Ақмола облысында да бұл бағыттағы басты қозғаушы күш – «Таза Қазақстан» республикалық акция аясында жүргізіліп жатқан ауқымды іс көп. Осыған дейін өңірде сенбіліктер түрінде ғана ұйымдастырылып келген тазалық шаралары ендігі кезекте ересектермен қатар жастардың да өміріне тыңнан түрен салғандай.
Экологиялық мәдениет: сандар мен серпін
Облыс аумағында экологиялық мәдениетті дамыту бағытындағы жұмыстардың ауқымы да жыл сайын кеңейіп келеді. Мәселен, тек былтырдың өзінде облыс бойынша 2 900-ден астам экологиялық акция ұйымдастырылып, оған 320 мыңға жуық жас қатысқаны мәлім. Бұл өңір жастарының табиғатты қорғау ісіне бейжай қарауды қойып, қоршаған орта ахуалының маңызын жете түсініп, баса мән бере бастағанын айғақтай түседі.
Жыл бойы өңірдің барлық аймағын толықтай қамтыған тазалық акциялары барысында жастар қоғамдық аумақтарда қордаланып қалған күл-қоқыстарды тазалаудан бастап, аулаларды абаттандыру, ағаштарды әктеу, өзен арналары мен демалыс орындарын ретке келтіру сияқты аса маңызды істерге белсене араласқан.
Бұл жұмыстар тек тазалықпен шектелмей, жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға, табиғатқа жанашырлық көзқарас қалыптастыруға негіз болып отыр. Жастардың өзі де мұндай бастамалардың маңызын ерекше атап отыр. Олардың тың жұмыстарға деген көзқарасы мен белсенділігі экологиялық санасының жаңа деңгейге көтерілгенін айқындайды. Осы ретте еріктілердің пікірі де ерекше мәнге ие.
– Біз «Таза Қазақстан» акциясын жай ғана шара ретінде емес, ортақ жауапкершілік деп қабылдаймыз. Қаламыздың тазалығы мен экологиясын сақтау – әрқайсымыздың қасиетті борышымыз. Осындай бастамалар арқылы біз табиғатқа деген жанашырлықты арттырып қана қоймай, өңіріміздің дамуы мен көркеюіне де өз үлесімізді қосып келеміз деп ойлаймын, – дейді «Мейірім» волонтерлік ұйымының мүшесі Ақсұңқар Қуат.
Бұл пікір бүгінгі жастардың экология мәселесіне бейжай қарамайтынын, керісінше, оны өз өмірлік ұстанымына айналдыра бастағанын аңғартады.
«Қарлы десант»: қыстағы игі бастама
Экологиялық бастамалардың ішінде теріскей аймақтар үшін ерекше маңызға ие жобаның бірі – «Қарлы десант» акциясы. Қыс мезгілінде жүзеге асырылатын бұл жобаның бір ерекшелігі сол – тек экологияға емес, әлеуметтік жауапкершілікке де баса назар аударылады.
Мәселен, тек былтырғы жылдың басынан бері облыс бойынша 400-ден астам іс-шара өткізіліп, оған 13 мыңнан астам ерікті мен жастар ұйымдарының өкілі тартылған. Осы сандар акцияның жастар тарапынан кеңінен қолдау тапқанын айғақтайды. Жұдырықтай жұмылған істің қашанда берекесі мен берері де мол емес пе?! Жер қайысқан жастардың тегеурінді әрекетінің арқасында өңірде 600-ден астам әлеуметтік нысан – мектептер, ауруханалар, ескерткіштер мен қоғамдық орындар омбы қардан тазартылған.
Сонымен қатар акция аясында жалғызбасты қарттарға көмек көрсету де жолға қойылғанын атап өткен жөн. Мәселен, тек облыс орталығы Көкшетаудың өзінде еріктілер 100-ден астам қарттың ауласын қасат қардан тазалап, тұрмыстық қолдау көрсеткен. Облыс бойынша мұндай көмек 500-ге жуық көнекөз қарияға көрсетіліп, жастарды ақжарма алғысқа бөледі. Бұл өңір жастарының табиғатқа ғана емес, қоғамға деген жанашырлығын танытатын маңызды қадам екені даусыз.
Білім мен жауапкершіліктің тоғысы
Экологиялық мәдениетті қалыптастыруда білім беру бағытындағы іс-шаралардың да орны аса ерекше. Соның айқын мысалы – «Экосана» интеллектуалдық квиздері десек қателеспеспіз. Мәселен, осы жылдың 10 наурызында Целиноград ауданына қарасты Қаражар ауылында өткен куизге 300-ден астам жас қатысып, экологиялық мәселелер бойынша білімін сынға салды. Дәл осындай форматтағы іс-шаралар Сандықтау ауданы мен Степногорск қаласында да ұйымдастырылыпты.
Куиз барысында қатысушылар қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізу, су және жер ресурстарын тиімді пайдалану, ауылдық аумақтардың санитарлық жағдайын жақсарту сияқты ел экологиясы үшін аса маңызды ұсынысын ортаға салды.
Степногорск қаласында ұйымдастырылған «Таза Қазақстан – болашақтың бастауы» атты квиз де жастардың экологиялық ойлауын дамытуға ықпал еткенін атап өткен жөн. Мұнда қатысушылар теориялық біліммен қатар, практикалық тапсырмалар орындап, қордаланған мәселелерді түзетуге бағытталған нақты шешімдерін ұсынды.
Елорданың іргесіндегі Қосшы қаласында өткен «Экоәдеттер» апталығы экологиялық мәдениеттің тек акциямен шектелмейтінін айғақтап берді. Бұл жоба аясында жастар күнделікті өмірде де экологиялық әдеттерді қалыптастыруға болатынын нақты дәлелдермен жұрт назарына ұсынды. Жастар қарапайым әдеттердің өзі үлкен өзгерістерге бастайтынын нақты іспен дәлелдеп берді.
Шара барысында игі бастамаға мұрындық болған қатысушылар көп реттік ыдыстарды қолдану, пластикті азайту, макулатураны бөлек жинау, шоппер пайдалану сияқты қарапайым, бірақ тиімді әрекеттер арқылы қоршаған ортаны қорғауға болатынын көрсетті. Бастама аясында үн қатқан жастар қоршаған ортаны қорғауды күнделікті өмір салтына айналдыруға ерекше мән беріп отыр. Осындай саналы жастың бірі – Қосшы қалалық Жастар ресурстық орталығының волонтері Аружан Борамбаева. Оның айтуынша, экологиялық жауапкершілік ең алдымен әр адамның жеке таңдауынан басталады.
– Мен «Таза Қазақстан» жобасын толық қолдаймын. Қазір экоәдеттер апталығы басталды. Осыған байланысты өз тәжірибеммен бөліскім келеді. Мәселен, өз басым күнделікті өмірде пластик бөтелкелер мен бірреттік ыдыстардан бас тартып, олардың орнына шыны ыдыстарды қолдана бастадым. Сонымен қатар үнемі өзіммен бірге шоппер алып жүремін. Бұл – күтпеген жерден дүкенге кірген жағдайда пластик пакеттерден бас тартуға мүмкіндік береді. Осындай шағын қадамдардың өзі қоршаған ортаның тазалығына оң әсерін тигізеді деп сенемін, – дейді ерікті А.Борамбаева.
Бұл экологиялық мәдениетті қалыптастыру ірі акциялардан ғана емес, әр адамның күнделікті өміріндегі қарапайым да саналы таңдауынан басталатынын көрсетеді.
Наурызнамадағы экологиялық үн
Өңірде Наурызнама онкүндігі аясында өткен «Тазару күні» де экологиялық мәдениетті насихаттаудың жарқын үлгісіне айналды. Көкшетау қаласында өткен аса ауқымды акцияға 200-ге жуық ерікті қатысып, аса үлкен ауқымда ұйымдастырылған Наурыз мерекесінен кейін шаһардың көрікті орнының бірі «Жаңа жағалау» аумағын қоқыстан тазартып шықты.
Екі шақырымға жуық аумақты қамтыған бұл жұмыс тазалық шарасы ғана емес, қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам болды десек, артық айтпаспыз. Волонтерлер мерекелік шарадан кейін шашылып қалған пластик және шыны қалдықтарды жинастырып, демалыс орындарын ретке келтірді.
Ұйымдастырушылардың дерегіне сенсек, жыл басынан бері қалада 50-ге жуық осыған ұқсас акция ұйымдастырылған. Алдағы уақытта ағаш отырғызу, арықтарды тазалау, ескерткіштерді абаттандыру сияқты жұмыстар жалғаса бермек.
Экологияны насихаттаудың жаңа деңгейі
Халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруда ақпараттық жұмыстардың да рөлі ерекше екені сөзсіз. Ақмола облыстық Ішкі саясат басқармасының дерегінше, тек жыл басынан бері ғана «Көкше ТВ» телеарнасында 4 бейнеролик пен 32 сюжет эфирге шыққан. Сондай-ақ өңірлік басылымдарда 115-тен астам, республикалық БАҚ-та 40-тан астам жарияланым жарық көрсе, әлеуметтік желілерде 33 мыңнан астам ақпараттық пост жарияланған.
Бұл көрсеткіштер экологиялық тақырыптың қоғамдағы өзектілігін арттырып, халықтың назарын табиғатты қорғау мәселесіне аударуда маңызды рөл атқарып отыр.
Ұсынылған деректерге сүйенсек, бүгінде Ақмола облысында 62 волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Жалпы еріктілер саны 3,5 мыңнан асады. Олар экологиялық акциялармен қатар, әлеуметтік бағыттағы жұмыстар мен жобаларға да белсенді қатысып отыр.
Еріктілердің бастамалары қоғамдағы өзара көмек пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етіп отырғанын атап өткен жөн. Әсіресе, қарттарға көмек көрсету, табиғатты қорғау және қоғамдық кеңістіктерді жақсарту бағытындағы жұмыстар олардың маңызын арттыра түсуде.
P.S.
Ақмола облысында жүзеге асырылған экологиялық бастамалар жастардың санасында жаңа құндылықтардың қалыптасып келе жатқанын аңғартады. Яғни, бүгінгі жас буын табиғатты қорғауды міндет емес, өмірлік ұстаным ретінде қабылдай бастаған. «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар тек қоршаған ортаны тазартумен шектелмей, қоғамда экологиялық мәдениетті, жауапкершілік пен белсенді азаматтық позицияны қалыптастыруға бағыттайды.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы