Камчаткадағы зілзала – тосын апат емес, ғалымдар бұған 30 жылдан астам уақыт бойы дайындалып келген, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Бұл туралы Айқын газеті жариялады.
Ресей ғылым академиясының Жер физикасы институты директоры Сергей Тихоцкийдің айтуынша, аймақта күшті жер сілкінісі болатыны жайлы ұзақмерзімді ғылыми болжам бұрыннан бар еді. Соның негізінде Камчаткада арнайы инженерлік бағдарламалар қолға алынып, сейсмикалық төзімділік бойынша инфрақұрылым қайта қаралған.
– Бұл соңғы 30 жылда ең нақты болжанған апат болды. Бізде аймақта міндетті түрде күшті дүмпу болады деген болжам негізінде ғимараттарды нығайту, жаңа құрылыс талаптарын өзгерту, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарды пысықтау шаралары жүрді, – деді Тихоцкий.
Ғалымдар Камчатканың геологиялық орналасуы, яғни Тынық мұхитының сейсмикалық белсенді «Отты шеңберінің» құрамында болуы өңірді үнемі бақылауда ұстауға мәжбүр ететінін айтады. Бұл аймақтағы тектоникалық тақталар шекарасы жиі қозғалыста болады, ал олардың соқтығысуы үлкен дүмпулерге алып келуі ықтимал.
Камчатка билігі мен Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігі соңғы жылдары сейсмологиялық бақылау жүйелерін жаңартып, халықты құлақтандыру және эвакуациялау механизмдерін жүйелеуге мән берген. Соның нәтижесінде, биылғы зілзала кезінде адам шығыны болмаған және тұрғындар арасында дүрбелең аз болған.
Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта климаттық өзгерістер мен теңіз деңгейінің көтерілуі сейсмикалық белдеулерде орналасқан елдер үшін қауіп-қатерді арттыра түсуі мүмкін.
Айта кетер болсақ, жақында Ресейдің Қиыр Шығысындағы Камчатка түбегінде соңғы онжылдықтағы ең жойқын жер сілкінісі тіркелді. 8,7 магнитудалы қуатты дүмпу 30 шақырым тереңдікте орын алған. Ресей ғылым академиясының мәліметінше, бұл апатты соңғы 30 жыл бойы ғалымдар күткен әрі алдын ала болжанған зілзалалардың бірі болған.