Астанада алкогольдік мас күйде болған екі ер адам Есіл өзенін жүзіп өтпек болғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға бүгін күндіз Есіл өзені акваториясын патрульдеу кезінде анықталған. ТЖМ құтқарушылары суда жүрген 1989 және 1992 жылы туған екі азаматты байқап, олардың мас күйде екенін анықтаған.
Ер адамдар өзенді өз бетінше жүзіп өтпек болған. Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында олар аман-есен жағаға шығарылды. Зардап шеккендерге медициналық көмек қажет болмаған.
Ведомствоның хабарлауынша, су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін азаматтар ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Осыған байланысты ТЖД тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды:
– суға алкогольдік мас күйде түспеу;
– өз мүмкіндігін асыра бағаламау;
– құтқарушылардың талаптары мен ескертулерін орындау;
– балаларды су жағасында қараусыз қалдырмау;
– тек арнайы жабдықталған әрі рұқсат етілген орындарда ғана шомылу.