Еліміздің Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қуатты Қазақстан құру міндеті жайлы айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. сайты Egemen Qazaqstan басылымына сілтеме жасап.
Бүгіннен бастап еліміздің жаңа Конституциясы өз күшіне енеді. Ғылым, жоғары білім және инновациялар жүйесі үшін бұл шешімнің маңызы ресми құжат шеңберінен әлдеқайда ауқымды. Бұл – еліміздің ұзақмерзімді даму бағытын айқындайтын тарихи белес.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет білім, ғылым және инновацияны дамыту Ата заңда жекелеген салалық міндет ретінде емес, елдің стратегиялық даму бағыты мен ұлттық өркендеудің негізгі тіректерінің бірі ретінде бекітілді. Бұл интеллектуалдық әлеуетті нығайту, ғылыми ізденісті қолдау және инновациялық экономиканы дамыту мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының біріне айналғанын көрсетеді.
Бұл – адам капиталына, білім мен ғылымға негізделген экономиканы қалыптастыру жолындағы стратегиялық таңдау. Яғни еліміздің болашағы табиғи ресурстармен ғана емес, білімді, білікті әрі жаңашыл азаматтардың әлеуетімен тығыз байланысты. Осы салаға жетекшілік ететін министр ретінде бұл бастаманың мәнін, оның қоғам үшін ашатын мүмкіндіктерін және әрбір азаматтың игілігіне бағытталған нақты міндет екенін түсіндіруді жөн санаймын.
Жаңа бәсекеге қабілеттілік философиясы
Ғылым мен білімнің Конституция преамбуласына енгізілуі – кейінгі жылдары қалыптасқан жүйелі мемлекеттік саясаттың заңды нәтижесі. Жаңа конституциялық философияның өзегінде «адам – мемлекеттің басты байлығы әрі барлық құндылықтың қайнар көзі» деген қағида жатыр. Сондықтан білімге инвестиция салу, ғылымды дамыту және инновацияны қолдау енді тек жекелеген салалардың міндеті емес, елдің орнықты өсімі мен халықаралық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін стратегиялық басымдыққа айналады.
Конституциялық норма кейінгі жылдары жүргізілген нақты институционалдық реформалардың іргетасына сүйенеді. Жаңа «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылданды. Тікелей Қазақстан Республикасының Президенті жанынан құрылған Ұлттық ғылым және технологиялар жөніндегі кеңес бар. Әкімдерге өңірлерде ғылыми-технологиялық саясатты іске асыру құзыреті берілді, бұл өз кезегінде ғылыми инфрақұрылымның тек Астана мен Алматыда ғана шоғырлануы сияқты мәселені еңсеруге мүмкіндік береді.
Ғылымды қаржыландыру алты жыл ішінде бірнеше есеге өсті. Бүгінде жыл сайын 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді, алайда оны жұмсау барысында қатаң тәртіп пен басымдықтарды айқындау қажет. Мен Президенттің бұл ескертпесімен толық келісемін. Ғылымға салынған әрбір теңгенің нақты нәтижесі болуға тиіс.
Сапа мен өңірлік теңгерім
Жоғары білім беру жүйесі ауқымын кеңейтумен қатар сапаға қойылатын талаптарды күшейту кезеңін бастан өткеріп жатыр. Елімізде шетелдік университеттердің 33 филиалы жұмыс істейді, олардың қатарында «МИФИ» Ұлттық зерттеу ядролық университеті (Ресей), Аризона университеті (АҚШ), Сорбонна университеті (Франция), Лотарингия университеті (Франция), Кардифф университеті (Ұлыбритания), Де Монфорт университеті (Ұлыбритания), Бейжің тіл және мәдениет университеті (ҚХР) және басқалары бар. Негізгі критерий – ашылған мекемелердің саны емес, елдің ғылыми әлеуетіне қосылатын мазмұнды үлес болуға тиіс. Салалық министрліктің басшысы ретінде мен бұл қағиданың әрбір жаңа жобаны бағалаудың негізі ретінде көремін.
Сонымен қатар өңірлік теңгерімді сақтау міндеті шешіліп келеді. Мықты университеттердің басым бөлігі Астана мен Алматы қалаларында шоғырланған, бұл ішкі көші-қонның тепе-теңсіздігіне және аймақтардағы кадр тапшылығына әкеліп соғады. Бұл теңсіздікті жою үшін он бес өңірлік және бес педагогикалық жоғары оқу орнының базасында Академиялық артықшылық орталықтары құрылды. Бұл орталықтар талантты жастардың сапалы білім алып, өз өңірлерінің экономикасын көтеруге мүмкіндік береді.
Инженерлік-техникалық бағытқа басымдық беру мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. Академиялық қауымдастықта бұрыннан айтылып жүрген, бірақ көпшілікке жария етілмей жүрген мәселе мемлекеттік деңгейде ашық айтылды. Мемлекет басшысы атап өткендей, енді ұлттың менталитетін ғылым мен технологияға қарай өзгерту қажет. Министрлікке халықаралық стандарттарды ескере отырып, инженерлік-техникалық кадрларды даярлаудың ұлттық моделін әзірлеу тапсырылды және бұл жұмыс қарқынды жүріп жатыр.
Ғылымның практикалық қайтарымы
Мемлекет басшысы айқындаған негізгі басымдықтардың бірі – ғылымның нақты экономикаға қызмет етуі және ғылыми зерттеулердің тәжірибелік тиімділігін арттыру. Бүгінде ғылымның құндылығы жарияланған мақалалар санымен емес, оның өндіріске енгізілген жаңалықтарымен, экономикаға қосқан үлесімен және азаматтардың өмір сапасына тигізген нақты әсерімен өлшенеді.
Қазақстан өзге елдердің ғылыми жетістіктерін тұтынушы ғана емес, жаңа білім мен технология өндіретін мемлекетке айналуға тиіс. Бұл үшін ғылымды экономиканың нақты секторымен ұштастыру, зерттеу нәтижелерін коммерцияландыруды күшейту және зерттеу университеттерін инновацияның жетекші орталықтарына айналдыру – министрліктің негізгі міндеттерінің бірі.
Сонымен қатар жоғары оқу орындары тек маман даярлайтын білім ордасы емес, жаңа білім мен технология қалыптастыратын ғылыми орталық болуы қажет. Университеттердің ғылыми әлеуетін күшейтіп, ғылым, білім және өндіріс арасындағы байланысты нығайту – уақыт талабы.
Ғылымның нақты нәтижесі әрбір азаматтың өмір сапасынан көрінуге тиіс. Дәрі-дәрмек әзірлеу, ауызсуды тазарту, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру, баламалы энергетиканы дамыту және қауіпсіз қалаларды қалыптастыру – ғылымның қоғамға беретін нақты пайдасының көрінісі. Сондықтан ғылымға салынған әрбір инвестиция – елдің бәсекеге қабілеттілігіне, халықтың әл-ауқатына және болашақтың тұрақты дамуына салынған инвестиция.
Жасанды интеллект дәуірі және цифрлық серпіліс
Президенттің 2024 жылғы Жолдауында жасанды интеллект технологияларын дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқындалды. Нәтижесінде,
2025–2026 жылдары елімізде жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыруға арналған кешенді институционалдық негіз құрылды. Осы кезеңде «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданып, Президент жанынан Жасанды интеллект жөніндегі кеңес құрылды, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ашылды, Цифрлық кодекс қабылданып, «Digital Qazaqstan» стратегиясы бекітілді.
Осы саясаттың негізгі бастамаларының бірі – адам капиталын дамытуға бағытталған AI-SANA бағдарламасы. Бағдарламаның алғашқы кезеңінде студенттердің жасанды интеллект саласындағы базалық құзыреттерін қалыптастыруға басымдық беріліп, 697 мың сертификат табысталды. Қазіргі таңда «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асып жатқан екінші кезеңге 100 мың студент қатысып, жасанды интеллект негізіндегі кәсіпкерлік пен технологиялық жобаларды әзірлеуде. Бағдарлама Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі Пол Кимнің жетекшілігімен АҚШ-тың Zemex Inc. компаниясымен бірлесіп әзірленді.
Жалпы алғанда AI-SANA бағдарламасы төрт кезең бойынша жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде жасанды интеллект саласындағы базалық құзыреттер жаппай игеріледі. Екінші кезеңде қатысушылар AI-кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, өз жобаларын әзірлейді. Үшінші кезеңде 60 мың қатысушы технологиялық шешімдер әзірлеуге тартылады. Ал төртінші кезеңнің нәтижесінде Alem.ai платформасы аясында алдын ала акселерация және акселерация бағдарламаларынан өтетін 1 500 MVP-стартап құрылады.
AI-SANA бүгінде жоғары білім беру жүйесінің бастамасынан жалпыұлттық білім беру платформасына айналды. Бағдарлама мектеп оқушыларын, студенттерді, оқытушыларды және мемлекеттік қызметшілерді қамтып, елімізде жасанды интеллект құзыреттерін дамытудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруда.
Жасанды интеллект білім беру жүйесінің барлық деңгейіне енгізіліп келеді. Бүгінде 95 жоғары оқу орнында AI пәндері оқытылады, 30 университетте осы бағыт бойынша 42 білім беру бағдарламасы іске асырылуда. Сонымен қатар еңбек нарығының сұранысына сәйкес
1,5 мыңнан астам білім беру бағдарламасы жаңартылып, университеттердің ғылыми және цифрлық инфрақұрылымы айтарлықтай күшейтілді.
Қазақстан «OpenAI», «NVIDIA», «Google», «Huawei», «Coursera» және «ETS» сияқты жетекші халықаралық технологиялық компаниялармен және әлемдік университеттермен бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеді. Осы серіктестіктің нәтижесінде жоғары оқу орындары жасанды интеллект саласындағы екі мыңнан астам мамандандырылған онлайн курсқа және ChatGPT Edu платформасының 165 мың лицензиясына қол жеткізді.
Қазіргі таңда елімізде Huawei ICT Academy желісінің 48 академиясы жұмыс істейді. 14 өңірде Tomorrow School бағдарламалау мектептері ашылған. Ал 12 университет NVIDIA Deep Learning Institute бағдарламасына қатысады. Халықаралық жобалардың ішіндегі ең табыстыларының бірі – Coursera Business to Nation бастамасы. Бүгінде бұл жобаға еліміздің 100 жоғары оқу орны мен 255 мыңнан астам студент қатысып жатыр. Олар 5,3 миллион сағаттан астам білім алып, 554 мыңнан астам халықаралық сертификатқа ие болды. Оның ішінде 109 мыңнан астамы жасанды интеллект бағытында берілген.
Биыл Қазақстан әлемде алғашқылардың бірі болып ChatGPT Edu платформасын жоғары білім беру жүйесінің барлық деңгейінде енгізген мемлекеттердің қатарына қосылды. Жасанды интеллект экожүйесін дамытудың келесі кезеңі – Мемлекет басшысының тапсырмасымен Qazaq AI Research University зерттеу университетін құру. Ол жоғары білікті мамандар даярлайтын, озық ғылыми зерттеулер жүргізетін және ғылым, білім мен өндірісті тоғыстыратын ұлттық орталыққа айналады. Осылайша, AI-SANA бағдарламасы, халықаралық серіктестік және заманауи цифрлық инфрақұрылым Қазақстанда жаңа буын мамандарын даярлайтын тұтас экожүйені қалыптастырып, еліміздің жасанды интеллект дәуіріндегі технологиялық бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға негіз болады.
Жауапкершілік жүгі және болашақ көкжиегі
Орталық Азиядағы демографиялық өсім мен жастар үлесінің жоғары болуы Қазақстан үшін сапалы жоғары білімнің өңірлік орталығына айналуға зор мүмкіндік береді. Осы әлеуетті тиімді пайдалану үшін жоғары оқу орындарының автономиясы кеңейтіліп, зерттеу университеттері дамытылып, халықаралық білім беру бағдарламалары іске асырылып келеді. Бұл қадамдар шетелдік студенттерді тартуға, отандық ғылым мен жоғары білімнің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады. Жаңа Конституцияның күшіне енуімен ғылым мен жоғары білімді дамыту мемлекеттік бағдарламалардың ғана емес, елдің стратегиялық даму бағытының ажырамас бөлігіне айналады. Бұл саланың саяси немесе экономикалық жағдайға тәуелді емес, ұзақмерзімді басымдығын айқындайды.
Мемлекеттің кейінгі жылдары жүргізіп келе жатқан жүйелі саясаты бүгінде өзара сабақтасқан тұтас даму моделіне айналды. Оның негізгі бағыттары мыналар: бірінші, Конституциялық негіз – мемлекеттің стратегиялық даму бағыты мен құқықтық негізін айқындайды. Екінші, институционалдық реформалар – «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң мен Ұлттық ғылым және технологиялар жөніндегі кеңес арқылы іске асыру тетіктерін қалыптастырады. Үшінші, инфрақұрылымдық даму – Академиялық артықшылық орталықтары, халықаралық университеттердің филиалдары және Алатау қаласы арқылы ғылыми-білім беру экожүйесін нығайтады. Төртінші, адам капиталын дамыту – инженерлік-техникалық кадрларды даярлауды күшейтіп, AI-SANA, Tech-Orda сияқты бағдарламалар арқылы жаңа буын мамандарын қалыптастырады. Бесінші, нәтижеге бағдарлану – ғылымды өндіріспен ұштастырып, білім мен IT-қызметтер экспортын дамыту арқылы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Мемлекеттің қуаты оның жер көлемімен немесе табиғи байлығымен емес, адам капиталының әлеуетімен өлшенеді. Жаңа Конституция осы бағыттың берік құқықтық негізін қалады. Ендігі міндет – министрлік, университеттер, ғылыми қауымдастық және жастардың бірлескен еңбегі арқылы осы қағиданы нақты нәтижеге айналдыру. Ертеңгі ұрпақ бізді қабылданған заңдар мен бағдарламалардың санымен емес, талантты қолдайтын, білімге жол ашатын және жастарға өз елінде мүмкіндіктер жасай алған мемлекет ретінде бағалайды. Осындай қуатты Қазақстанды құру – баршамыздың ортақ міндетіміз.