in

Президент Жолдауы ел дамуының жаңа міндеттерін айқындады – Зарема Шәукенова

Оның айтуынша, Президенттің Жолдауы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының келешегіне қатысты көзқарасын баяндап, алдағы кезеңнің өзекті мақсаттары мен міндеттерін айқындай түскен.

  – Ол әлем турбулентті, болжауы қиын әрі құбылмалы белгісіздік кезеңіне аяқ басқан, ал саясаттанушылар мен сарапшылар оның болашағына қатысты ортақ пікірге келе алмай отырған жағдайда да, Қазақстан ауқымды саяси реформаларды жүзеге асыру арқылы өзінің дамуының жаңа дәуіріне нық қадам басқанын ерекше атап өтті.

Тарихи даму үдерісінің әрбір кезеңінде бұрынғы сын-қатерлер өзгеріске ұшырап, жаңа қауіптер мен тәуекелдер туындайды. Табыстың негізгі алғышарттарының бірі – оларды дер кезінде дұрыс айқындап, тиімді әрі барабар әрекет ету тетіктерін қалыптастыру. Оң өзгерістердің қарқынын сақтап, тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін жаһандық үрдістерді ескеріп, ұлттық стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге барынша қолайлы бағыттарға белсенді түрде ықпалдасу қажет.

Индустрия ұғымының өзі де айтарлықтай өзгерді. Егер бұрын елдің индустриялық қуаты ауыр индустрия өнеркәсіптік кәсіпорындарының алып көлемімен байланыстырылса, бүгінде индустриялық әлеует бесінші және алтыншы технологиялық құрылымдарға көшу көрсеткіштерімен өлшенеді. Қазіргі уақытта жоғары технологиялық компаниялардың нарықтық құны өндіруші салалардағы кәсіпорындардан асып түсуде, ал инновацияларға қойылатын талаптар түбегейлі өзгеріп келеді. Қазақстан үшін табиғи-шикізаттық артықшылықтарын орнықты энергетикалық және технологиялық прогреске айналдыру стратегиялық тұрғыдан аса маңызды. Сонымен қатар, қазіргі әлемдегі басты сын-қатерлердің бірі – жаһандық даму моделінің, экономикалық және технологиялық үдерістердің түбегейлі өзгеріске ұшырауы болып табылады.

Осыған орай іргелі зерттеулер мен жалпы ғылымның маңызы туралы айтудың қажеті бар ма? Ғылым мен инновациялар бір-бірімен үйлестірілуі тиіс. Елдің бүкіл ғылыми қызметі нақты әрі өзара байланысты стратегиялық жоспарларға негізделуі керек, ал бұл жоспарлар өндіріс саласының жоспарларымен сабақтастырылуы қажет. Жаңа зерттеу университеттерін белсенді түрде құру, бұрыннан бар университеттерді кеңейту және олардың өндірістік, коммерциялық секторлармен байланысын нығайту керек,  – деді ол. 

 Зарема Шәукенова басқарушылық технологиялар мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды сапалық тұрғыдан өзгерту қажеттігін сөз етті.

 – Қазіргі әлем технологиялық және мәдени өзгерістерге өте бай, сондықтан осы өзгерістерден басқару жүйесін жетілдірудің жаңа мүмкіндіктерін іздестіріп, жаңа тәсілдер қолданылғаны абзал. Шағын әрі кәсіби мемлекеттік аппарат реформалардың басты қозғаушы күші болуы тиіс. Бүгінде мемлекетке және мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптардың сапалық тұрғыдан мүлдем өзгеше болып отырғанын көріп отырмыз.

Осы тұрғыдан алғанда, әлеуметтік сала тек қосалқы тетік қана емес, ол қоғамның орнықты құрылымын қалыптастырудың негізгі іргетасы болып табылады. Әлеуметтік саясаттың сипаты азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің өміршеңдігі мен институционалдық әлеуетін де айқындайды. Әлеуметтік саясатты қалыптастыру барысында қоғамның әлеуметтік-экономикалық даму факторлары жан-жақты ескеріледі.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекеттік бюджетте елеулі теңгерімсіздіктер байқалды: әлеуметтік кепілдіктердің көлемі елдің нақты экономикалық мүмкіндіктерінен шамамен бес есе асып түсті. Нәтижесінде мемлекет халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындауға қауқарсыз болды. Жүргізілген әлеуметтік реформалар халық үшін өзіндік «шок терапиясына» айналып, олар жүзеге асырылған кезең тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең күрделі әрі ауыр кезеңдердің бірі болды.

Бұл уақытта өнеркәсіп саласы әлі толық қалыпқа келмеген, нарықтық реформалар күтілген экономикалық нәтижелерді бере қоймаған еді. Еңбекақының, әлеуметтік жәрдемақылар мен зейнетақылардың бірнеше ай бойы кешіктіріліп төленуі, табиғи газдың, жылу мен электр энергиясының өшірілуі тұрғындардың тұрмыс жағдайына елеулі әсер етті. Осындай жағдайда қоғамдағы әлеуметтік шиеленіс қарқынды түрде күшейе түсті,  – дейді академик. 

Оның айтуынша, туу көрсеткіші төмендеп, халық денсаулығының деңгейі нашарлады, өлім-жітім артты. Білім беру жүйесі де өзінің өзектілігін біртіндеп жоғалтып, қоғамның жаңа талаптары мен сұраныстарына барған сайын аз дәрежеде жауап бере бастады. Осы факторлардың жиынтығы түбегейлі әлеуметтік реформаларды жүргізудің объективті алғышарттарына айналған.

 – Алайда институционалдық қайта құрулардан бөлек, ең ауыр кезеңнің өзінде адамдардың әлеуметтік тәжірибелері мен экономикалық мінез-құлқының өзгеруі маңызды еді. Жаңа әлеуметтік мәдениетті қалыптастыру қажетілігі туындады. 2005 жылы батыс әлеуметтануында ірі зерттеу пайда болды, ол адамзаттың тарихы мен болашағына оптимистік көзқарасқа сүйенетін «жалпыға ортақ прогресс мәдениеті» деп аталатын тұжырымдаманың пайда болуына негіз салды. Басқаша айтқанда, сенім ресурсы бүгінде теріс эмоциялардың, зор геоэкономикалық күйзелістің, пессимизмнің немесе болашақтан қорқу сезімінің күшеюінен қарқынды түрде әлсіреп барады. Бірақ болашаққа деген сенім кез келген қиындықты еңсеріп, алға серпілудің қуатты қозғаушы күші болып табылады.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында бюджет қаражатын тиімсіз шашырата жұмсау тәжірибесі мен жеңілдіктерді жаппай үлестіруге негізделген әлеуметтік патернализм моделін қатаң сынға алды. Мемлекеттік инвестициялар қысқа мерзімді төлемдерге емес, ұзақ мерзімді стратегиялық активтерді қалыптастыруға, орта бизнесті қолдауға және жеке капиталды тартуға бағытталуы тиіс.

Президент бұл мәселеге қатысты былай деп атап өтті: «Өткен онжылдықтарда әлеуметтік көмекті шамадан тыс көбейту есебінен мемлекеттік басқарудағы қателіктер мен кемшіліктерді жасырып-жабу, яғни азаматтардың көңілін табу қалыпты дүниеге айналды. Мемлекет ресурсы желге ұшты, тіпті жағдайы жақсы отбасылар да жәрдемақы алды. Осы кезде мектептер мен ауруханалар тапшылығы ұдайы ұлғайып отырды. Бұл қоғамда патернализм мен масылдық көңіл-күйдің күшеюіне түрткі болды. Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінде ашықтан ашық тонау және сыбайлас жемқорлық белең алды.

Негізсіз жеңілдіктер мен жәрдемақылардың тым көптігі – институционалдық шалағайлықтың, керек десеңіз, мемлекеттік аппараттың әлсіздігінің белгісі. Бұл – елдің жарқын келешегін қамтамасыз ету ісінде көрегенділік жетіспейді деген сөз. Мұны түсінген абзал. Адамдарға бюджет қаражаты есебінен қамқорсынған сыңай таныту – барып тұрған популизм. Осының салдарынан халық мүддесіне қарсы, елдің орнықты дамуына тұсау болатын түрлі алаяқтық істер бүркемеленіп келді».

Қазіргі жағдайда әлеуметтік саясатты түбегейлі қайта қарау қажеттілігі айқын. Бұл ретте Үкіметтің басты міндеті – мемлекеттік қолдаудың атаулы сипатын күшейтіп, оны шын мәнінде мұқтаж азаматтарға ғана тиімді әрі әділ түрде бағыттау болып табылады,  – деді ол. 

Акдемик  Зарема Шәукенова Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы бюджет қаражатын тиімсіз шашырата пайдалану тәжірибесі мен жеңілдіктерді жаппай үлестіруге негізделген әлеуметтік патернализм моделін қатаң сынға алғанын сөз етті.

– Мемлекеттік инвестициялар қысқа мерзімді әлеуметтік төлемдерге емес, ұзақ мерзімді стратегиялық активтерді қалыптастыруға, орта бизнесті қолдауға және жеке капиталды тартуға бағытталуға тиіс. Қазіргі жағдайда әлеуметтік саясатты қайта қарау қажеттілігі айқын. Бұл ретте Үкіметтің негізгі міндеті – мемлекеттік қолдаудың атаулы сипатын қамтамасыз етіп, оны шын мәнінде мұқтаж азаматтарға ғана тиімді әрі әділ түрде бағыттау болып табылады.

Әлемдік экономика енді ХХ ғасырдағыдай емес. Онда зияткерлік еңбек пен ақпараттық қызметтердің үлесі айтарлықтай өсті. «Зияткерлік еңбек қызметкерлері» құбылысы пайда болды. Бұлар идеялардың иелері, жан-жақты хабардар, шығармашыл, өз бетінше әрекет ете алатын адамдар. Олардың экономикалық және саяси салалардағы көшбасшылығының нақты әлеуеті бар. 2007 жылы Ұлыбританияның Қорғаныс министрлігі әлемдік дамудың 30 жылдық болжамын жариялады, онда прогрестің алдыңғы шебінде дәл орта тап болатыны атап көрсетілген.

Президент Үкіметке Орта бизнесті дамытудың кешенді жоспарын қабылдау міндетін қойды, онда кәсіпорындарды ұзақ мерзімді қаржыландыру және технологиялық жаңғырту тетіктерін айқындау керек. Орта бизнес өкілдерінің ірі кәсіпорындармен тығыз ынтымақтастығына, соның ішінде олардың өнімін өткізуге жағдай жасау қажет. Бизнесті қорғау ұлттық экономиканың егемендігін нығайтумен тең.

Мемлекет басшысы  болашақ ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілік ұрпаққа сапалы жаңа, технологиялық дамыған, күшті бәсекеге қабілетті экономикасы, заманауи инфрақұрылымы және жоғары өмір сүру деңгейі бар, әрбір азаматқа өзін-өзі жүзеге асыруға мүмкіндік беретін елді қалдыру екенін атап өтті. Бұл тарихи ауқымдағы басты міндет әрі миссия,  – дейді Зарема Шәукенова.