in

Президент Жолдауы – агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына жаңа леп бермек

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының кезекті Жолдауы жарияланды. Тақырыбы да тың: «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері». Онда жылдар бойы халық санасын сарсаңға салған сан түрлі мәселелер сарапталды. Әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл аймақтарды дамыту, экономиканы әртараптараптандырудан бастап, ауыл шаруашылығын жан-жақты қолдау, салық реформасын қайта қарау күн тәртібіне көтерілді. 

Отандастарымыз жаппай қолдаған Конституция 1 шілдеде заңды күшіне енді. Сол сәттен еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Қос палатадан арылып, Құрылтай құрылды. Бүгінде әріптестеріммен бірге ауқымды жұмыстарды атқаруға белсенді кірісіп кеттік. Бұл Президент атаған жаңа тарихи кезеңнің бастауы.

Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамытудың нақты бағдарын айқын көрсетті. Онда ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және елдің экспорттық әлеуетін ұлғайту жөніндегі басым міндеттерді белгілеп берді. Бұл қадам – заманауи, бәсекеге қабілетті әрі орнықты агроөнеркәсіптік кешенді қалыптастыру үшін айрықша маңызға ие.

Межелі міндеттерге қол жеткізу үшін нақты жүйе, тұрақты мемлекеттік қолдау қажет екені белгілі.

Салыстырмалы түрде айтсақ, 2025 жылы агросалаға 1 трлн теңгеге жуық қаржы тартылған. Президент биылғы жылы ауыл шаруашылығына бағытталған қаражат көлемі 1,5 трлн теңгеге дейін ұлғайтылғанын айтты. Оның ішінде жеңілдетілген лизингке 350 млрд теңге қарастырылған. Былтыр мемлекеттен бөлінген 250 млрд теңгеге шамамен 8 мың бірліктен астам техника сатып алынса, биыл жалпы сомасы 294 млрд теңгеге 9 мың бірліктен астам техниканы жеткізуге шарттар жасалған. Қабылданып жатқан шаралардың арқасында машина-трактор паркін жаңарту деңгейі 4%-дан 8%-ға дейін өсіп отыр.

Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында сапалы ауыл шаруашылығы техникаларының өндірісін дамыту қажеттігін де атап өтті. Статистикаға сүйенсек, қазіргі уақытта ішкі нарықтағы отандық тракторлар мен комбайндардың үлесі 60%-дан 90%-ға дейін өсті. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру маңызды.

Сондай-ақ, Президент фермерлер үшін су үнемдеу технологияларына көшудің маңыздылығын айрықша атады. Бұл ретте ауыл шаруашылығы өнімдерін әртараптандыру жұмыстарын ұдайы жалғастырған жөн болады. Тиісті ведомствоның ресми деректеріне сүйенсек, 2026 жылы күріш егісінің көлемі 2025 жылғы 100,5 мың гектардан 79,4 мың гектарға дейін қысқартылған. Сонымен қатар соңғы екі жылда мақта өсіру кезінде тамшылатып суару технологиясын қолдану алаңы 3 мың гектардан 80 мың гектарға дейін ұлғайған. Әрине, бұл әлі де белгіленген меже емес. Еліміздің әсіресе, оңтүстік өңірлердегі су тапшылығын ескерсек, тамшылатып суарудың кезек күттірмейтін мәселе екеніне көзіміз жетеді. 

Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында мал шаруашылығын дамытудың маңыздылығын қайтара айтты. 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында да: «Министрлік мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеп, нақты қаржыландыру шараларын бастауы керек» – дегені есімізде. Нәтижесінде, «Береке», «Игілік» және пилоттық режимде «Жайлау» жеңілдетілген несиелендіру бағдарламалары іске қосылды. Әйткенмен, шаруалар жанайқайына назар аударсақ, онда да шикіліктер бар. Ендігі ортақ мақсат – осы бағдарламаларды отандық фермерлерге барынша қолжетімді ету. 

Мал шаруашылығы төңірегінде сөз қозғағанда Ветеринарияны аттап өту мүмкін емес. Бүгінде мен «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасының жұмыс тобына төрағалық етіп келемін. Қазіргі уақытта жұмыс тобының бірінші отырысы өтті. Онда әріптестермен бірге ұсынылған заң жобасының барысы толық талқыланып, ұсыныстар берілді. Нақтыласам, сала мамандарының әлеуметтік жағдайын жақсарту, ветеринариялық инфрақұрылымдарды жаңғырту, жайлы еңбек жағдайын қалыптастыру, олардың біліктілігін арттыру көзделген. Бұл құжат азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген сала мамандарының құқығын қорғаудағы заңдық негіз болмақ.

Жолдаудағы тағы бір маңызды мәселе – терең өңдеуді дамыту. Мемлекет басшысы бұл ретте Қызылорда мен Түркістан облыстарындағы жүзеге асырылып жатқан озық тәжірибелерді көпке үлгі етті. Бірінде шаруалар қатаң климатқа қарамастан жүгері мен соя өсіріп, оны өңдеумен айналысса, екіншісінде, қытайлық компания суды тиімді пайдаланатын заманауи мақта-тоқыма кластерін құрып жатыр. Мемлекет басшысы атаған жалпы құны 500 млрд теңгеден асатын осындай келешегі зор жобаларды іске асыру тамақ өнеркәсібінің дамуына серпін беретініне сенімдімін.

Түйінін айтқанда, Жолдауда белгіленген тапсырмаларды жүйелі орындау – агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына жаңа леп бермек. 

Бота ЕЛЕУСІЗОВА, 

Құрылтай депутаты,

Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің мүшесі.