Сол кезде экологиялық таза, қоршаған ортаға қауіпсіз саналған бұл такси қызметі халыққа жайлы әрі бағасы қалтаға қолайлы болады деп сендірді жауапты мамандар.
Сыр өңірінде «Экотакси» жобасын іске қосу бастамасы көтерілген күннен бастап оның тиімділігі төңірегінде түсіндірме жұмыстары кеңінен жүргізілді. Ел игілігіне пайдалануға негізделген автокөліктер Қызылорда қалалық автобус паркінің қажеттіліктеріне орай сатып алынғаны да айтылды. Бұл жоба бірінші кезекте қала тұрғындарына арзан бағада такси қызметін жолға қоюға негізделген еді.
Бастапқыда жоба аясында 1 млрд 100 млн теңгеге 100 дана электромобиль сатып алу жоспарланған. Соның аясында былтыр өңірге тиісті көліктердің алғашқы легі жеткізіліп, халық игілігіне ұсынылды.
«Қаламызда «Экотакси» қызметін жолға қою мақсатында 52 дана электрмен жүретін көлік жеткізілді. Алдағы уақытта оның санын 100-ге жеткіземіз. Бұл көліктер халыққа жайлы, қоршаған ортаға қауіпсіз болуымен ерекшеленеді. Сонымен қатар бұл қоғамдық көлік қызметін пайдаланатын халық үшін бағасы мен қызметі жағынан өте қолайлы болары сөзсіз», – деп мәлімдеген еді сол кезде өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директоры Абдуқадыр Маштаев.
Жарнамасы жер жарған игі бастама өткен жылы «Қала күні» мерекесі аясында тұсауын кесті. Шыны керек, бұл арзан такси қызметін асыға күткен халық үшін тосын жаңалық болды. Алайда жоба елдің сенімінен шықты ма?
Соңғы кездері Сыр халқының такси қызметіне айтылар сын-ескертпелері азаймай тұр. Тіпті, жыл бойына экотакси қызметін пайдаланып көрмегендер қарасы да қалың. Өйткені өзге такси компаниялары секілді қызылордалық жобаның арнайы платформасы болмауынан көп жағдайда халыққа қолжетімсіз болып қалды. Күні кешеге дейін таксиді «Яндекс» пен «Жұлдыз» қосымшалары арқылы шақыртуға мүмкіндік қарастырылғаны хабарланды. Алайда аталмыш платформалардан да экотакси қызметін пайдалану анау айтқандай оңай болмай шықты. Себебі аталмыш қосымшаларда экотакси шақыруға арналған арнайы батырма жоқ.
Сонымен қатар әу бастан экотакси халыққа тиімді бағада қызмет көрсететін болады деген уәде де құрғақ сөз болып шықты. Қала тұрғындары электромобильді такси құнының күнделікті таксилерден артық болмаса, кем еместігін алға тартады.
Бір жылға жуық уақыт ішінде көпшіліктің көкейкесті мәселесіне айналған электромобильді такси қызметінің бүгінгі ахуалы жайында бірден-бір жауапты мекеме «Қызылорда автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен сұрап көрдік.
«Қазіргі уақытта Қызылорда қаласы бойынша «Экотакси» қызметінде 100 электромобиль жұмыс жасайды. Бұл бірінші кезекте бәсекелестікке кері әсерін тигізбей, керісінше халыққа қызмет көрсету сапасын арттырып, қоғамдық көлік мәселесін шешуге оң әсерін тигізеді. Бүгінде аталмыш такси қызметін пайдалану үшін «Апару», «Яндекс» және «Жұлдыз TAXI» мобильді қосымшалары арқылы тапсырыс беруге болады. Жалпы, бұл бастама халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға, такси қызметтеріне тиімді бағаларды қалыптастыруға ықпал етеді. Жобаның басты мақсаты – «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында санитарлық тазарту ғана емес, экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған жаңа жобаларды жүзеге асыру. Яғни, бұл қоршаған ортаға теріс әсер етпейтін экологиялық таза, үнемді және жайлы көлік», – деп түсіндірді бұл жайында «Қызылорда автобус паркі» ЖШС баспасөз қызметі.
Негізінен, экотаксилер электр қуатымен жүретін көлік екені белгілі. Мамандар электромобильдер толық қуатталғанда 500 шақырымға жуық жол жүруге қауқарлы көрінеді. Дейтұрғанмен, кейбір такси жүргізушілері тарапынан электромобильді темір тұлпарды қуаттау ісінде де мәселелер жоқ еместігін айтып жүр. Яғни, қала аумағында орналасқан қуаттау көздерінің санын арттырса деген пікірде.
«Айта кету керек, экотакси электр қуатымен жұмыс істейді. Соған орай көлікті толық қуаттау шамамен 460 шақырымға жетеді. Нақты уақытта қуаттау құрылғылары Қызылорда қаласы бойынша 9 жерде орналасқан. Аса қажеттілік туындаған жағдайда қосымша қуаттау құрылғыларын көбейту мүмкіндігі көзделген», – деп хабарлады аталмыш мәселеге орай серіктестік тарапынан.
Құзырлы орындар тарапынан, электромобильді көліктер қала ішінде, әуежай, теміржол вокзалы, жаңа автовокзал аумағында халыққа қызмет көрсетіп жатқанын мәлімдеп отыр. Осы орайда серіктестік тарапынан айтып өткендей, жуырда іске қосылған «Апару» қосымшасының қызметіне де халықтың көңілі толар емес. Тұтынушылардың пікіріне сәйкес, бұл қосымша арқылы да алдыңғылар секілді экотаксиге тапсырыс беру мүмкіндігі аз. Соған сәйкес қосымша жұмысын әлі де жетілдіру қажет деп есептейді.
Қалай дегенде де, жергілікті жұртшылықтың электромобильді такси қызметіне қояр талабы таудай болып тұр. Ең бастысы, қазынадан бөлінген қыруар қаржыға іске қосылған бірегей жоба халыққа сапалы қызмет көрсетуге тиіс деп есептейді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы