Жетісу облысында ауыр дертке шалдыққан және бірнеше күрделі ота жасатқан баланы мүгедектігі бойынша төленетін жәрдемақыдан заңсыз айырған, деп хабарлайды Aikyn.kz. Бұл туралы Жетісу облыстық соты хабарлады.
Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты жергілікті тұрғынның “Жетісу облысы бойынша Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаменті” РММ-не қарсы медициналық-әлеуметтік сараптаманың ұлының мүгедектігін алып тастау туралы шешімін заңсыз деп тану және мемлекеттік органды жәрдемақы төлемін қайта есептеп, қалпына келтіруге міндеттеу туралы әкімшілік ісін қарады.
Іс материалдарына сәйкес, талапкердің ұлы туғанынан бері ішектің ауыр туа біткен ауруымен ауырады. Оған қоса, оған бірнеше күрделі ота жасалған. 2018 жылы балаға мүгедектік белгіленіп, кейін оның мерзімі 2021 жылдың сәуір айына дейін ұзартылған. Алайда 2021 жылғы 14 мамырда кезекті қайта куәландырудан соң №7 МӘС бөлімі балаға мүгедектік белгілемеу туралы шешім қабылдаған. Салдарынан мемлекеттік жәрдемақы төлемдері тоқтатылған.
Талапкер баланың денсаулығы жақсармағанын, әлі де денсаулығында ақау барын, үздіксіз күтім мен әлеуметтік қолдауды қажет ететінін алға тартты. 2024 жылы балаға қайтадан мүгедектік белгіленген, бұл отбасының пікірінше, 2021 жылғы МӘС шешімінің негізсіз болғанын растаған.
“Сот №7 МӘС бөлімінің 2021 жылғы 14 мамырдағы қорытындысын заңсыз деп танып, “Жетісу облысы бойынша Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаменті” РММ-не 2021 жылғы 14 мамыр мен 2024 жылғы 17 шілде аралығындағы кезең үшін мүгедектігі бар балаға арналған жәрдемақы төлемдерін қайта есептеп, қалпына келтіруді міндеттеді”, – делінген хабарламада.
Сот шешімі заңды күшіне енген.