in

Судьялар сүзгісі: кімге жол ашық?

Судьялар мемлекетіміздің заңнамалық базасын қалыптастыратын және адам тағдырына әсер ететін шешім қабылдайды, әділдікті жүзеге асыра отырып, азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғайды. Бұл тұрғыда сот қатарын ісі адал емес, ниеті қарау жандардан тазалау маңызға ие.

Бұл «Заң мен Тәртіп» қағидатының басты бір шарты саналады. Заң үстемдігін қамтамасыз ету міндетін абыроймен ат­қа­ра алмағандарға, заңға адал болма­ған­дарға әділ төрелік саласында орын жоқ. Бұл тұрғыда біраз жұмыс істеліп жатыр. 

Дегенмен қазіргі билер қатарынан шеттетілгендер қайда барады? Соңғы екі жыл бойы депутаттар мен сарапшылар арасында сот қызметінен аласталған судья­ларға құқық қорғау органдарына және мемлекеттік қызметке жұмысқа орна­ласуға рұқсат ететін заң жобасы айналасында қызу талқылау өрбіген еді. 

Құжат Мәжілістегі талқылау кезінде «Кейбір заңнамалық актілерге оларды Қазақстан Республикасы Конститу­циясы­ның нормаларына сәйкес келтіру мәселе­лері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталды. 2024 жылғы 11 желтоқсаннан кейін Сенатта қарау бары­сында атауы «Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік қыз­мет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» деп өзгер­тілді және Парламент ақыры оны осы атаумен қабылдады.  

Заң жобасы Конституциялық соттың 2023 жылғы 6 наурыздағы №4 норматив­тік қаулысын жүзеге асыру мақсатында әзірленген. Мәселе, мемлекеттің теріс себептермен қызметтен шығарылған судьяны қызметке қайта қабылдауға қатысты. «AMANAT» фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Үнзила Шап­ақтың дерегі бойынша соңғы бес жылда 40 судья теріс себептермен сот жүйесінен босатылды.

– Олар сот этикасына қайшы келетін немесе сот төрелігін жүзеге асыру ке­зінде заңды өрескел бұзған, өз атына нұқсан келтіретін әрекеттер жасаған судья­лар. Заңда теріс себептермен қыз­мет­тен шығарылған бұрынғы судьяларды 2 жыл өткен соң мемлекеттік қызметке қабылдау мүмкіндігі қарастырылды. Ал бұған дейін қолданыста болған заңнама бойынша қызметінен шығарылған судь­ялар құқық қорғау, әскер және ар­нау­лы мемлекеттік органдар секілді мем­­лекет­тік қызмет түрлеріне мүлдем, өмір бойы кіре алмайтын. Осыған орай сұрақтар туындады, – деді депутат Ү.Шапақ. 

Қалаулылар мен сарапшылар: «мұн­дай судьяларға екі жылдан соң құқық қорғау қызметіне кіруге рұқсат беру қан­шалықты дұрыс? Әлде, қолданыстағы заңдарда көрсетілгендей өмір бойына тыйым салуды сақтау керек пе?» деген сауалды талқыға салған.

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевтің түсіндіруінше, сөз болып отырған құжатта теріс қылық жасаған бұ­­рынғы судьялардың 2 жылдан кейін мем­ле­кеттік қызметке қайта кіре алаты­ны, яғни шенеунікке айнала алатыны көз­дел­ген. Әйткенмен, олардың құқық қорғау, әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тұруы қаншалықты дұрыс?

– Негізі, бұл органдарда кандидаттар­ға қатаң талаптар қойылады. Сондықтан аталған экс-судьялар құқық қорғау орган­дарына қызметке тұра алмағаны жөн. Теріс қылықтары үшін жұмыстан шығарылған судьялар құқық қорғау ор­ган­дарында жұмыс істеуге лайық емес! Сотта дұрыс шешім қабылдамаған, біл­ік­сіз судья жұмыстан шығарылғаннан кейін басқа құқық қорғау органдарында дұрыс жұмыс істейтініне ешкім кепілдік бере алмайды, – деді Әсет Шындалиев.

Бірақ Конституциялық соттың шешімі орындалуға міндетті және қайта қарауға жатпайды. Парламент тек заңда оралу мерзімін белгілей алады. Төл нор­ма­тивтік қаулысында Конституциялық сот теріс себептермен лауазымнан боса­тылған судьяның басқа салада, соның ішінде құқық қорғау қызметінде өзінің конституциялық еңбек құқығын жүзеге асыра алатынын белгіледі. 

Судьяны жұмыстан босатуға негізі­нен жұмысқа жарамсыздығы және тәр­тіптік теріс қылық жасағаны себепші болады екен. Бірақ кәсіби жарамсыз­ды­ғына қарағанда теріс қылық жасағаны үшін жауапкершіліктің ауыр екенін ескеріп, Парламент екі жылдық шектеу қоюды ұсынды. Кәсіби жарамсыздар бірден жұмысқа тұра алады. 

«AMANAT» партиясы фракция­сы­ның мүшесі, Мәжіліс депутаты Бақыт­жан Базарбек те заң жобасындағы сон­дай түйткілге екпін түсірді: «Конститу­ция­лық сот қаулысына сәйкес, енді судьялықтан шеттетілген судьялар кез келген жерде еңбек ету бостандығына ие. Бұл заң бойынша бұдан былай қыз­мет­інен шеттетілген судьялар бірден мемлекеттік қызметке алынады. Қоғамда сот шешімдеріне, сот жүйесіне, сот төре­лігіне қатысты өзекті мәселелер туындап жатқанын білесіз. Мұны қоғам қалай қа­былдайды? Кәсіптік жарамсыздығы үшін судьялықтан шеттетілгендерді не себептен бірден мемлекеттік қызметке алуымыз керек?», – деді Б.Базарбек. 

Оның пайымдауынша, теріс қылық­тары үшін судьялықтан шеттетілген бұрынғы судьялар сияқты кәсіби жарам­сыз деп танылғандарды да ең құрыса 2 жыл мерзімге мемлекеттік және құқық қорғау қызметінен аластау керек: екі жыл адвокат, не заң кеңесшісі болсын, білімін, кәсіби деңгейін шыңдасын, содан кейін мемлекеттік қызметке бар­сын. Бірден мемлекеттік қызметке алған орынды ма?

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі­нің төрағасы Дархан Жазықбай депутат­тардың бұл ұсынысын орынды санайты­нын жеткізді. Десек те, барлығы конс­титуциялық бақылау органының қоры­тынды шешімдерін мүлтіксіз орындауға міндетті. 

«Конституциялық сот отырысында біз өз уәжімізді айтқан болатынбыз. Кәсіптік жарамсыздығы үшін шеттетіл­ген судьялардың мемлекеттік қызметке келіп жұмыс істеуіне конституциялық шектеу жоқ. Конституциялық соттың қаулысына сай, біз осы мерзімді оларға енгізе алмай отырмыз. Мәселе өте орын­ды. Бірақ біз бұл шешімнен аттап шыға алмаймыз», – деп ашығын айтты агент­тік басшысы. 

Қалай болғанда, ел Парламенті қа­был­даған «Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік қызмет мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы биылғы жылы күшіне енді. Оған Парламент 2025 жылғы 19 мамырда өзгерістер де енгізіп үлгерді. 

Сонымен, жаңа заңға сәйкес, қол­дан­ыстағы «Құқық қорғау қызметі тура­лы» заңының 6-бабының 9) тармақшасы мына мазмұндағы екінші және үшінші бөліктермен толықтырылды: «Осы тар­мақшаның бірінші бөлігінің күші теріс себептермен қызметтен шығару және өкілеттігін тоқтату бөлігінде: Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның кәсіптік жарам­сыздығына қарай атқаратын лауазымына сай келмеуі туралы шешімінің негізінде судья өкілеттігін тоқтатқан; қатарынан үш және одан да көп сағат бойы дәлелді себепсіз қызметте болмауына байланыс­ты қызметтен шығарылған адамға қол­данылмайды, ол адам осындай шығару­дан кейін 2 жыл өткен соң құқық қорғау қыз­метіне кіруге құқылы», – деп жазылған.

Ұқсас өзгерту «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі тура­л­ы» заңына да енгізілді. Тиісінше, атал­ған экс-судьялар осындай шығарудан кейін екі жыл өткен соң әскери қызметке кіруге құқылы. Ішкі істер органдарында лауазым иеленемін десе де тосқауыл жоқ.

Бірақ конституциялық бақылау ор­ганы­ның шешімін Парламентте талқы­лау барысында бір ымыра табылды. Мысалы, теріс қылығы үшін жұмыстан аласталған судья ҰҚК сияқты арнаулы органға жұмысқа тұра алмайды. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» заңының 7-бабында арнаулы мемлекет­тік органдарға «судья өкілеттігін теріс себептермен тоқтатқан адам қабылдан­байды» деп жазылды. 

Сонымен бірге, жаңа заң бойынша осы тармақшаның бірінші бөлігінің күші теріс себептермен қызметтен шығару және өкілеттігін тоқтату бөлігінде: Жо­ғарғы сот жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның кәсіптік жарамсыздығына қарай атқаратын лауа­зы­мына сай келмеуі туралы шешімінің негізінде судья өкілеттігін тоқтатқан; қатар­ынан үш және одан да көп сағат бойы дәлелді себепсіз қызметте бол­мауы­на байланысты қызметтен шығар­ыл­ған адамға қолданылмайды, ол адам осындай шығарудан кейін 5 жыл өткен соң арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке кіруге құқылы.

Депутаттар бұл заңды «бұрынғы судьяларға рақымшылық заңы» деп те атайды. Алайда рақымшылық бәріне бірдей таралмайды. Сенаттың түсіндір­уінше, сөз болып отырған заң Жоғарғы сот жанындағы комиссия «кәсіптік тұр­ғыдан жарамсыз және атқаратын лауазы­мына сай келмейді» деп танып, өкілет­тігін тоқтатқан, сондай-ақ дәлелді се­беп­сіз біраз уақыт жұмысқа шықпай қойғаны үшін қызметтен шығарылған бұрынғы судьяларға ғана құқық қорғау органдарына, ҰҚК, ІІМ-ге, Бас прокура­тураға және мемлекеттік қызметке жұ­мыс­қа тұруына жол ашады. 

Бұрын оларға да осы тұрғыда мер­зімсіз тыйым қолданылып келді. Депут­ат­тардың айтуынша, қылмыстық теріс қылық жасағаны, сыбайлас жемқорлық қылмысқа барғаны, басқа да қылмыс­тарға қолы мен арын былғағаны үшін заманауи билер қатарынан қуылған бұрынғ­ы судьялар бұл қызметтерге сол бұрынғыдай алынбайды. 

Елдос СЕНБАЙ