«Қазақ хандығы» телехикаясы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы негізінде түсірілген. Шыңғыс хан ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар өздеріне қарасты ру-тайпалармен бірге Моғолстан жеріне қоныс аударып, 1465-1466 жылдары дербес мемлекет құрды. Тақтың алғашқы иесі болып Керей сұлтан сайланды. Осылайша, тарих сахнасына қазақ хандығы келді. Телехикая осы сюжеттің желісімен басталып, қазақ хандығының алғаш құрылған кезеңіндегі оқиғаларды қамтиды. Біз телехикая режиссері Рүстем Әбдірәшевке хабарласып, телехикаяның 10 жыл ішінде бағындырған белесі туралы сөйлестік. Режиссердің айтуынша, «Қазақ хандығы» жобасы өз миссиясын орындап келе жатыр, әлі де орындайды.Себебі бүгінде аталмыш жоба араб, неміс, испан, португал, түрік тілдеріне аударылып, бүкіл дүниежүзіне көрсетіліп жатыр, яғни біз Кореяның тарихи сериалдарын қалай көрсек, дүниежүзі мемлекеттері «Қазақ хандығын» дәл солай тамашалап отыр.
– Жобаның екі бірдей маусымы 40-тан астам мемлекетке сатылған. Нақтырақ айтқанда, Италия, Германия, Аустрия, Польша, Испания, елдерімен бірге Қытай, Оңтүстік Корея, Моңғолия, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдері-Алжир, Бахрейн, Египет, Палестина, Израиль, Иордания, Ирак, Катар, Кувейт, БАӘ және тағы басқа елдер көрсетілім құқықтарын сатып алған болатын. Сонымен қатар интернет желісін қарасаңыз, еліміз туралы тарихи деректер жасаларда біздің «Қазақ хандығы» киносынан кадрларды жиі пайдаланады. Мектептердегі тарих сабақтарында факультативті түрде көрсетілімдер өтеді, – дейді режиссер.
Ал киносыншы Дана Әмірбекованың пікірінше, жер бетінде тіршілік басталғалы әр адам баласының көксегені – еркіндік, әр ұлттың аңсағаны – тәуелсіздік, дербес ел болу. Егемендікке қол жеткізгелі тарихымызға қайта үңіліп, өткенімізге бүгінгі күннің биігінен баға беретін кез келді. Сондықтан да жақсыларымыз бен жайсаңдарымыздың аты аталып, ата-бабамыздың жарқын келбетін экран арқылы паш ету аса маңызды.
– Тарихи тақырыпта түсірілген фильмдердің ерекшелігі мен басты қиындығы – оқиғаның немен аяқталатынын көрермен алдын ала біліп отырады. Осы ретте сценарий авторлары С. Елубай, Т. Жақсылықов,
Р. Әбдірәшев көрерменді қызықтыру үшін барын салып, фильмге шиеленіске толы тартысты сюжет енгізуге тырысқан. Әсіресе, сарайдағы эпизодтардың драматургиясы өте жақсы жасалған: Әбілқайыр мен қос сұлтанның арасындағы қақтығыс пен интригаға толы саяси ойындар қызықты әрі нанымды суреттелген. Хан шатырындағы тартыстарда Әбілқайыр мен Жәнібектің арасындағы қарым-қатынас, аң аулау сәттерінде Әбілқайыр мен Керейдің сөз таластары арқылы сол дәуірдің рухын сезінуге болады. Алайда басы жақсы басталған фильм сюжетінің өрбу қарқыны ортасына таман әлсіреп, туындының екінші жартысы созылып, кейбір маңызды оқиғалар шорт кесілгендей әсер қалдырды. Дегенмен ешкімге бодан болғысы келмеген, қайтпас қазақ халқының рухын биіктетуді мақсат тұтқан бұл фильм қазақ тарихының маңызды кезеңін бейнелейтін, көруге тұрарлық туынды екені сөзсіз,– деді Дана Әмірбекова.
Актерлердің жұлдызын жақты
Телехикаяның актерлік құрамы жайлы айта кетейік, режиссер Рүстем Әбдірашев бастаған бұл туынды көптеген жастың жұлдызын жақты. Мысалы, Мейірғат Амангелдин, Ниязбек Шайсұлтанов, Аян Өтепберген сияқты актерлер тарихи тұлғаларға жан бітірді.
Киносыншы «Қайрат Кемаловтың Керейі өмірдің ыстық-суығына төзе білген, халықтың жүрегін жаулай білген данагөй сұлтанның бейнесін жандырды» деп бағалады. Оның айтуынша, актер Керейдің жүзінен Шайбан ұрпақтарының тепкісі мен биліктен шеттетілудің ауыр зардаптарын шеберлікпен жеткізе алды. Ал Жәнібек – қайсарлығы мен батылдығы жалындаған жас сұлтан. Ол ханның алдында да, қарапайым халықтың ортасында да ойын ашық айтудан тайсалмайды. Осы тұста Қайрат Кемалов пен Еркебұлан Дайыровтың (Жәнібек) актерлік шеберліктерінің үйлесімділігі көрермен көңілінен шығатындай әсер қалдырады.
– Сонымен қатар Досхан Жолжақсынов Әбілқайыр ханның рөліне жан бітіріп, актерлік шеберліктің ғажайып үлгісін паш етті. Оның Қобыланды батырмен қарым-қатынасында ханның бекзаттығы мен дарқандығы айқын көрінеді. Заманының заңғар билеушісі болған Әбілқайыр қартайған шағында билігін сақтап қалу үшін кез келген қадамға дайын. Бірақ актер кейіпкердің ішкі драмасын шебер жеткізе отырып, оның жанындағы ізгілік ұшқынын да көрсете білді,– деп баға берді Дана Әмірбекова.
Оның пікірінше, көрерменнің пікірі әрқашанда субъективті болады. Біреулер актерлердің ойынына тәнті болса, басқалары сын көзімен қарауы мүмкін. Дегенмен жалпылама алғанда, «Қазақ хандығы» фильмі көрермендердің қызығушылығын тудырды және тарихи тақырыпқа деген сұранысты арттырды деп айтуға болады.
Жалпы, «Қазақ хандығы» телехикаясының түсірілімі 5 айға созылған. 500-ден астам адам атсалысқан аталмыш туындыға әу баста 5 млн доллар бөлінген, содан кейін краудфандинг тәсілі арқылы отандастарымыз 101 млн теңге жинаған екен.
– Декорациялар мен костюмдер фильмге сол дәуірдің тылсым атмосферасын сыйлап, рухын сезіндіреді. Киім үлгілерінің талғаммен таңдалғаны, хандардың шапаны, батырлардың қару-жарағы, аттардың әбзелдері мен әрбір деталь ерекше ыждаһаттылықпен жасалған. Бұл – суретшілердің тынымсыз еңбегінің жемісі. Алайда фильмнің ауқымы көңіл көншітпейді. Керемет декорациялар мен суретшілердің еңбегі көпшілік қатысатын көріністердегі адам санының аздығынан көмескіленеді. Екі хандықтың шешуші шайқасы ауыл жастарының төбелесіндей әсер қалдырады, – дейді киносыншы.
Дана Әмірбекованың айтуынша, Сығанақтағы халық көтерілісінде айыр мен таяқ ұстаған жиырма шақты адам мен оларды тоқтатпақ болған бес-алты сарбаз ғана көрінеді. Жәнібекті хан сайлаған сәтте бір қатарға тізілген халықты көріп қынжыласың. Дегенмен әскердің ат үстінде жауға шапқан шайқас көріністері әсерлілігімен тәнті етеді. Қарсыластың бір-біріне сілтеген семсерлері мен қағысқан қалқандары, құйындатып шауып келіп, бірін-бірі түйреген найзалары, алыстан атылған жебенің суық суылы мен аяқтың астында қанға шыланып, тапталып жатқан сарбаздардың дулығалы бастары шынайы әрі әсерлі көрсетілген. Бұл, әрине біріншіден, режиссердің еңбегі болса, екіншіден, осыған дейін «Көшпенділер», «Моңғол», «Рэкетир» сияқты фильмдерде жұмыс атқарған Жанарбек Күнғожинов жетекшілік еткен Nomad каскадерлер тобының шеберлігі.
Аз қаражаттан көп дүние күтеміз
Ал киносыншы Әсия Бағдәулетқызы көптеген Орталық Азия елдерімен салыстырғанда біз тарихымызды көркемдеп көрсету жағынан алдамыз деп ойлайды. Себебі елімізде осы салаға аса мән беріледі. Ал тарихи киноларға кедергі болып тұрған – уақыт, тәжірибе және қаражат. Басқасының барлығы дұрыс бағытта. Түркия Осман империясының тарихын бүкіл әлемге телехикая арқылы танытса, Қытай, АҚШ, Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттер ұлтының өткенін заманауи телесериал форматына лайықтап көрерменнің жүрегіне жол таба білді. Осылайша, «жұмсақ күш» арқылы әлем елдері өз тарихын жаһанға жаюда. Ал Қазақстан ше? «Қазақ хандығы» телехикаясы ұлттық жадыны көгілдір экраннан көркемдеп көрсетуге жасалған алғашқы қадам. Бұл туындының әлем кинематографиясымен салыстырғанда деңгейі қандай?
– Біз жеке туындыларды емес, жалпы индустрияны салыстыруымыз керек. Өйткені Түркияның телеөнім саласында қанша қаражат айналып жатыр, оның тұтынушыларының тұтыну қабілеті қандай осы мәселе маңызды. Әрине, біз өзімізді Голливудпен, Корей киносымен салыстырамыз, бірақ айналып келгенде барлығы қаражатқа келіп тіреледі. Қазақстанның бюджеті тұрғысынан қарағанда біз үшін өте көлемді қаражат аяғына тұрып алған, табысты индустриялар үшін өте аз ақша болып қалады. Біз аз ғана қаражаттан көп дүние күтеміз. Бұл киногерлерге жасалған әділетсіздік болады. Жалпы, ең басты дүние ол – жазу. Драматургия мықты болса, оқиға шиеленісті, адамның ішкі жан дүниесінен шыққандай табиғи болады. Бұл жалпы кинотуындының ең негізгі қаңқасы,– дейді киносыншы.
Әсия Бағдәулетқызының пікірінше, «Қазақ хандығы» телехикаясындағы мәселе жазу деңгейінің биіктерге жетпей жатқаны. Бұл да қаражат пен уақытқа тіреледі. Себебі бізге берілетін уақыт өте аз, асығыс түсіріледі де есеп беруге асығады. Аз уақытта сапалы дүние түсіру әрқашан мүмкін бола бермейді. Сонымен қатар бізде жұмыс істейтін мамандар тапшы. Шетелде 4-5 адам істейтін жұмысты бізде 1 ғана адам істеуі мүмкін. Драмматургиялық тұрғыда шиеленісті оқиғалар мен тартымды, шынайы диалогтар жазуға көп адам жұмылуы керек.
– Меніңше, біздің мамандар қандай жанрда қандай туынды шығарғысы келетінін толық білмей жатып іске кірісіп кететін сияқты. Мысалы, шетелдік телехикаяларда әр бөлімді әртүрлі режиссер түсіре береді, бірақ маңыздысы жанр, визуалдық стилі алдын ала анықталып қояды. Жалпы, саяси тұрғыдан ойланғанда біз амбициялары жоғары екі алып мемлекеттің ортасында отырғандықтан, өз тарихымызды білу үшін, патриот азаматтарды тәрбиелеу үшін осындай тарихи туындыларды көп түсіруіміз керек және түсіріп те жатырмыз. Индустрия дамыған сайын мамандар да тәжірибе жинап өсе береді. Жарық қоюшы, дыбыс әрлеуші, монтажер сияқты көзге көрінбейтін бірақ өте көп жұмыс істейтін мамандық иелері тек тәжірибе арқылы жетіледі. Сол себепті бізге көп түсіре беру керек. Ал тәжірибе базасы, қаражат базасы қалыптасқан индустриялармен өзімізді салыстыру орынсыз болады, – дейді Әсия Бағдәулетқызы.
«Қазақ хандығы» телехикаясы – отандық тарихи туындылардың беташары. Әлемдік кино индустрия жылдар бойы қалыптасқан жүйеге, мықты драмматургия мен заманауи технологияларға және үлкен нарыққа сүйенеді. Ал Қазақстан бұл жолдың басында тұр. «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» сияқты туындыларды көбейту ұлттық рухты көтерудің басты жолы. Бізге керегі – тәжірибе, кәсіби шеберлік, жеткілікті қаражат және уақыт.
Баян Махсет, ЕҰУ студенті