Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың статистикалық мәліметінше, жыл сайын 300 адам кезегі жетпей, «Күту парағынан» шығады. Былтыр 4 506 адам күту парағында болса, оның 342-сі көз жұмған. Әр күнін үмітпен өткізетін бұл жандарды құтқарып қалудың жолы жоқ емес, бар. Оның басты шешімі – мәйіттік донордың әлеуетін арттыру. Дәрігерлердің айтуынша, 10 мәйіттік донор арқылы 50 адамның өмірін құтқарып қалуға болады. Өкінішке қарай, мәйіттік донор бағытын дамытуға бірқатар жайт мүмкіндік бермей келеді. Негізгі себеп – қоғамдағы қате түсінік пен қолданыстағы ереженің осал тұсы.
Қазір еліміздің кез келген азаматы көзі тірісінде eGov.kz порталына кіріп, қайтыс болғаннан кейін ағзаларды транспланттау мақсатында ерікті түрде келісім бере алады. Ерікті түрде келісім берудің екінші әдісі – бекітілген емханаңызға барып, тіркеу бөліміндегі мамандардың көмегімен «Трансплантаттау мақсатында ағзалардың және тіндердің (тін бөлігінің) қайтыс болғаннан кейінгі донорлығынан тірі кезінде бас тарту немесе келісім алуды тіркеу» формасын толтырасыз. Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру орталығы директорының орынбасары Назгүл Жылгелдинаның айтуынша, «Қазақстан – әлемде донор болуға келісімді де, қарсылықты да тіркеп қойған жалғыз ел». Бұл трансплантация саласындағы қызметтерді реттеудің бірден-бір артықшылыққа ие тетігі болғанымен, ереженің шикі тұсы барын да жоққа шығармаймыз. Мәселен, бұл форманы толтырған 130 мың адам донор болудан бас тартса, 7 мың адам ғана келісім берген, алайда қолданыстағы ережеге сәйкес, келісім берген 7 мың адам көз жұмса, мәйіттік донор ретінде қарастыру үшін жақын туыстарының келісімі міндетті түрде қажет болады. Егер де туыстары қарсылық танытса, өкінішке қарай, марқұмның көзі тірі кезіндегі келісімінің күші жойылады. Мысалы, 2025 жылғы дерекке сүйенсек, 184 ықтимал донор анықталғанымен, олардың 19-ының ғана туысы келісім берген. Олардың 18-інің жағдайы медициналық көрсеткіштерге сәйкес келіп, 68 трансплантациялық ота сәтті өтті. Бұл – өте төмен көрсеткіш болғандықтан, ойландырарлық мәселе. Әлемде бір мемлекет «келісім презумпциясын» негізге алса, басқа мемлекет «бас тарту презумпциясын» қолданады, ал бізде іс жүзінде «сұралған» келісім презумпциясы іске асады деген сөз, яғни марқұмның көзі тірісінде келісімі болса да, нақты шешім туыстардың рұқсатымен ғана қабылданады.
Мәйіттік донордың үлесі төмен
Елде трансплантация бағдарламасы 2010 жылдардан бастау алды, бүгінге дейін 3 мыңға жуық трансплантациялық операция өтсе, оның 85 пайызы туыстық донорға тиесілі, яғни тірі адам донор болған. Демек, елімізде тірі донор болудың үлесі 80-90%-ға жетсе, әлемдік тәжірибеде, керісінше, мәйіттік донор бағыты 70-80% жағдайда қолданылады. ТМД аумағын қарастырсақ, Беларусь елінің өзінде бұл жүйе едәуір қалыптасқан. Беларусь елінде адам тірісінде донор болуға қарсылық білдірмесе, бірден мәйіттік донорлыққа келіскен деп саналады, сол себепті күту парағындағы науқас саны 200-ден аспайды, ал пациент ағзаны ұзақ күтіп әуре болмайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, бүгінге дейін 12 мыңнан аса адам мәйіттік донорлыққа келісім берген, ал 13 мың азамат бас тартқан. Келісім бергеннің бәрінің ағзасы медициналық талапқа сай келмесе, трансплантацияға жарамасы анық әрі порталға кіріп, ерікті болуға немқұрайлы қарайтындар да көп.
– Трансплантацияны үйлестіру саласында донорлық белсенділік деген ұғым бар. Донорлық белсенділік – елдегі бір миллион халыққа шаққандағы донорлық көрсеткіші. Әлемде донорлық белсенділігі жоғары елдер қатарына Испания, Америка және Еуропа елдерін жатқызамыз. Испанияда 2024 жылы 1 миллион халыққа шаққанда – 53 донор, Америкада 50 донорға жетті. Елімізде мәйіттік донор белсенділігі өте төмен деңгейде. Әрбір адам eGov.kz порталындағы жеке кабинетіне өтіп, келісім бере алады немесе қарсылық таныта алады. Келісім берген адамдардың саны төмен, тіпті порталға кіріп, мәселеге көңіл бөліп, өзі жайында ақпар қалдырмайды, – дейді University Medical Center-дің Медициналық және реттеуші сұрақтар бойынша департаментінің басты менеджері Сәуле Талғатқызы.
Маманның сөзінше, бір дүниені қаперде ұстау керек, адам келісім бергеннің өзінде донор болу мүмкіндігі төмен. Донор болу үшін адам реанимацияда болу керек және бас миының өлімі диагнозы бірден қойылмайды, арнайы комиссия бір тәулік ішінде әрбір 2-3 сағат арнайы тексеріс жасайды. Диагноз тіркелгеннен кейін де мәйіт бірнеше мәрте тексеруден өтеді, егер ішкі мүшелерінде инфекция анықталса немесе жарамсыз болса, ол адам донор бола алмайды.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын жылына 2-4 донор ғана табылатын. 2025 жылы ғана мәйіттік донор саны сәл артты, 18 мәйіттік донор болды. Қазір 4 мыңнан аса адам трансплантацияға мұқтаж, оның ішінде 236 адам бауыр трансплантациясы бойынша күту парағында тұр, бауырға мұқтаж 20 шақты бала да бар. Трансплантация жасалмаса, өлім қаупі жоғарылайды. Жыл сайын 250-300 адам дүние салады және сонша адам жыл сайын күту парағына қосылады, – дейді С.Талғатқызы.
Бауырға мұқтаждық артты
Трансплантология саласы күннен-күнге дамып келеді, егер де донор табылса, операция жасауға қажет технологиялық база да, шетелден білім-білігін шыңдап келген мамандар да жеткілікті. Таяуда University medical center орталығында Гепатобилиарлы хирургия және бауыр трансплантациясы бөлімі ашылды. Бұл сала бауыр бөлігін алу, өт қабын алып тастау, ісіктерді жою, өт жолын қайта құру секілді бірнеше күрделі операцияны қатар жасауға бағытталған.
– Бұрын күрделі операциялар үшін шетелге баруға мәжбүр болдық, қазір бәрін өзіміз атқара аламыз. Келесі стратегиялық қадам – бауыр трансплантациясының толыққанды бағдарламасы. Әлемдік деңгейдегі JCI стандартына сәйкес инфрақұрылым, сарапшылық деңгейдегі жабдықтар, білікті мамандар – қажеттінің бәрі базамыздан табылады. Қолымызда саланы жаһандық деңгейде дамыту, Қазақстанды Орталық Азиядағы жоғары технологиялық медицинаның аймақтық хабына айналдыру мүмкіндігі бар, – дейді бөлім жетекшісі Дмитрий Львович.
Хирургтың айтуынша, қазір бүйрекпен қатар бауыр трансплантациясына мұқтаж науқастардың қатары артқан. Оған себеп – бауыр циррозы. Мұны жаһандық деңгейдегі пандемия десек те болады, ауру жыл сайын әлемдегі 1.3 миллионнан аса адамның өмірін жалмап отыр. B және C вирустық гепатиті, метаболикалық синдроммен байланысты алкогольсіз майлы бауыр ауруы да артып келеді, алкогольді көп тұтыну да жығылғанға жұдырық. Бұл аурулар дер кезінде емделмесе, қатерлі ісікке ұласады, бауыр ауруы ұзақ уақыт симптомсыз өтетіндіктен, пациенттер көбіне-көп кеш емге келіп жатады, сол үшін де уақытылы тексерілу өте маңызды.
– Хирург қаншалықты талантты болса да, бір мәселені толық шеше алмайды. Бауырдың қатерлі ісігін емдеуде, гепатолог мүше функциясын тұрақтандырады, гепатобилиарлы хирург күрделі резекцияларды орындайды, интервенциялы радиолог ісікті жою әдістерін қолданады, эндоскопист асқыну қаупін бақылайды. Бірлескен бағытта біз осындай экожүйе құрдық, ал трансплантология саласында мәйіттік донор жүйесін дамыту қажет, себебі бұл жүйе жаһандық стандартқа негізделген. Біз солай ғана жүздеген, мыңдаған адамды күту тізімінен шығара аламыз. Дамыған қоғамда жердегі миссияңыз аяқталған сәтте басқа адамға өмір сыйлау гуманизмнің ең жоғары актісі ретінде қалыптасқан, бізге осындай ұлттық жүйе құру қажет, – дейді хирург.
Осыдан біренеше жыл бұрын елімізде алғаш рет синтетикалық протезбен бауыр трансплантациясы жасалды. Операцияның ерекшелігі, науқастың бауырымен қатар жүректі жалғап тұрған қан тамырлары да ауыстырылған. Отаны Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығының мамандары жасады. Екі баланың анасы Мөлдір Мұстафина бауыр ауруымен 7 жыл күрескен, осы арада альвеококкоз паразиті бауырды түгелдей жеп, өт жолы мен қан тамырларын қысып, жүрекке жеткен. Оған мәйіттік донор табылмай әрі жағдайы ушығып кеткендіктен, ағасы бауырының 65%-ын сыйлап, өмірін сақтап қалды. Дегенмен де, тірі адамның ағзасына иек арта беруге де болмайды, себебі кей науқастың организмі жақындарының да органын көтере алмайды. Бір науқасқа ағасы да, анасы да бір бүйрегін беріп, алайда екеуінікі де жарамай қалатын, керісінше бірнеше адамға қауіп төнетін жағдай да жетерлік. Қуаныштысы, Мөлдірдің ағасының жағдайы жақсарып, бауыры қалпына келген. Ал қарындасы өмірге қайта келдім деп жүргенде, ауыр жол апатына ұшырап, тағы да операцияға түседі. Оның бауыры қайта зақымдалып, бір өлімнен аман қалады. Мөлдір бүгінге дейін жалпы 11 операциядан өткен.
Қазір әлемде жасанды жүрек, қан тамырын өткізгіштер, жасанды бауыр алмастыру бағыты та дамып келеді, алайда жасанды орган донор табылғанға дейін өмірді ұзартудың уақытша шешімі ғана. Сол себепті де, қайтсек те, донорлық жүйені дамытудың жолы ауадай қажет.
Айсұлу СЪЕЗХАН