in

Темір көлік – жанға серік

Жеті қазынаға балаған жылқыны ең алғаш қолға үйреткен де қазақтар деген тарихи дерек бар. Желдей жүйткіген жылқының орнын бүгінде автокөлік басты. 

Елімізде қанша көлік бар?

2023 жылы отандық авто­нарық­та рекорд тіркеліп, 200 мың­ға жуық жаңа автокөлік сатылса, олардың 70 пайызы Қазақ­станда өндірілген екен. Айта кетейік, елдегі көлік баға­сына қарамастан, көп қазақстан­дық былтыр автокөлік несиесіне оншалықты жүгінбеген екен. Freedom Finance Global сарапшы­лары автокөлік нарығын зерттеу мақсатында сауалнама жүргізген. Оған еліміздің барлық аймағынан 1 021 адам қатысқан. Көлік ие­лері­нің басым бөлігі (67,8 пайызы) көліктің толық құнын өтеп, бірден сатып алған. Ал 29,7 пайызы авто­көлік алу үшін несие рәсімдеген. Айта кетерлігі, азаматтарды несие алуға тек табысы емес, сатып алушының жасы да әсер еткен. Несие алған қазақстандықтардың басым бөлігі оны бастапқы жарнасыз (26,7 пайыз) рәсімдеген. Сауалнамаға қатысқандардың үштен бір бөлігінде бастапқы жарна мөлшері автокөлік құны­ның шамамен 20 пайызынан кем болған, ал әрбір оныншы сатып алушы бастапқы жарна төлеу кезінде автокөлік бағасының жартысынан көбін өтеген. Несие алушылардың басым бөлігі 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге автокөлік несиесін алған. Бір қызығы, бұл мерзімге автокөлік несиесін көбіне бала-шағалы отбасылар алғаны анықталды. 

Ұлттық статистика бюросы­ның мәліметінше, биылғы 1 шіл­дедегі жағдай бойынша Қазақ­стан­­да тіркелген автокөлік саны 5 506,9 мыңды құраса, оның ішін­де: 88 пайызы – жеңіл автомобиль­дер, 9,9 пайызы – жүк көліктері, 2,1 пайызы автобустар екен. «Жеңіл көліктердің шығарылған жылы бойынша 20 жылдан асқандардың үлесі – 44,4 пайыз, 10 жылдан 20 жылға дейінгілердің үлесі – 23,6 пайыз, 7–10 жыл болғандар – 12,6 пайыз, 3-7 жыл аралығындағылар – 13,2 пайыз және автокөлік құралдарының тек 6,2 пайызының шыққан жылы 3 жылдан аспай­ды», – делінген хабарламада. Шығарылған жылы 20 жылдан асқан жеңіл көліктердің ең көп саны Алматы облысында (325,2 мың), Алматы қаласында (189,7 мың), Жамбыл облысында (168,8 мың), Қарағанды облысында (162,9 мың) және Шығыс Қазақ­стан облысында (154 мың). Иә, соңғы бір жылда ескі көліктердің де саны өскен. Зауыттан шыққа­нына 20 жылдан асқан автомобиль саны 2 млн-нан асып жығылады. Ал 10 жылдан 20 жылға дейінгі темір тұлпарлар саны 1 млн-нан асады. 3 жыл жүрген көлік саны 305 мыңға жуық. Осы жылдың мау­сым айында 132,8 мың авто­көлік есепке қойылса, бұл көр­сеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26,3 пайызға кеміген екен. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша, елде 73 мыңға (72,8) жуық темір тұлпар шығарылған. Бұл был­тырғы сәйкес кезеңмен салыс­тырғанда 17,8 пайызға аз. Деген­мен сарапшылардың сөзіне сенсек, алдағы уақытта Қазақ­станда автокөлік өндірісі өседі. Бұл сұраныстың артуымен байла­нысты болмақ. Ал сұраныс артса, бағаның да бір орында тұрмай­тыны анық. Бұл – нарықтық экономика заңдылығы. 

Елімізде қытай көліктері өндірілмек

Өнеркәсіп және құрылыс ми­нистрі Қанат Шарлапаевтың айтуын­ша, шетелдік және отан­дық инвесторлар ел аумағында жаңа зауыттар салып жатыр. 

«Changan, Haval, Chery авто­мобильдерін шығаратын зауыт­тың құрылысы аяқталуға жақын. Бұл зауытта CKD әдісімен жылы­на 90 мың автокөлік шығарылады. Сонымен қатар құны 200 млн доллар болатын KIA автомобиль зауытының құрылысы жүргізіліп жатыр. Онда 150 млн доллардың Geely, Exeed, КAIYI жеңіл авто­мобильдерінің өндірісі пысық­талуда», – деді Шарлапаев. Қазір Қазақстанда автомобиль шығара­тын бірнеше зауыт салы­нып жатыр. Өндіріс орындары іске қосылған соң жаңа автокөлік­тер саны да өседі. Сол кезде басқа тетіктерді іске қосуға немесе жеңілдетілген автонесие бағдар­ламасын қайта жандандыруға тура келмек. 

Қытай автокөліктері Орталық Азияға Қазақстан арқылы жет­кізіле бастағанын да айта кеткені­міз жөн. Автокөліктер тиелген алғашқы жүк пойызы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының орталығы Үрімжіден жолға аттан­ды. Ол «Қорғас» және «Алтынкөл» шекара бекеттері арқылы өтіп, көліктерді Алматыға жеткізеді. Құрамға құны 27 миллион юань­нан асатын (шамамен 3,8 миллион доллар тұратын) 261 жеңіл авто­көлік тиелген. Жыл соңына дейін Қытайдан ОА елдеріне 15 мыңнан астам автокөлікті тасымалдау жоспарлануда. 2024 жылдың басы­нан бері Қорғас пен Алашаң­қай арқылы 83 781 көлік тасымал­данған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9 пайызға артық. Сарапшылар автомобиль жеткізілімдерінің өсуі Орталық Азия елдерінде қытай­лық автокөліктерге сұраныстың артуына байланысты екенін айтады.

Қытайдағы автокөлік өндірісінің қарқыны қатты

Қытай демекші, бүгінде аспанас­ты елі көлік өндірісімен әлемді жаулап келеді. Қазірдің өзінде елімізде іргеміздегі көршіміз шығарған көліктер көшеде көптеп кездеседі. 75 жыл ішінде ҚХР өзінің көлік саласын дамытуда үлкен серпіліс жасады. Ел жол инфрақұрылымын түбегейлі өзгертіп қана қоймай, жаңа пойыздар, кемелер мен машиналар жасады. Көлік желісі­нің ұзындығы 6 млн шақырымнан асатын Қытайда бүгінде 440 млн көлік бар, оның 345 млн-ы – жеңіл автомобильдер. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, көлік инфрақұрылымына салын­ған инвестициялардың күнделікті көлемі 10,7 млрд юаньды құраған. Бұл – Қытай үшін жаңа рекорд. Қытайда азаматтардың 90 пайызы қоғамдық көлікпен қамтамасыз етілген. Қоғамдық көлік желісі қала тұрғындарының 90 пайызына қызмет көрсетеді. Бұл – АҚШ, Аустралия және Африканың ірі қалаларына қарағанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Фуцзянь про­винциясының Фучжоу қаласында ол тіпті 99 пайызға жетеді. Атал­мыш нәтижелер 25 қыркүйекте Тұрақты даму үшін үлкен дерек­тердің халықаралық зерттеу орта­лығының (CBAS) баяндамасында жарияланды. Оның құрамына 1 миллионнан астам халқы бар қа­ла­лар кіреді, оның ішінде 337-сі – Қытайдағы шаһарлар. Салыс­тырмалы түрде қарасақ, Шығыс Азия мен Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш сәйкесінше 64 пайызы және 71 пайызға тең. Бұл ретте АҚШ қалаларының көпшілігінде қоғамдық көлікке ыңғайлы қол­жетімді тұрғындардың үлесі 20-40 пайызды ғана құрайды. Мәселен, Нью-Йоркте 38 пайыздан төмен. 

Сонымен қатар Қытайдың негізгі жаңа энергетикалық көлік (NEV) өндірушілері қыркүйек айында ай сайынғы жеткізу рекордтарын орнатты. Тіпті, мамыр айының соңында елде 9,92 млн электромобильді зарядтау стансасын орнатып, осылайша ҚХР әлемдегі ең ірі заряд желісін құрды. Ең ірі өндіруші BYD 419,5 мың көлік сатқан. Жылдық мәнде өсім 46 пайызға тең, ал айлық көрсеткіш бойынша бұл – жаңа рекорд. Li Auto қыркүйекте 53,7 мың жаңа көлік жеткізген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 49 пайызға артық. Nio 21,2 мың автомобиль шығарды немесе 2023 жылмен салыстырғанда тапсырысты 35 пайызға артық орындады деген сөз. Автокөлік саласындағы жаңа­дан келген Xiaomi болса, төртінші ай қатарынан 10 000-нан астам көлік жеткізілгенін хабарлады. Иә, Қытай нарығының жартысы­нан көбі – электромобиль мен гибрид. Қыркүйектің қорытын­дысы бойынша, жаңа энергиямен жүретін автомобиль (электрокар, гибрид, NEV) Қытай автонары­ғының 52 пайызын иеленген. Бұл типтегі машина саудасы ішкі нарықта жаңа деңгейге жетіп, экспорт көлемі де артып келеді. Қытай автоөндірісінде Chery, SAIC және Geely өнімдері экс­порт­қа ең көп шығады, ал нарық көшбасшысы BYD концерні болды. Қытайда қыркүйекте 1 176 000 дана NEV көлік өтті, бұған экспортқа шыққан машинаны қосқанда жалпы көрсеткіш 1 287 000 болады. Бір жылдағы өсім 42 пайыздан асты. Бір айда 511 мың гибрид иесін тапты, бұл былтырғы қыркүйекпен салыстырғанда 84 пайызға артық. Ал электромобиль саудасының өсімі 24 пайыз болды. Қытай маркалары өткен айда шетелге 22 мың дана PHEV жет­кіз­ді, бірақ бұл былтырғы нәтиже­ден 90 пайызға көп. 2024 жылдың үш тоқсанында Қытай компания­лары экспортқа 4,3 млн машина шығарды. Қыркүйекте бұл көрсеткіш бойынша Chery, SAIC және Geely көш бастап тұр, бірақ биылғы жалпы нәтижені есеп­тесек, Changan үздік үштікке енеді. Қыркүйекте BYD алғаш рет SAIC-ті бірінші орыннан ығыс­тырып, Қытайдың ең ірі автоөн­дірушісі атанды. 

Болашақтың ауылы жақын

Қашанда адамзатты таңғал­дыру­дан жалықпайтын Қытай жақында Гуандун провинция­сының әкімшілік орталығы Гуан­чжоу қаласында ұшатын авто­мобиль­дер зауытының құ­­­ры­­лы­сын бастағанын жария­лады. Бұл кәсіпорын елдің барлық провинцияларында «төмен биіктіктер экономикасы» деген жаңа бизнес түрі қарқын алған шақта салынып жатыр. Оның бірінші кезегі материалдық, бояу, біріктіру және құрастырудың жалпы процестерін қамтитын төрт цехтан тұрады. Бұл өндірістік база электромобиль шығаратын XPENG компаниясының еншілес кәсіпорны Xpeng Aeroht фирма­сының тапсырысы бойынша салы­нып жатыр. Ол «ұшатын авто­мобильдерді жаппай шығара­тын алғашқы кәсіпорын» ретінде жарияланды. Компания сайтында сипатталғандай, бұл автомобиль екі бөліктен тұрады: жер модулі мен әуе модулінен. Жердегі модуль әуе модулін тасымалдайды және екі модуль автоматты түрде бөлініп, біріге алады. Бұған қоса, жердегі модуль ауа модулін қайта зарядтауға қабілетті екен. Жаңа зауыттың бірінші кезегі 180 000 шар­шы метр аумақта бой көтер­мек. Және де ол жыл сайын Land Aircraft Carrier деп аталатын көлік­тің 100 мың данасын шыға­ру­ды жоспарлап отыр. Қыркүйек айында пилотталған ұшу сынағын аяқтаған Land Aircraft Carrier жыл соңына дейін сатылымға шығуды жоспарлап отыр және оның бағасы шамамен 2 миллион юань (шамамен 280 520 АҚШ доллары) деңгейінде белгіленді.

 

ТҮЙІН: 

Биыл 9 айда елімізде 82 мыңнан аса автомобиль шығарылған. Дегенмен бұл салада мамандар тапшылығы айтарлықтай мәселе туындатып отыр. Бүгінде Қазақстанның автомобиль өнеркәсібіне 5 мыңға жуық жаңа қызметкер қажет. Бұл туралы жақында автомобиль бизнесі қауымдас­тығының вице-президенті Анар Мақашева айтты. «Біздің салада әсіресе инженерлер мен жұмысшылар тапшы. Кәсіпорынның өзінде бір ауысымды қамтамасыз ету үшін 2025 жылдың мамырына дейін 2 500 жұмысшы оқудан өтуі керек. Барлық өндірушілер Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі колледждермен және университеттермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Бірақ танымал мамандық емес және қызығушылық танытатын студенттер саны шектеулі», – деген еді ол. Іргедегі көршілеріміз өркениетке құлаш сермеп, ұшатын көліктер шығарып жатқанда қарапайым жұмысшыларға зәру болып отырғандығымыз елімізге сын. 

Наурызбек САРША