Батырма басып – бақ айырма
Неке мен ажырасу барысының құқықтық шеңбері еліміздің «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексімен реттеледі. Осы құжатқа сәйкес, жұбайлар ортақ келісіммен немесе бір тараптың бастамасымен некесін бұза алады. Заңмен белгіленген белгілі бір шектеулер ескерілуге тиіс: әйелдің жүкті кезінде немесе баласы бір жасқа толмағанша ажырасуға рұқсат берілмейді. Ажырасу барысы АХАЖ бөлімдері, сот немесе электронды үкімет порталы арқылы үш түрлі жолмен рәсімделеді. Әр жолдың өз шарты, өз реті бар. Ерлі-зайыптының ортақ кәмелетке толмаған балалары болса, бір тарап ажырасуға қарсы болса, жұбайлардың бірі ажырасудан жалтарса немесе байланысқа шықпаса, сондай-ақ мүліктік немесе өзге де талаптар болған жағдайда тек сот арқылы ажыраса алады. Ал жұбайлардың ортақ кәмелетке толмаған балалары болмаса және екі жақ та ажырасуға келіссе, АХАЖ бөлімшесіне жүгінуге болады. Сондай-ақ егер жұбайлардың бірі хабар-ошарсыз кеткен, әрекетке қабілетсіз немесе үш жылдан артық мерзімге бас бостандығынан айырылған болса, онда екінші жұбайы АХАЖ арқылы некені тоқтата алады. Осы шарттар сақталған жағдайда онлайн форматта – электронды үкімет порталы арқылы да ажырасуға өтініш бере алады. Мамандардың айтуынша, қазір цифрлық рәсімнің оңай болғаны кей адамдарға отбасын «бір батырмамен» бұзуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл шешімнің артында күйзеліс, психологиялық ауыртпалық, балаға әсер ететін терең салдар жатқанын көпшілік елемей отыр.
«Бұрын неке – бүкіл әулеттің қатысуымен жасалатын маңызды қадам еді. Қазір жастар ешкіммен ақылдаспай, бір сәттік шешіммен үйленіп, кейін дәл сондай оңай шешіммен ажырасып кетіп жатыр. Некеге тұруға онлайн өтінім беріп, құжатын ресімдей салады. Баяғыдай туған-туысты жинап, неке қию салтанатын жасауды бос шығын дейді. Ал жамағаттың алдына некеге уәделесу бөлек жауапкершілік жүктейді», – дейді медиатор Айнұр Ізбасар.
Татулықтың жолы – түсінікте
Ажырасу – жеке өмірдің мәселесі ғана емес, қоғамдық құндылықтардың, мәдениеттің, тіпті ұлттық болмыстың көрсеткіші. Соңғы жылдары әлеуметтік желілер мен масс-медиа ажырасуды «трендке» айналдырып бара жатқандай. Бұл тенденцияға қарсы тұру үшін мемлекет тарапынан және қоғамдық ұйымдар арқылы бірқатар шара қолға алынған. «Бақытты отбасы», «Отбасым – тірегім» секілді бағдарламалар аясында кеңес беру, тренингтер өткізу, тегін психологиялық көмек көрсетіледі. Әсіресе, жастармен жұмыс маңызды. Себебі отбасы құндылықтары сол кезеңде қалыптасады.
Ажырасудың алдын алуға бағытталған маңызды бастаманың бірі – 2018 жылдан бері елімізде жүзеге асып келе жатқан «Отбасылық сот» пилоттық жобасы. Бұл жоба дәстүрлі сот тәжірибесінен ерекшеленеді. Мұнда тек судья емес, кәсіби медиаторлар мен психологтер жұмыс істейді. Астананың өзінде 2022 жылы 200-ден астам отбасы ажырасудан бас тартқан. 2023 жылы Алматыда қаралған 500-ге жуық ажырасу ісінің 150-і татуласумен аяқталған.
«Бұл – соттың репрессивті емес, медиативті тетік ретінде қолданылуының айқын дәлелі. Соттарға қарасты «татуласу кабинеттерінде» ерлі-зайыптылармен психологиялық кеңес беру, медиативтік келіссөздер жүргізіледі. Судьялар отбасындағы даудың тек заң емес, эмоция, психология жағын ескеріп шешуге тырысады. Ажырасуға өтініш берген жұптармен жеке-жеке және бірге жұмыс жүргізіледі. Бұл әдіс өзара түсіністікке әрі отбасын сақтап қалуға нақты мүмкіндік береді. Жоба бүгінде басқа өңірлерде де кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Отбасыны сақтау тек заңмен емес, сана мен сезімнің үйлесімімен жүзеге асады. Бұл ретте медиация – өте маңызды құрал. 2011 жылы қабылданған «Медиация туралы» заң негізінде бүгінгі күні елімізде 4 800-ге жуық кәсіби медиатор тіркелген. Алайда бұл сан әлі де жеткіліксіз, әсіресе ауылдық аймақтарда. Соған қарамастан, медиация арқылы жылына шамамен 3 000-ға жуық отбасы некесін сақтап қалып отыр. Отбасылық кеңес беру, психологиялық тренингтер, жастарға арналған арнайы семинарлар – бәрі ажырасуға әкелетін себептерді азайтуға бағытталған. Бұл соттағы жағдайды ғана емес, отбасын құруға дайындық мәдениетін де қалыптастырады», – дейді жоба үйлестірушісі Жанаргүл Алпысбаева.
Мешіттер мен шіркеулер де бұл процеске араласа бастады. Уағыздарда отбасылық жауапкершілік, сабыр, кешірім жайлы жиі айтылып жүр. Бұл – рухани қолдаудың маңызына мән берудің белгісі. Психологтер де отбасылық терапияны кеңінен ұсынуда. Психология ғылымдарының докторы Фатима Сағынбайқызының айтуынша, қоғамда біртіндеп психологиялық сауаттылық артып келеді. Бұл – мәдени өзгерістің көрінісі.
«Отбасы дағдарысының түп-төркіні – тыңдай алмау, эмоцияны жеткізе білмеу, өткен жараның емделмей қалуы. Психологке бару – әлсіздік емес, керісінше, рухани жетілудің бір жолы. Адам өз ішкі әлемін түсінбей, өзгені түсіне алмайды. Соңғы жылдары жеке терапия, топтық кеңестер, ерлі-зайыптыларға арналған тренингтер көбейіп келеді. Бұл үрдіс – отбасылық мәдениетті жаңғыртуға жасалған қадам. Ажырасу – тек екі адамның емес, бүтін бір ұрпақтың тағдырына әсер ететін шешім. Бұл шешімге апаратын жол кейде заңды, кейде эмоциялық, кейде цифрлық құрал арқылы жүзеге асады. Бірақ қай жолмен болсын, оның түбі – адам болмысында, көзқарасында, құндылығында жатыр», – дейді сарапшы.
Бүгінде заң күшейтумен ғана емес, мәдениет қалыптастыру арқылы ғана ажырасу көрсеткішін төмендете аламыз. Отбасын сақтау – мемлекеттік институттардың ғана емес, әрбір азаматтың саналы әрекетіне байланысты. Заң – шеңбер, ал сезім мен жауапкершілік – мазмұн. Осы екеуі үйлесім тапқанда ғана отбасы – шынайы құндылыққа айналады.
Айдана НҰРМҰХАН