in

«Төрт сағат күттік»: Астанаға шұғыл қонған SCAT ұшағының жолаушылары шағымданды

Күні кеше Мәскеуден Алматыға бағыт алған SCAT әуе компаниясының ұшағы Астана әуежайына жоспардан тыс қонды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Осыдан кейін жолаушылар әуе компаниясының қызметіне наразылық білдіріп, бірнеше сағат бойы сусыз, тамақсыз әрі ақпаратсыз қалғандарын мәлімдеді.

Оқиға туралы жолаушылардың бірі Threads әлеуметтік желісінде жазған. Оның айтуынша, күтпеген жағдайдан ұшақтағы адамдар қатты қорыққан. Ал Астанаға қонғаннан кейін жолаушыларға не болғаны және сапардың қашан жалғасатыны түсіндірілмеген.

«Бүгін SCAT әуе компаниясының Мәскеу–Алматы бағыты бойынша ұшып келе жатқан ұшағы Астана әуежайына шұғыл қонды. Мұндай жағдайдың болғанын түсінемін. Ұшақтағы жолаушылардың бәрі де қатты қорықты. Бірақ SCAT, неге жолаушыларға тіпті су да ұсынбадыңыздар? Біз наразылық білдіріп, шу шығарғанға дейін қорыққан, абдырап қалған жолаушыларды сусыз, тамақсыз және ең бастысы, ешқандай ақпарат бермей, аяқтарынан тік тұрғызып қойдыңыздар», – деп жазды жолаушы.

Жолаушылардың сөзінше, олар әуе компаниясының алдағы әрекетін шамамен төрт сағат күткен. Кейбірі қызметкерлердің тамақтың қашан берілетінін және ұшақтың қай уақытта Алматыға аттанатынын түсіндіре алмағанына шағымданған.

SCAT әуе компаниясы ұшақтың Астанаға жоспардан тыс қонғанын растады. Компанияның мәліметінше, Мәскеу–Алматы бағытындағы DV 1008 рейсі кезінде борттық жүйенің ескерту индикаторы іске қосылған.

«Мәскеу–Алматы бағыты бойынша ұшу кезінде ұшақтың борттық жүйесінде ескерту индикаторы іске қосылды. Осыған байланысты экипаж Астана қаласындағы базалық әуежайға қону туралы шешім қабылдады. Ұшақ штаттық режимде қонды. Жолаушыларды Алматыға жеткізу үшін әуе компаниясы қосымша ұшақ бөлді. Оны күту кезінде жолаушыларға салқын сусындар ұсынылды», – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Әуе компаниясы жолаушыларға су берудің кешіккеніне де түсініктеме берген. SCAT өкілдерінің айтуынша, барлық жолаушыны ауызсумен қамтамасыз ету үшін оны әуежайға жеткізуді бөлек ұйымдастыру қажет болған. Осыған байланысты су таратуға уақыт кеткен. Компания қолайсыздық үшін кешірім сұрады.

Әуе компаниясының мәліметінше, жолаушылар сол күні қосымша ұшақпен Алматыға жеткізілген. Ал борттық жүйенің нақты қандай ақау туралы белгі бергені әзірге нақтыланбады.