Оның ішінде ұлттық валютадағы салымдар 18,3%-ға артып, 37,9 трлн теңгеге, шетел валютасындағы депозиттер 9,2%-ға өсіп, 10,1 трлн теңгеге барды. Сондай-ақ депозит құрылымында жеке тұлғалардың салымдары 26,2 трлн теңгеге (15,8%), ал заңды тұлғалардың қаражаты 21,8 трлн теңгеге (16,8%) дейін ұлғайды. Бұл халықтың банк жүйесіне деген сенімін және қаржы институттарының ресурстық базасының нығайғанын көрсетеді.
Десе де, 2025 жылы ел экономикасы инфляциялық қысым жағдайында болғанын жоққа шығара алмаймыз. Баға өсімін тежеу мақсатында ақша-кредит саясаты қатаң деңгейде сақталып, жоғары мөлшерлеме сақталды. Мұндай жағдайда халық қаражатын тұтынудан гөрі депозитке орналастыруды жөн көруі әбден қисынды.
Жалпы, депозиттердің өсуін екі қырынан бағалауға болады. Біріншіден, бұл – қаржылық тұрақтылық факторы. Банктердің қор базасы кеңейеді, сыртқы қарыздарға тәуелділік азаяды. Мұндай жағдай банк жүйесінің сенімділігін арттырып, ықтимал дағдарыстардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Екіншіден, экономикалық өсім тұрғысынан қарағанда, шешуші мәселе – осы қаражаттың қай бағытқа жұмсалатыны. Егер жинақтар өндірістік жобаларға, инфрақұрылымға және бизнесті кеңейтуге бағытталса, онда олар экономиканың сапалы және ұзақмерзімді өсуіне негіз болады. Ал қаражат негізінен тұтынушылық несиелеуге немесе қаржылық құралдарға жұмсалса, оның әсері ішкі сұранысты қысқа мерзімде қолдаумен шектеледі.
Жинақтаудың артуы инфляцияны тежеуге де жанама ықпал етеді, өйткені халық қаражатын жұмсаудың орнына сақтауды таңдайды. Алайда мұндай үрдіс ұзақ сақталса, инвестициялық белсенділіктің баяулауына әкелуі мүмкін.
Жалпы, депозиттегі қаражаттың көбеюі экономикамызға қаншалықты әсер етеді? Бұл жағдайды әлде тек банктер арасындағы қаржы айналымы деп қана түсінуіміз керек пе? Біз қаржы саласындағы сарапшыларға осы сұрақтарды қойдық.
Мағбат СПАНОВ,
ҚазҰУ профессоры:
– Экономикалық теория тұрғысынан алғанда, қаржы ресурстары жинақтауға немесе тұтынуға бағытталуы мүмкін. Сондықтан халықтың депозиттері елдің қаржы жүйесінде оң рөл атқарады және атқаруға тиіс. Бірақ мұнда басқа бір мәселе бар. Банктер бұл қаражаттарды қалай пайдаланады? Оларды қайда салады немесе инвестициялайды? Негізгі үлкен мәселе дәл осы жерде туындайды. Үкіметтің инфляцияны күшейтіп отырған әрекеті мен Ұлттық банктің біліксіз саясатын ескерсек, банктер үшін өндіріске немесе инвестициялық жобаларға «ұзақмерзімді инвестициялар мен салымдар» жасау тиімсіз. Сондықтан олар ақшаны жоғары пайызбен несиеге беруге немесе қаржы құралдарына (көп жағдайда қаржылық алыпсатарлыққа) салуға мәжбүр.
Жалпы алғанда, халық пен ұйымдардың жинақтары қаржы институттарын дұрыс ұйымдастыру және тиімді басқару жағдайында ұлттық экономикада әрдайым тұрақтандырушы рөл атқарады.
Жания САНДЫБАЙ,
Qazaq Expert Club қаржыгері:
– Қаржы сарапшысы ретінде атап өтсем, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда депозиттердің несиелерден асып кетуі экономикалық серпіліс белгісінен гөрі «қауіпсіз стагнацияны» білдіреді. Бұл теңгемен өтімділіктің өскенін көрсетеді, алайда экономика үшін нақты пайдасы шектеулі, өйткені қаражаттың басым бөлігі өндірістік секторға емес, тұтынушылық несиелерге (21%) бағытталуда.
Халық инвестиция салғаннан гөрі жинақтауды жөн көреді, бұл экономикалық өсімді баяулатады. Салымдар өсіп жатқанымен, банктер қаражатты көбіне Ұлттық банктің қауіпсіз ноталарында сақтауды немесе нақты бизнесті емес, тұтынуды несиелеуді жөн көреді (ШОБ несиелері 5,7%-ға өсті, ал тұтынушылық несиелер 21%-ға артты).
Сондай-ақ бұл жағдайды көбіне салымшының қалтасынан қарыз алушының қалтасына банктік жүйе арқылы (банктердің жоғары таза табысы – 2,7 трлн теңге жағдайында) қаражатты қайта бөлу деп есептеуге болады.
Жоғары мөлшерлеме мен өтімділікті стерилизациялау арқылы Ұлттық банк экономиканы саналы түрде «салқындатып», инфляциялық қысымды төмендетіп отыр. Депозиттердің несиелерден артуы – осы саясаттың жанама, бірақ күтілетін нәтижесі. Бұл аномалия немесе жүйенің іркілісі емес, қатаң ақша-кредит саясаты мен экономикалық агенттердің қымбат ақшаға бейімделуінің заңды салдары. Мәселе мұндай құрылым тым ұзақ сақталып, инвестициялар, тұтыну және өсімді тежей бастағанда туындайды. Сонда тұрақтылық стагнацияға айналады.
Венера ЖАНАЛИНА,
Qazaq Expert Club қаржыгері:
– Дамушы экономикалар үшін мұндай конфигурация қалыпты құбылыс. Депозиттердің өсуі банктік секторға деген сенімді және тұрақты ресурстық базаның қалыптасқанын көрсетеді. Теңгедегі жинақтардың жоғары үлесі – макроқаржылық тұрақтылықтың және сыртқы қорландыруға тәуелділіктің азайғаны.
Банктер халықты ғана емес, бизнеске де несие береді: барлық қарыздың шамамен 38%-ы заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге, шамамен 17%-ы ипотекаға және 45%-ы тұтынушылық несиелерге тиесілі.
Бұл қаражат тек сол салымшыларға қайтарылып қоймай, экономиканың әртүрлі секторы арасында қайта бөлінетінін білдіреді. Банктік жүйе қаржылық делдалдық функциясын атқарады. Жинақтарды несиелерге, инвестицияларға және бюджеттік қаржыландыруға трансформациялайды.
Жалпы, депозиттердің халыққа берілген несиелерден асып кетуін «банктер арасындағы ішкі айналым» деп түсіндіруге болмайды. Бұл, ең алдымен, қаржылық тұрақтылықтың белгісі. Ал экономикалық өсімге ықпалы банктік жүйенің жинақталған ресурстарды Қазақстанның нақты секторын дамытуға қаншалықты тиімді бағыттайтынына байланысты. Деректер несиелердің жалпы көлемінде бизнестің үлесі едәуір екенін көрсетеді, дегенмен анағұрлым үлкен үлес бөлшек несиелерге тиесілі. Олар ішкі сұранысты қолдайды, бірақ өндірістік қуаттардың немесе инвестициялардың өсуіне тікелей ықпал етпейді.
Айгүл СЕЙІЛ