in

Украина алғаш рет Pelican баллистикалық зымыранын қолданғанын мәлімдеді

Украина президенті Владимир Зеленский 20 қыркүйекке қараған түні Ресей аумағындағы нысандарға жасалған шабуыл кезінде украиналық Pelican баллистикалық зымыраны алғаш рет қолданылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Aikyn.kz UNIAN-ға сілтеме жасап.

Зеленскийдің айтуынша, Мәскеу мен Мәскеу облысындағы Ресейдің мұнай өнеркәсібіне қатысты маңызды кәсіпорындардың бірі және логистикалық нысан соққыға ұшыраған. Операцияға Украинаның бірнеше әскери және арнайы қызмет құрылымы қатысқан.

Шабуыл кезінде FP-1, RZ-100, MICH-2000, «Паляница», Vendetta, «Лютый», «Барс», «Фламинго», «Сичень» және Pelican секілді әртүрлі қару түрлері қолданылған. Pelican атауымен белгілі FP-7 баллистикалық зымыранының жауынгерлік жағдайда қолданылғаны ресми түрде алғаш рет расталып отыр.

UNIAN мәліметінше, шабуыл нысандарының қатарында Мәскеудің Капотня ауданындағы мұнай өңдеу зауыты мен «Софьино» логистикалық технопаркі болған. Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьев шабуыл салдарынан екі адамның қаза тапқанын хабарлады.

Сонымен қатар Ресей билігі Мәскеуге бағытталған жүздеген дрон туралы хабарлады. Мәскеу мэрі Сергей Собянин мұны Ресей астанасына жасалған ең ауқымды дрон шабуылы деп атады.