Оның қаншалықты жылдам әрі сенімді жететіні бизнестің жұмысына, технологияның дамуына, күнделікті қызметтердің сапасына ықпал етеді. Күні кеше Каспийдің табанымен тартылған жаңа байланыс желісінің мәнін осы тұрғыдан бағалаған жөн. Қазақстан үшін бұл – халықаралық ақпарат алмасудың тағы бір жолы, ал өңір үшін Шығыс пен Батысты жақындастыратын ортақ мүмкіндік.
Бакуде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Қазақстан мен Әзербайжанды жалғайтын Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосты. Ұзындығы 380 шақырымдық желіні «Қазақтелеком» мен AzerTelecom бірлесіп жүзеге асырды. Ол Қазақстанды, Орталық Азияның өзге елдерін және Қытайды Еуропамен байланыстыратын жаңа бағыттың құрамына кіреді. Алдағы уақытта Жерорта теңізі мен Қара теңіздегі байланыс жүйелеріне қосылуы да мүмкін.
– Біз халықаралық маңызы зор бірегей жобаны іске қостық. Ең бастысы, бұл – жаңа заманның дәлізі. Яғни көлік дәлізі ғана емес, мүлдем жаңа дәуірге, цифрландыру кезеңіне тиесілі жаңалық. Бұл ынтымақтастықтың түбегейлі соны форматы, Орта дәліздің цифрлық түрінің жүзеге асырылуы десек болады, – деді Қазақстан Президенті.
Бұл сөздің астарында Орта дәліздің қызметін кеңейту мақсаты жатыр. Жүк тасымалы елдерді жолмен, портпен, теміржолмен байланыстырса, цифрлық желі сол кеңістікте ақпараттың жүруіне жағдай жасайды. Екеуінің тоғысуы Қазақстанның географиялық артықшылығын толығырақ пайдалануға мүмкіндік береді. Алайда ақпаратты өз аумағымыз арқылы өткізу мен одан ел ішінде қосымша құн қалыптастыру – өзара сабақтас болғанымен, бөлек міндеттер. Екіншісі үшін жаңа желінің айналасында технологиялық қызметтер дамуы қажет.
Осы кездесуде мемлекеттер басшыларының қатысуымен Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту жөніндегі үкіметаралық келісім құжаттары да алмасылды. Бұған дейін қол қойылған құжат Қазақстан мен Әзербайжанның осы бағыттағы ынтымақтастығына арналған. Байланыс желісінің ашылуы мен көлік дәлізіне қатысты рәсімнің қатар өтуі екі ел қатынасында тасымалдың қай түріне де мән беріліп отырғанын аңғартады.
Мұның қисыны түсінікті. Жүк жөнелткен кәсіпорынға тауардың қайда жүргенін білу, серіктесімен хабарласу, құжаттарын уақытылы рәсімдеу қажет. Жолдағы әр кідірістің шығынға айналатыны секілді, ақпараттың кешігуі де жұмысты бөгейді. Сондықтан көлік қатынасын жетілдіру мен байланыс мүмкіндігін кеңейту бірін-бірі толықтырады. Әсіресе бірнеше ел арқылы өтетін бағытта осы екеуінің үйлескені маңызды.
Қазақстан мен Әзербайжан үшін ортақ жобалардың сабақтастығы да осында. Портқа келген жүк әрі қарай жолын жалғастыруға тиіс болса, жаңа кабельмен жеткен дерек те құрлықтағы желілерге кедергісіз өтуі керек.
Теңіз түбіндегі тынымсыз еңбек
Салтанатты рәсімде іске қосылған желінің артында күрделі инженерлік жұмыс тұр. Каспийдің ашық мұхитқа шығатын жолы жоқ. Сондықтан дайын кабель төсеуші кемені сырттан әкелу мүмкін болмаған. Мамандар теңіздегі кемелердің бірін қайта жабдықтап, бұрын атқармаған жұмысқа бейімдеген. Бұған дейін теңіз табаны зерттеліп, болашақ бағыттың әр шақырымы зерделенген.
Салмағы 600 тоннаға жуық қорғаныш қабаты бар кабель құрлықпен сегіз мың шақырымнан астам жол жүріп жеткізілген. Оны төсеу Әзербайжанның Сумгайыт жағалауынан басталып, Ақтауға қарай жалғасқан. Осы деректердің өзі жобаның екі нүктені сызықпен қоса салудан әлдеқайда күрделі болғанын көрсетеді. Мұнда бай-ланыс технологиясымен қатар тасымал, кеме жабдықтау және теңіздегі жұмысты ұйымдастыру мәселелері қатар шешілген.
Желінің жобалық өткізу қабілеті секундына 400 терабиттен асады. Бірақ көпшілікке осы саннан гөрі оның күнделікті өмірге әсері маңызды. Мәселен, шетелдегі серверге жіберілген сұраудың жауабы неғұрлым тез қайтса, қашықтан қолданылатын қызмет те соғұрлым шапшаң жұмыс істейді. Жаңа бағыт Еуропадағы ірі дерек алмасу тораптарына дейінгі сигнал кідірісін екі есе қысқартуға мүмкіндік береді деген есеп бар. Дегенмен бұл әр үйдегі интернет бірден екі есе жылдамдайды дегенді білдірмейді. Тұтынушы сезінетін сапа ел ішіндегі желінің жағдайына да байланысты.
Байланыс жолының көбеюі жылдамдық үшін ғана қажет емес. Бір бағытта ақау шықса, ақпаратты басқа арнамен жеткізу мүмкіндігі болғаны маңызды. Өйткені интернеттің үзілуі қазір хат алмасуды ғана тоқтатпайды. Саудаға, банк қызметіне, мекемелердің жұмысына да қолбайлау болады. Сондықтан қосымша желінің құны қалыпты күндері байқалмағанымен, байланысқа салмақ түскенде білінеді.
Осы жағынан қарағанда, Транскаспий желісі Қазақстанның сыртқы байланысын әртараптандыруға жол ашады. Алайда жаңа бағыттың болуы өзге елдерге тәуелділік түгел жойылды деген сөз емес. Ақпарат Еуропаға жеткенше бірнеше мемлекеттің аумағынан өтеді. Мұндағы ұтыс – бағыт таңдау мүмкіндігінің кеңеюінде. Ел үшін бір ғана жолға байланбай, бірнеше арнаны қатар пайдалана алудың өзі маңызды.
Игілігі елге бұйырған желі
Қазақстан үшін келесі міндет – ашылған мүмкіндікті экономикаға қызмет еткізу. Қосымша халықаралық арна ірі технологиялық компанияларды тартуға, бұлтты қызметтер мен жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға негіз бола алады. Бірақ байланыс жолының болуы өздігінен жеткіліксіз. Деректерді сақтайтын орталықтар, тұрақты электр қуаты, білікті мамандар және кәсіпке түсінікті талаптар қатар қажет. Сонда ғана теңіз астындағы желі ел ішіндегі жаңа жұмыс пен жаңа қызметке ұласады.
– Былтыр Әзербайжан Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуіне толық мүше ретінде қабылданды, биыл мен осы ұйымға толық мүше ретінде қатыстым. Аталған жоба ынтымақтастықты тереңдетуге қосылған кезекті үлес болды. Яғни бұл желіні Орталық Азия елдері де, Оңтүстік Кавказ жұрты да, одан тысқары елдер де пайдаланады. Осылайша, бүгін жаһандық жобаны іске қостық, – деді Әзербайжан Президенті.
Ал желіні іске қосқаннан кейінгі міндет – оның мүмкіндігін толық пайдалану. «Қазақтелеком» басқарма төрағасы Бағдат Мусиннің айтуынша, жаңа бағыт Қазақстан арқылы өтетін деректер көлемін арттыруға жол ашады. Демек, елдің халықаралық байланыстағы қызметі де кеңеймек. Бұған дейін сырттан ақпарат алатын тұтынушы ретіндегі қажетіміз басым айтылса, енді оны басқа нарықтарға жеткізуден түсетін пайдаға да назар аударылып отыр.
– Қазақстан үшін бұл бірнеше мүмкіндік береді. Біріншіден, деректерді тасымалдау көлемі ұлғаяды. Қытай мен Еуропа арасында тауармен бірге деректерді де тасымалдайтын боламыз. Бұған дейін Орталық Азия мемлекеттері интернетке Ресей мен Қытай арқылы қол жеткізіп келді. Енді Еуропаға шығатын жаңа бағыт ашылды. Франкфурт, Ыстанбұл және басқа қалалармен байланысып, солар арқылы дүниежүзілік интернет желісіне қосыламыз. Осылайша, қосымша бағыт қалыптастырып отырмыз, – деді Бағдат Мусин.
Бұл мүмкіндіктің өңір үшін де салмағы бар. Көрші елдердің жаңа бағытты пайдалануы Қазақстанның байланыс қызметін ұсынатын нарығын кеңейте алады. Алайда оған сұраныс болуы үшін бағыттың ашылғаны жеткіліксіз: қызметтің сапасы мен тұрақтылығы пайдаланушы талабына сай келуі керек. Мусин келтірген сынақ нәтижесі осы тұрғыдан назар аударарлық. Оның айтуынша, сигнал кідірісінің көрсеткіші екі есе жақсарған. Енді осы нәтижені күнделікті жұмыста сақтау маңызды.
Мұндай міндеттің артында желіні салған мамандардың жауапкершілігі тұр. Теңіздегі құрылыс аяқталғанымен, жағалауға жеткізілген кабельді құрлықтағы байланысқа жалғау өз алдына бірнеше жұмысты қажет еткен.
– Кабель төселгеннен кейін жағалаудағы жұмыстарға кірістік. Сүңгуірлер оны жағаға жеткізді. Құрлықтағы мамандар траншеялар дайындады. Одан кейін кабельді жергілікті байланыс желілеріне қостық. Ақтауда да, Сумғайытта да арнайы станциялар салынды. Мұның бәрінің артында инженерлердің, кабель мамандарының, сүңгуірлердің, теңізшілер мен тасымалды ұйымдастырған қызметкерлердің еңбегі тұр. Осы жоба үшін күндіз-түні жұмыс істеген мамандардың барлығына алғыс айтамын, – деді ол.
Мусин атаған бұл жұмыстардан құрылыстың өзара жалғасқан талай кезеңнен тұрғанын көреміз. Енді сол еңбектің жалғасы желіні күтіп ұстаудан, ақаусыз жұмысын қамтамасыз етуден көрінуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, жобаның қайтарымы тартылған кабельдің ұзындығымен ғана өлшенбейді. Негізгі өлшем – оның қанша кәсіпке мүмкіндік бергені, байланыс сенімділігін қалай арттырғаны және өңірдегі технологиялық дамуға қандай үлес қосқаны. Каспийден өткен жаңа жолдың шын бағасын енді осы нәтижелер айқындайды.
Кәмила ДҮЙСЕН