Жас шақырылым арасында ағайынды егіз Константин Судя мен Федор Судя бар. Олар мерзімді әскери қызметке бірге барып, өздерінің азаматтық міндеттерін бірге орындауға шешім қабылдапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ағайындылар 2007 жылы 2 маусымда дүниеге келген және бала кезден жұптары ажырамаған. Олар Ақкөл қаласының №2 орта мектебінде білім алып, кейін Көкшетау колледжінде “Ауыл шаруашылығын механикаландыру” мамандығын оқып шыққан.
Судялар отбасында үш ұл екен. Алайда әскери қызметке тек Константин мен Федор шақырылған, олардың үлкен ағасы денсаулығына байланысты үйде қалған. Осыған қарамастан, егіздер бірауыздан қызметке барып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосу туралы шешім қабылдайды.
Бүгінде жас әскери қызметшілер алғашқы әскери дайындық курсынан өтіп, армия өміріне бейімделуде. Жас сарбаздар мұнда әскери тәртіптің негіздерін меңгереді, жалпы әскери жарғыларды оқиды, дене дайындықтарын жетілдіреді және қару-жарақпен жұмыс істеуді үйренеді. Тәжірибелі офицерлер және сержанттардың басшылығымен олар одан әрі қызметке қажетті білім мен дағдыларды алады.
Константин мен Федордың айтуынша, әскери қызмет жауапкершілікті, тәртіпті және мінезді тәрбиелеуге мүмкіндік беретін әрбір жас жігіттің өміріндегі маңызды кезең болып табылады. Қызмет аяқталғаннан кейін ағайындылар “Сарбаз 2.0” білім беру бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалануды жоспарлап отыр. Бұл бағдарлама мерзімді әскери қызметте ерекшеленген сарбаздарға тегін оқу грантын алуға мүмкіндік береді.
Жас сарбаздардың алдында әскери ант қабылдау, әскери мамандықты игеру және қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қызметтік-жауынгерлік міндеттер тұр.
Ағайындылардың шешімі — отбасылық бірліктің, өзара қолдаудың және Отан алдындағы азаматтық борышын орындауға саналы көзқарастың жарқын мысалы.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.