаңа маусымның негізгі бағыты – ұлттық классиканы сақтай отырып, қазіргі драматургия мен әртүрлі сахналық форманы қатар ұсыну. Қазан айында Рача Махатаевтың режиссерлігімен қойылған «Анна Каренина. Роман парақтары» хореодрамасы «ТеатрALL» халықаралық театр фестиваліне қатысады. Ал Гүлсина Миргалиеваның режиссерлігімен сахналанған Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» спектаклі Қарағандыда өтетін Әшірбек Сығай атындағы «Сын – шын болсын» республикалық фестиваліне шақырту алған.
Ал қараша айы театр үшін ерекше маңызды болмақ. Биыл өнер ордасының құрылғанына 35 жыл толады. Мерейтой аясында театрдың шығармашылық жолын саралайтын және бүгінгі тынысын танытатын бірқатар мәдени іс-шара өткізу жоспарланған.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ