in

Жан саулығы жанашырлықтан басталады

Қазақстанда психологиялық көмекке деген сұраныс артып келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенетін болсақ, елде психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстармен 200 мыңнан астам адам тіркеуде тұр. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректері бойынша 2022 жылы 3 700-ге жуық адам өз-өзіне қол жұмсаған, оның ішінде 234-і кәмелетке толмағандар. Қазақстанда көп адамдар қолжетімділіктің болмауына байланысты мамандарға жүгінуге қиналады.  

Психологиялық көмек көрсету туралы заңның қабылдануы халықтың денсаулығын жақсартуға, кәсіби мамандардың қызметін реттеуге және сапалы көмекке қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұндай заң жобасының пайда болуы еліміздегі қоғамның белгілі бір даму сатысына өтуін білдіреді. Психология ғылымдарының кандидаты Алмат Сәбитұлының айтуынша, бұл тек халыққа көмек қана емес, кәсіби психолог мамандардың жұмысын реттеуге көмектеседі. Алайда бәрібір де кез келген жаңа жобаның кем тұстары мен қауіптері болады.

«Бүгінгі адамдар өзінің менталды денсау­лығына аса қатты мән беруге тыры­сады, соның арқасында психолог пен психиатр мамандарына сұраныс бұрынғыдан қарағанда әлдеқайда артып отыр. Бұл заң жобасы іске асырылатын болса, психология­лық көмек жетіспей жүрген адамдардың жасайтын қисынсыз немесе заңсыз әрекеттеріне тосқауыл болуға болады. Себебі адамның жан дүниесін зерттегеннің арқасында көп ақпарат біліп алуға немесе көп затқа қол жеткізуге болады», – дейді Алмат Сәбитұлы.

Бүгінде кәсіби психологтерден басқа, осы саланы бизнесқа айналдырып, жоғары білім алмай, Instagram сияқты платформа­ларда әртүрлі орынсыз  ақпарат беретін, өздерін өзі тағайындап алған психологтер көбейіп бара жатыр. Алмат Сәбитұлының пікірінше, ондай «мамандарға» тіпті тыйым салуға да болады.

«Егерде осы заң жобасы қабылданатын болса, оның аясында жұмыс жасайтын адамдар құзыреті, білімі және тәжірибесі бар нағыз психологтер болуы – талап. 2-3 айлық курс оқып, кең аудиторияға жалған ақпарат тарататын адамдарды ешқашан бұндай жауапкершілігі мол жұмысқа жолатуға болмайды. Әр маман өз жасаған ісіне және оның нәтижесіне жауап бере білуге тиісті. Ал психологияны шоуға айналдырып, тек өз жеке басының пайдасы үшін жұмыс істейтін адамдар бұндай мақсаттарды түсіне алмайды, себебі олардың мотивациясы – ақша мен танымалдық. Адам баласының санасы ойыншық емес», – дейді маман.

Кәсіби психологтердің халық арасындағы танымалдылығын псевдо-психологтардан қарағанда арттыруға көптеген тәсілдер бар. Алмат Сәбитұлы ондай эффективті тәсіл­дердің бірін жарнама және репрезентация деп санайды.

«Әлеуметтік желілерде алаяқтар үгіт-насихаты емес, құзыреті бар мамандардың орны көбірек болуы керек. Нағыз психологтер және олардың жұмыс бағыты мен жетістіктері туралы контент пен жарнама көп болғанда, біршама пайда әкелетін еді. Менің ойымша, бұндай іс-шара жауапкершілікті арттыруға үлкен септігін тигізеді. Себебі бұл адамдар үлкен аудиторияға таныла бастағанда, айтылған кез келген сөзінің әсерінің мол екенін түсіне бастайды.

Бұл заң жобасының әлі қандай болатыны белгісіз. Алайда Алмат Сәбитұлының пікі­рінше, мына дүниелерді ескерсек, еліміздегі тегін психологиялық көмек саласы әлдеқайда жақсы болуға тиіс. 

«Психолог ретінде бұл заң жобасына келесі ұсыныстарды қосар едім: әр мектепте және колледжде тұрақты жұмыс істейтін кәсіби психолог маман болуға тиіс. Сонымен қатар халыққа арналған тегін және құпия психологиялық кеңес беру қызметін көбейту қажет. Адамдар психологқа жүгінуден ұялмауы үшін, психологиялық көмек туралы ақпаратты түсіндіретін әлеуметтік роликтер мен бағдарламалар жасау маңызды. Осы іс-шаралар халықтың психологиялық саулығын сақтауға көмектеседі деп ойлай­мын», – дейді ол.

 Қоғамның психологиялық саулығы – елдің болашағын дамытудағы біршама маңызды рөл ойнайтын факторларлың бірі. Адам жанын емдеу – көзге көрінбейтін, бірақ аса маңызды жұмыс. Психологиялық көмек туралы заң – тек мамандарды реттеу құралы ғана емес, ол әр азаматтың ішкі жан дүниесіне қамқорлық көрсетуге бағыт­тал­ған маңызды қадам. Бұл заң жобасы арқылы біз сенімді әрі қауіпсіз орта қалып­тастырып, әрбір адамға психологиялық қолдау қолжетімді болуына жол ашамыз.

 

Меруерт Сәбитова, ЕҰУ студенті