Қазақ әдебиетінде қаламгер қыздар санаулы ғана: прозада тіптен аз. Қалам ұстаған жанның өз миссиясы бар. Олар да қоғамға қалам арқылы қызмет етіп жатыр. Көркем жазу деген – өнер, шабыт, жауапкершілік. Біздің әдебиетте жүрген қыздар осы талаптың үдесінен шығып жүр ме? Әдебиет «оқылмайтын» заманда шығармашылықпен айналысу – жазушыға не береді? Біз бұл сұрақты жазушы Сәуле Досжанға қойған едік.
Тағдыр талай белесті алға тартты
– Әдебиетте жүрген қазақ қыздары көп емес. «Әдебиет – ардың ісі» дейміз. Қыз балаға қоғамның ауыр жүгін қаламмен арқалау қиын емес пе?
– Менің әдебиетке келу жолым да оңай болған жоқ. Дүкенбай Досжан – қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің бірі. Ол кісінің жазған дүниелерінің ең алғашқы оқырманы болдым. Редактор ретінде емес, корректор ретінде ғана қарап шығатынмын. Себебі Дүкең өз мәтініне біреудің редакторлық жасағанын ұнатпайтын. Мен тек грамматикалық қателерін түзеп қоямын. Ал мазмұнына, ойына ешқашан қол сұқпаймын.
Жазушылықтың өзі екі түрлі болады ғой: бірінің тілі шұрайлы, бірінің ойы терең. Мен өзімді тілдің шеберімін деп айта алмаймын. Бар болғаны – ой айтуға, жүрек түкпіріндегі шындықты жеткізуге тырысамын. Ал Дүкеңдер – қазып жазатын, әр сөйлемін салмақтап, әр сөзін саралап түсіретін жандар еді.
Дүкең менің әдебиетке араласқанымды аса құптамады. «Қалам ұстағанның жолы ауыр» деп бұл соқпаққа көп жолатқысы келмейтін. Бірақ ішкі аңсарымды тоқтату мүмкін болмады. Ағаңнан тығып, жасырын жазған кездерім де болды. Іштегі булығып жатқан дүниенің бәрін қаламгер қағазға түсіргісі келіп тұрады ғой. Сол секілді мен де ара-тұра қаламымен қағаз бетін шимайлап жүретін едім. Оның бәрі кейін көркем дүниеге айналды.
– Жазушының жары болу оңай емес. Бірақ сіз анаңыз, яғни енеңіз туралы үнемі сағынышпен еске алып отырасыз. Қазір қоғамда енені «құбыжық» қылып көрсету белең алып барады. Жалпы, келін ененің топырағынан жарала ма?
– Дүкенбаймен бірге өткізген отыз жылдық ғұмырымда мені толық тәрбиелеген жан – енем. Келешекте енем туралы, жалпы енелер жайында бір роман жазсам деген арманым бар. Оның да бір күні туар. Апамның аты – Жәмила Жанұзаққызы. Ол кісінің айтқан әр сөзі, әр өнегесі – мен үшін өмірлік мектеп. Кейде Сәт ағаңмен әңгімелесіп отырсам да, «апам сөйтетін еді, бүйтетін еді» деп отыратыным бар. Апам – менің жан дүниемнің бір бөлігі. Досжановтар әулетіне келін болып түскенімде небәрі 27 жаста едім. Апам мені маңдайымнан сүйіп, туған анамдай қарсы алды. Артық-кемімді түзеуге тырысты, бірақ ешқашан жанымды жаралаған емес. Еркелетті, сенім артты. Отыз жыл бойы сол аялы алақанның жылуын сезініп өмір сүрдім.
Бүгінде жасым алпыс жетіге келсе де, апамның айтқан сөздері санамда сайрап тұр. Ол кісі ұлын да, келінін де бір-бірінен кем көрмеді. Біздің қолымызда тұрды. «Отбасының берекесі – ененің парасатында» дегенді сол кісіден ұқтым. Келін келген жерінде сый көрсе, шаңырақ шайқалмайды.
Апам жуас, момын мінезді еді. Бірақ ішкі діні мықты. Кейде бір жаққа ұзап кетіп қалсам, «мына үйден сен кетсең, береке кетеді» деп айтып отыратын. Сол сөздің салмағын қазір ғана түсініп жүргендеймін.
– Анаңыз бен әкеңіздің бір тал гүлі екенсіз. Әлемнің жарығын сыйлаған анаңыз қандай жан еді?
– Ата-анамның жалғыз перзенті болдым. Шешем екеуміз молалардың іргесіндегі шағын ғана үйде тұрдық. Төбесінен су сорғалап тұратын ескі шаңырақтың астында жатып, бала көңілмен бір арманды жиі қиялдайтынмын: «Шіркін-ай, шешеме өзі армандағандай жарық, кең үй салып берсем ғой…»
Ол арман бірден орындалған жоқ. Жылдар өтті. Тағдыр талай белесті алға тартты. Бірақ бала күнгі сол бір тілек жүрегімнің түкпірінде сөнбей сақталды. Ақыры көп жылдан кейін ғана анама армандаған үйін салып бердім. Тура анам армандағандай кең, жарық үй. Биікте тұр.
Анам менің бойжетіп, азамат болғанымды, қолыма қалам ұстап, жазушы атанғанымды көрді. Ал әкем сол қуанышты көре алмай кетті…
Әкем мен анамның мен дегендегі мейірімі бөлек еді. Анам марқұм: «Өмір деген – Сәуле» деп жиі айтатын. Сол сөзінде бүкіл үміті, бүкіл сенімі жатқандай сезілетін. Екеуі де денсаулығы кем, әріп танымайтын жандар болса да, бар арманы жалғыз қыздарының бақытты ғұмыр кешуі еді. Қиналмай, мұқтаждық көрмей өмір сүрсе екен деп тілейтін.
Анам мені мектепке жетектеп апарып, сабақтан соң қайта алып келетін. Қолынан жетектеп жүрген сол сәттер менің ең үлкен қорғаным, ең биік қамалым еді.
Бала күнімнен кітапқа құмар болдым. Ойыншық жинамадым, кітап жинадым. Қабырғасы сыз тартқан, жұпыны жатақ үйімізде ең бай дүние – кітаптарым болатын. Сөрелерге сыймай үйіліп жататын сол кітаптар менің қиялымды алысқа жетеледі, арманымды биіктетті.
Кейін есейген соң сол кітаптардың көбін ауыл мектебінің кітапханасына тапсырдық. Бәлкім, мен секілді бір бала сол кітаптарды парақтап отырып, өз арманын табар. Бәлкім, бір үйдің үміті тағы бір шаңырақты жарық қылар.
Өйткені кейде үлкен жол дәл сондай шағын, су тамшылаған үйден басталады.
Алатау маған рух береді
– Алғашқы көркем шығармаңыз қашан шықты?
– Есенғали Раушанов екеуміз жақсы араластық. Бір күні батылымды жиып, қолжазбамды соған апардым. «Дүкең менің проза жазуыма рұқсат етпейді. Мына бір дүнием бар еді, өзің бір қарап көрші», – дедім. Ол күліп: «Неге рұқсат етпейді, әкелші», – деп қолжазбамды алып қалды.
Ертесінде телефон соғып: «Ей, Қожахметова, мынауың жақсы дүние екен! Сен үшін «Қазіргі заман прозасы» деген серия ашып жатырмын. Осы айдармен кітабыңды шығарып берем», – деді.
Кітабым жарық көрген соң Дүкенбай Досжан да оқып шығып, риза болды. Іштей қуанды ма, жоқ па – білмеймін, бірақ үнсіз мақұлдағанын сездім.
– Қаламгердің жазған әр кейіпкері – жазушының ішкі бір бөлшегі секілді. Мәселен, сіздің кейіпкерлеріңіз өзіңіз бе?
– Жоқ. Мен бұған келісе бермеймін. Бірде Қабдеш Жұмаділовтің бір сұхбатын оқыдым. Сонда ол кісі: «Шығарма іштен туады. Жазушы оны алдын ала жоспарламайды», – деген еді.
Расында да, шығарма – жоспардың жемісі емес, жүректің толғағы. Ол қашан, қалай туады – аңғармай қаласың. Оқиға қалай өрбитінін, кейіпкер қайда апарарын кейде өзің де білмейсің. Көзбен көрген дүниең бір басқа, ал қағазға түскен сұлба мүлде басқа болуы мүмкін.
Кейіпкерлерім – мен емес. Бірақ оларда менің жүрегімнің лүпілі, жанымның табы бар шығар.
– Сіз үшін жазу деген миссия ма, қажеттілік пе?
– Бұл маған құдайдың берген нығметі. Іле Алатауына қарап тұрсаң, арғы бір қиырында қалған менің ауылымдағы асқар тау көзіме елестейді. Бала күнімнен тауды сүйіп өстім. Тау – менің стихиям.
Алатау маған рух береді. Қайсарлықты, биіктікті үйретті. Жазу да сол биіктіктен, сол тыныстан туған шығар.
Негізі, жазушы қай тақырыпты жазатынын алдын ала білмейді. Қаламды қолға алған сәтте ғана ішкі бір күш жетелейді. Қағазға не түссе, сол – менің шындығым, сол – оқырманға жол тартатын тағдырым.
Жазу – міндет те емес, даңқ та емес. Ол – жүректің тынысы. Құдай маған сыбырлайды. Мен тек сол жүрек тынысын тыңдаймын.
Қазақ қызы – батыр
– Қаламгер қыздардың көбі әйелдер тақырыбын жиі қозғайды. Сіздің тақырыбыңыз қандай?
– Осы уақытқа дейін жазған шығармаларымның басым бөлігі – әйел тағдыры туралы. Мен үшін әйелдің жан әлемі – тұтас бір ғалам. Қазақ қыздарының нәзік болмысы мен биік парасатын, сабыры мен сырбаздығын, ішкі қайсарлығын шығармаларыма арқау етіп келемін.
Ол – саналы, білімді, еңбекқор, табанды. Соның бәрімен қатар жүрегі нәзік, жаны мейірімге толы. Бірақ біз сол нәзік иықтарға тым көп жүк артып қойғандаймыз. Менің шығармаларым сол жүктің салмағын сезіндіру үшін, сол жүректің үнін естірту үшін жазылады.
Мен үшін әр кітап – жанымның бір бөлшегі. Ал әйел тағдыры – сол жанның ең нәзік пернесі.
– Бүгінгі қазақ қызының тағдыры туралы көп ойланасыз ба? Бұрынғы мен бүгінгіні салыстыра аламыз ба?
– Бұрынғы қазақ қоғамында қыз тәрбиесіне ерекше мән берілген. «Қызға қырық үйден тыйым» деген сөздің астарында шектеу емес, қорған бар еді. Қыздың жүріс-тұрысы, сөзі, киімі, мінезі – бәрі бақылауда болды. Бірақ бұл оның еркіндігін тұсаулау үшін емес, ар-намысын, абыройын қорғау үшін жасалды. Анасы қызына кесте тігуді, ас әзірлеуді ғана емес, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді, сөз қадірін түсінуді үйретті. Әкесі қызын еркелетіп өсірсе де, оның абыройына дақ түспеуін қадағалады.
Бүгінгі заман басқа. Ақпарат ағыны күшті, көзқарас өзгерген, мүмкіндік молайған кезеңде өмір сүріп отырмыз. Қазіргі қазақ қызы білімді, батыл, әлемге ашық. Ол ғылымда да, бизнесте де, өнерде де өзін дәлелдеп жүр. Бұған қуанамын. Бірақ заманауи боламын деп тамырдан ажырап қалуға болмайды. Меніңше, бұрынғы мен бүгінгіні салыстыру үшін «қайсысы дұрыс?» деп кесіп айту шарт емес. Уақыт өзгереді, қоғам өзгереді. Бірақ өзгермейтін құндылықтар бар: ар, ұят, намыс, жауапкершілік. Қыздың тәрбиесінде осы өзек үзілмеуі керек. Қазақ қызы ең алдымен өзін құрметтеуді үйренуге тиіс. Өзін бағалаған қыз ғана өзгені сыйлай алады. Ол білім алсын, мансап құрсын, армандасын. Бірақ қай жерде жүрсе де, жүрегінде қазақы болмысы, ұлттық коды сақталса – міне, нағыз тәрбие сол. Бүгінгі қыздарымызға «үндеме» деп емес, «ойыңды айт, бірақ әдебіңді сақта» деуіміз керек. «Шектел» деп емес, «жауапкершілікті ұмытпа» деуіміз керек. Сонда ғана біз дәстүр мен заманды үйлестіре аламыз.
– Бақытты әйел – бақытты қоғам деген пікірмен келісесіз бе?
– Біздің қоғамның бақытты болуы, мемлекеттің өсіп-өркендеуі көбіне әйел затына байланысты деп ойлаймын. Өйткені әйел – адамды жарық дүниеге әкелетін, өмірге мән мен жылу сыйлайтын ұлы тұлға. Жарық дүние сыйлаған ананың көңілі тыныш, өмірі дұрыс болса, үйге береке кіргізетін жардың жүзі жарқын болса, сол арқылы қоғам да, мемлекет те нығаяды. Соңғы жылдары елімізде көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан ерекше қамқорлық көрсетіліп келеді. Мен мұны анаға жасалған үлкен құрмет деп білемін. Дегенмен аналарымыз да тек үйде отырмай, білім алып, еңбекке араласып, ел дамуына өз үлесін қосуға ұмтылғаны жөн. Ананы қадірлеу – қоғамның адамгершілік өлшемі. Анаға қорлық көрсетпеу – әр азаматтың парызы. Әйелді құрметтеген отбасында өсіп жатқан балалар да ізгі тәрбие алады. Себебі бала әкесінің анасына жасаған қарым-қатынасын көріп өседі. Бүгін ер-азамат әйеліне қалай қараса, ертең сол үлгіні бала да қайталайды.
Өз өміріме келер болсам, мен Досжановпен бақытты ғұмыр кештім. Отбасымыз тату, өміріміз берекелі болды. Дүкең дүниеден өткеннен кейін үш-төрт жыл өткен соң Халық қаһарманы, генерал-полковник Сәт Тоқпақпаевқа тұрмысқа шықтым. Бірге өмір сүріп жатқанымызға он жылдай уақыт болыпты. Екі жақтың да балалары ержетіп, өз жолдарын тапқан. Қазір Сәкең екеуміз ғана тұрамыз. Ол мені ерекше қадірлейді. Ортамызда ортақ бала болмаса да, «сен анасың, қадірлі жарсың» деп әрдайым құрмет көрсетеді. Оның осы сөзі мен үшін үлкен жауапкершілік. Әрине, біз жас кезімізде қосылған жоқпыз. Жас ұлғайған шақта «екі жарты – бір бүтін» болып, бір-бірімізге серік болып отырмыз. Ең бастысы, өзара сыйластық пен құрмет. Ерлі-зайыптылар бір-бірін қадірлесе, отбасы да бақытты болады, қоғам да берекелі болады.
Әйел – отбасының тірегі, қоғамның берекесі. Сондықтан аналарымыз аман болсын! Осы орайда барша әйелдер қауымын, аналарымызды, әпке-сіңлілерімді 8 наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Әр шаңырақта шаттық, әр ананың жүрегінде қуаныш болсын!
– Әңгімеңізге көп рақмет! Мерекеңіз құтты болсын!
Сұхбаттасқан
Гүлзина БЕКТАС