in

Мәншүкпен қарулас, Әзілханмен қандыкөйлек дос болған майдангер Тұраш күйші туралы білесіз бе?

Екінші дүниежүзілік соғыс қазақтың талай мықты өнерпаздарын алып кетті. Ысқақ Уәлиевтың тартылмаған күйі, Мәлік Жаппасбаевтың айтылмаған әні қалды. Осылар сынды небір майталмандар жауға аттанып, бір уыз топырақ болып сол жақта қалды. Десе де қан майданнан аман оралып, қазақ музыка мәдениетіне өз үлесін қосып кеткен жандар да жоқ емес. Солардың бірі – Тұраш Әбуов.

Сіз Тұраш күйшінің өзі жайлы білмесеңіз де, оның авторлық күйін естігеніңіз анық. Ұшаққа мінгенде немесе теледидарда деректі фильмдер көрсетілгенде Тұраш күйшінің “Арнау” күйін тыңдап жүрсіз. Бүгінгі әңгіме осы күйші жайында. Негізгі дереккөз ретінде 2025 жылы жарық көрген “Майдангер күйші” еңбегін алдық. Жинақтың авторлары – Абдулхамит Райымбергенов пен Ерболат Әлімқұл. 

Тұраш Әбуов 1922 жылы Жамбыл облысында дүниеге келеді. Әкесінен ерте айырылып, анасы мен ағасының қолында ер жетеді. Анасына қосылып, ән де айтып жүреді. Он жастан асқан жас өнерпаз жетімдер үйінде тәрбиленіп, білім-сауатты үйренеді. Кейінірек аудандық театрға да қатысып, жас актер атанады. 1937 жылы өнерпаздар олимпиадасына қатысып, жүледі орын алып, Алматыдағы театр училищесіне қабылданады. 1941 жылы оқуын аяқтайын деп жатқанда, әскер қатарына шақырылады. арнайы саяси жетекші (политрук) қысқа мерзімді курсын оқиды. Алматыда құрылған атқыштар бригадасы сапында, қан майданға да аттанады. Осылайша кеше ғана театр оқуында оқып жүрген жас жігіт, 1942 жылы Ржев түбіндегі ұрыстан бір-ақ шығыпты. соғыстың батыс бағыттағы ұрыстарда шайқасады. Соғыс аяқталғаннан кейін әскери-саяси оқулардың жалғатырып, Владивосток, Алматы, Түркіменстанда түрлі қызметтер атқарған екен. 1958 жылы денсаулығына байланысты әскер қатарынан босатылыпты. Кейін Жамбыл облысында мәдени-ағарту саласында қызметтер жасайды. Осы уақытта шерткен күйлері мен жазған естелік әңгімелері түрлі деңгейдегі басылымдарда жарыққа шығып жатады. Өнерпаз 1988 жылы дүниеден өтеді.

Жоғарыда Тұраш Әбуовтың бейбіт заманда өзінің соғыстағы кездерін естелік ретінже жазғаны жайлы айттық. Сондай бір естеліктердің бірінде Мәншүк Мәметова жайлы айтады. 

…Баяндамашы бригада штабындағы қызметін тастап, өз еркімен пулеметшілер батальонына барып, пулемет расчетын қабылдап алған сержант Мәншүк Мәметова туралы айтқанда отырғандар ду қол шапалақтадық. Оған қосымша Мәншүктің батальон комсомол ұйымының секретарлығына бекітілгені де айтылды. Жұрт қол шапалақтауын тоқтатқан жоқ. Бәрі Мәншүк жаққа қарап қалыпты. Мәншүк жүзі қызара нұрланып, көздері күлімдеп, біресе баяндамашыға, біресе төмен қарап ұялғандай, әлде ризалық білдіргендей кейіпте еді сол бір сәт.

Үзіліс кезінде медсанторадан келген орыс қызы мен Мәншүк екеуі бір нәрселерді айтып, біз жаққа қарап күліп тұрды. Осылар бізді сынап тұрған жоқ па деп қуыстанған біз белдікті қысыңқырап буып, гимнастерканың белбеулігін қынай түсеміз. Екі көзіміз солар жақта. Мәншүк орта бойлы, қалың қара шашын кекілдеу қидырған ажарлы қыз. Үстіндегі әскери киімі өзіне арналып тігілгендей, басындағы қызыл жұлдызды жеңіл пилотка жазық ақ маңдайын жартылай жауып, қиғаштау біткен қастарының арасын бөліп тұр…

Үзілістен соң Қызыл Армияның 1943 жылдың қысындағы шабуылының қорытындылары туралы бригада үгітшісі, ауыл шаруашылық ғылымының кандидаты капитан Иманбек Сүлейменов баяндады. Ең соңында бригада командирінің саяси жұмыс жөніндегі орынбасары подполковник Сақтаған Бәйішев саяси маңызы бар мәселелерге тоқталып, нұсқаулар берді.

Жиналыстан кейін капитан Черноколпаков бәрімізбен күнделікті комсомол жұмыстарының барысы туралы әңгімелесті. Мәншүк те қатысып отырды. Ол орыс тілінде өте таза сөйлейді екен, батальон жастарын комсомол қатарына тарту керектігі жөнінде айтты. Сөзі де татымды, жұмыс жағдайын білетіндігі көрініп тұр.

Бұл менің Мәншүктi бірінші көруім еді. Осы жолы бәріміз де бір кісінің баласындай қош айтысып, бір-бірімізге алдағы шайқастарда абыройлы болуды тіледік.

Бұл 1943 жылдың мамыр айы екен. Кейін жаз айларында Мәскеуден келген өнерпаздардың концертін тамашалағанда да Мәншүкпен кездесіп қалғанын жазады. Ал соңғы рет қыркүйек айында кездесіпті.

…Бір қарасам, жұрт жолға шығып қалыпты. Жирен аттың үстіндегі барлаушы Сембек Молдабаев менің атымды жетелеп бері қарай шауып келеді екен. Қуанғаным сонша, атқа тез қарғып мініп, алға қарай шоқыта жөнелдім. Алдымда бес-алты жаяу әскер барады екен. Жақындай келе олардың ішінен әскери киімі бар бір әйел көзіме түсті. Міне, ғажап, Мәншүк қой мынау! Төрт солдаттың екеуі пулемет ленталарын салған темір жәшіктерді арқалап, қалған екеуі станокты пулеметтің екі дөңгелегін сүйретіп барады. Ал Мәншүк болса осы бір қаһарлы қарудың ең ауыр негізгі бөлігін оң иығына салып, жігіттердің алдында келеді. Мен Мәншүкпен сәлемдестім де, жауынгерлерге: «Бұларың қалай, ауыр затты қыз балаға неге көтертесіңдер?» — деп дүрсе қоя бердім. Мәншүк езу тартып күлді де, солдаттардың кінәлі емес екендігін, жаңағы бомбалау кезінде арбаларының сынғанын, соғыс құралын аман сақтап қалу үшін өзінің пулеметтің негізгі бөлігін алдымен ала жүгіргенін асығыс айтып шықты. Сөйтті де әңгімесінің аяғын әзілге бұрып әкетті.

— Немене, мені бұлардан кем деп тұрсың ба? — дегенде бәріміз қосыла күлдік.

Мен аттан секіріп түстім де, Мәншүктен қолындағы пулеметін маған беріп, өзінің атқа мініп жүруін өтіндім. Бірақ ол атқа мінбеді.

— Демалатын жерге жетіп қалдық, — деді Мәншүк жымиып.

Кейін білсем, бұл менің Мәншүкті ең соңғы рет көруім екен… 

Мәншүк қазан айында майдан даласында опат болады. Тұраштың Мәншүкке арнау күй шығарады.

Тұраш Әбуов: “Алапат айқастар кезінде жастық шағымыз бірге өтіп, қуаныш пен қайғыны тең бөліскен абзал достарым көп болмаса да баршылық. Солардың бірі жауынгер жазушы, сырлас та қимас досым Әзілхан Нұршайықов.

1976 жыл. Көктемнің маужыраған күні болатын. Жұмыс бабымен кеңседен шығып кетіп едім. Қайтып келсем, қызметтес серігім:

— Сізге ақ шашты бір қара кісі келіп кетті. Столыңызға бір қағаз қалдырғандай болды, — деді. Қағазды алып оқысам төмендегідей бір ауыз өлең жазыпты:

«Жолдас Әбуов!
Өмір деген өкініш
Өтеді де, кетеді…
Тым болмаса бір сағат
Орныңда болсаң нетеді?» депті

Ау, мынау Әзілхан ғой! Соғыста жүргенімде Әзілханды мен Әзіл дейтін едім. Қуанышта шек жоқ. Өлеңді қайта-қайта оқимын. Әрине, әзілдескен шын досқа жарасады емес пе? Ентелей басып, «Жамбыл» қонақ үйіндегі жазушы Әзілхан орналасқан бөлменің есігін аштым… Сағынып қалыппыз. Бала кездегідей шөпілдесіп жатырмыз. Иә, қашанда қанды көйлек майдандастар осылай кездессе керек. Өйткені қазіргі бақытты өмір үшін сонау қиын кезде етікпен су кешіп жүріп, зұлым жауға қарсы бірге күрестік емес пе?!

Содан дүниеге «Досыма» атты күй келді. Бұл күй сырлас та қимас досым Әзілхан Нұршайықовқа арнады. Соғыстан кейін де достығымызға қылау түскен жоқ. Әлі күнге дейін бір-бірімізбен тығыз байланыстамыз”. (Майдангер күйші, Алматы 2025)

Соғыстың қызып жатқан кезі. Аязы қатты қақаған қыс айы болатын. Лейтенант Ыбраев қатты жарақат алды. Жараланғанына қарамастан, ол жауынгерлерді ілгері бастай берді. Фашистер атқан отын одан да өршітіп, командирдің өмірі одан да бетер қатерге ұшырады. Сол сәтте санинструктор Жансықбаев Әліпқан жауған оққа қарамастан, еңбектеп барып, командирдің жарасын байлап, арқасына салып сүйретіп медпунктке алып келді. Тек қана Әліпқан емес, Мәриям Сырлыбаева сияқты дәрігерлер талай жауынгердің өміріне араша түсті. Мұндай ауыр жағдайды өз басымнан да сан мәрте өткердім. Ұрыстар кезінде ауыр жараланып, өмір мен өлімнің арасында жолдастары сүйемелдеп немесе палаткаға салып көтеріп келе жатқан солдаттар мен офицерлерді өте жиі кездестірдім. Олардың қайғы-қасіретіне ортақ болып, жаным солармен бірге ауыратын. Осындай әсермен «Жаралы жауынгер» атты күйім дүниеге келді.

Әуел басында айттық, Тұраштың аса танымал бір күйі бар деп. “Майдангер күйші” жинағында ол күйдің аңызы келесідей берілген.

Мен ол кезде әскери арт дивизионының үгіт насихат бөлімін басқаратын едім. Біз бөлімшемізбен Великие Луки қаласының солтүстік батыс тұсындағы Сахны деген деревняда болдық. Соғыстың қызып жатқан шағы. Бір жауынгер «Жерлестерің келді» деп хабар әкелді. Қарасам танкінің маңдайшасына «Комсомолец Казахстана» деп жазып қойған екен. Көптен көрмеген жерлестеріммен кездесіп азан-қазан болдық. Сол түні немістер жағынан 40-тан астам танкілер келе жатыр деген хабар келді. Таң ата біздің танкілер бригадасын алғы шепке жіберілсін деген бұйрық келді. Түтінін бұрқыратып біздің жерлестеріміз де майданның алғы шебіне бара жатты. Фронт жылжыды. Сол майданда жерлестерімнің бәрі қырылып қалды. Олардың ішінде менің досым Қазақстан үкімет басшысы болған Елтай Ерназаровтың баласы Мырзәби де бар еді. Бұл жайт мені қатты толғандырды. Әлі күнге дейін қан майданда опат болған жауынгер балдар көз алдымнан кетпейді. Соларға арнап шығарған күйім ғой» — деп «Қазақстан комсомолы» күйін орындап берді.

Бұл күйді қазіргі күйшілеріміз «Арнау» деп орындап жүр.

Назар аударыңыз:  Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп,    Аikyn.kz     сайтына   белсенді   гиперсілтеме беру міндетті . Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.