in

Сыйла әйелді, жоғарыдан бер орын

Соның бірі – таяуда ғана Алматыда өткен Be Woman Орталық Азия әйелдер форумы. Орталық Азияның көшбасшы әйелдері ұйысқан форум осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Фо­рум көшбасшылық, инновация, әлеуметтік прогресс және теңдік сынды өзекті тақы­рып­тарды ортаға салатын алаң ретінде таныл­ды. Биылғы форумға 12 мемлекеттен жиналған көшбасшы әйелдер, жалпы саны 95 спикер, 24 ментор және 3 000-ға жуық қо­нақ қатысты. 

Өз ерекшелігімізді сақтағанымыз жөн

Форумда онлайн байланыста сөз сөй­­леген Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­сат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева соңғы жылдары еліміз ген­дердік теңдікке қатысты маңызды қа­дамдар жасағанын, Мемлекет басшысының бастамасымен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін жетілдіру саласында заңна­малық реформалар жүргізілгенін атап өтті. 

– Қазақстанның әйелдері бүгінде мем­лекеттік биліктің барлық саласында кез­деседі. Олар жаңа технологиялар мен цифр­лан­дыруды енгізуге де белсенді қатысып жа­тыр. Әйелдер – спорт шебері, сирек кез­десетін мамандықтардың да иелері. Қа­зақстан әйелдері бітімге келтіруші және бақылаушы ретінде бейбітшілікті қолдау жөніндегі БҰҰ өкілдіктеріне қатысады. Тәжіри­бе көрсеткендей, гендерлік тепе-тең­дік бар жерде көп жағдайда дұрыс ше­шімдер қабылданады, – деді Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаева.

Жиынға қатысушылардың ішінде халық ал­дында жүрген қазақстандық танымал тұл­ғалар мен мазмұнды әрі қызықты кон­тентімен аудиторияға пайдалы контент ұсы­натын көшбасшы әйелдер де бар. Со­лардың бірі – форумда «Феникс әйел: Сы­нақ арқылы табыс шыңына жету» панельдік сессиясын жүргізген модератор, танымал тележүргізуші Дина Төлепберген. 

– Біз, яғни Орталық Азия әйелдері көбі­не Батыс Еуропаның стиліне, насихатына, біліміне сенеміз. Соны дұрыс деп қабылдай­мыз. Отбасы тәрбиесінде сол бір дәстүр мен құндылықтарды өз өмірімізге әкелгіміз ке­ле­ді. Бірақ шын мәнінде «осындай қадам­ға барудың қажеті бар ма?» деген сауал туы­н­дайды. Біз қашанда даналығымызбен, те­реңдігімізбен ерекше болғанбыз және оны сақтап қалуымыз тиіс. Біздің модель – тәр­бие құндылығын әлемге насихаттау. Өйткені Орталық Азия елдері отбасындағы ерлі-зайыптының ажырасуына қарсы. Орталық Азия әйелдері – биік, олар қай салада бол­масын өзін дәлелдей алады. Сондай-ақ от­­ба­сы берекесін қамтамасыз ететін, дәс­түрді берік сақтайтын әйелдер. Сөйте тұра, олар әлемді бағындырып жүр, – деді ол.

Өзгеріс өзімізді түсінгенде ғана орнайды

Бүгінде еліміздегі шағын және орта бизнес нысандарының 43 пайызын әйелдер басқарады. Отандық IT-индуст­рия­да қызмет ететін әйелдердің үлесі 31 пайыз болса, Парламентте жалпы депутаттар са­ны­ның 20 пайызын құрайтын 29 әйел бар. Форумда «Қазақ әйелдерінің мәдени коды: тарихқа 100 жыл» зерттеуін таныстырған жур­налист, деректі фильмдердің авторы Әлия Әшім топ-менеджментте, бизнес пен IT саласында әйелдер некен-саяқ екенін атап өтті. Netflix стилінде деректі фильмдер түсіретін фильммейкер ана мен бала құқығы мәселесін қозғағанда ең алдымен адамның са­насы еркін болмай, заң жұмыс істе­мейтінін түйреп өтті. 

– Біз бір сәтте ештеңені өзгерте алмай­мыз. Заң қабылдау бөлек, ал адамдардың көз­қарасын өзгерту – тіптен басқа әңгіме. Заң жоғарыдан төменге түспейді, керісінше төменнен жоғарыға қарай бағытталады. Қо­ғам талап еткен соң ғана заң өзгереді. Сон­дықтан аналар, қазақ әйелдері өз функ­циясын, тұлғалығын түсінген кезде, бұл мәселеде де өзгеріс орнайды деп ойлаймын. Бірақ ол – жар, ана болу функциясын жоқ қылу деген сөз емес, бұл тек әйелдің ана мен жардан басқа да функциялары бар екенін жеткізу. Статистиканы қарасаңыздар, оқуды үздік дипломмен тәмамдайтындар, магистратураны ең көп бітірушілер – қыз­дар қауымы. Жоғары білім алатындардың басым бөлігі де – қыздар. Бірақ топ-ме­недж­ментте, бизнесте, IT саласында әйел­дер некен-саяқ. Бұл тұста негізгі мәселе әйел­дің көзқарасын өзгертуге байланысты. Әйел осыны ұғынған кезде заң өзі-ақ жұмыс істейді, – деді фильммейкер.

Жаңа энциклопедия жарыққа шығады

Сонымен қатар Әлия Әшім таныс­тырылым барысында қараша айын­да 52 тұлғаның есімі жазылған энциклопедия жарық көретінін мәлімдеп: 

– Біз бұл энциклопедияны академиялық емес, күнделікті кез келген қыз баласына қажетті еңбек ретінде жарыққа шығарғымыз келеді. Энциклопедия қарапайым планер іспет­тес. Бірақ бұл біздің түсінігіміздегі жай пла­нер емес. Энциклопедияда әрбір әйелдің кім екені, оның цитатасы, қоғамға сіңірген еңбегі турасында ақпарат беріледі. Мұнда есімдері аталған әйелдер осындай биік дең­гейге жету үшін еңбекқорлық танытты. Олар – қиын-қыстау заманда дауылдың ортасынан суырылып шығып білім алған әйелдер, – деді.

Одан өзге Әлия Әшім көшбасшы әйел­дерді бір арнада тоғыстыратын мұндай ау­қым­ды іс-шаралар, ең біріншіден, нетвор­кинг алаңы, сондай-ақ жетістікке жеткен әйелдердің өз оқиғасымен бөлісетін жиын екенін атап өтті.   

«Мұндай ірі жиындардан кейін ауқымды масштабтағы жобалар жасалып, кейіннен сол жобалардың әсері болады деп сенемін. Байқап қарасаңыз, жұмыс істеп жүрген қа­ра­пайым қазақ әйелінің мұндай жиындарға келуі екіталай. Сондықтан осындай іс-ша­ралар арқылы ортақ жобаларды жүзеге асы­ру­ға мүмкіндік бар», – деп сөзін түйін­деді журналист Ә.Әшім.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Be Woman Орталық Азия әйелдер форумының кезекті жиынын 2025 жылдың көктемінде Қырғызстан мемлекетінде өткізу жоспар­ланған.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы