Көрнекті ақын Жәркен Бөдешұлының осы көркем жыр жолдары әр қазақтың көңіл пернесін дөп басқандай. Себебі домбыра – жай ғана аспап емес, халқымыздың қадір-қасиетін, шерлі шежіресін шертетін ұлы мұра. Қос ішектің құдіретіне бойласақ, оның тарихы тым тереңде жатқанын байқаймыз. 2010 жылы Алтай тауының Моңғолия аумағындағы көне үңгірлерінен табылған жәдігер мұны бұлтартпай дәлелдейді. Ғалымдар бұл жәдігердің шамамен 1 500 жылдық тарихы бар екенін, яғни біздің заманымыздың V ғасырында жасалғанын анықтады. Осы бір қасиетті қара ағаш ер жігіттің бес қаруымен жанында қатар жүрген.
Нағыз көшпендінің өзі аттың құлағында ойнаса, қолы домбыраның қос ішегінде ойнаған. Ел аузындағы аңыздарға сүйенсек, Жошының қазасын Шыңғыс ханға естіртуге ешкімнің батылы бармаған кезде Кетбұға жырау дәл осы домбыра күйімен қаралы хабарды жеткізген екен. Тіпті, орта ғасырларда ғұмыр кешкен ғұлама әл-Фараби мен кейінгі дәуірдегі хәкім Абай да домбыра үнінің адам жанына шипа болар қасиетін атап айтқан. Сондай-ақ ұлы даланы адуынды арынымен тербеген Құрманғазы күйшісіз қазақ руханиятын көзге елестету қиын. Оның туындылары түсінген адамды жылатады да, жұбатады да, шамына тиіп, шабытын қайрайды да. Құрманғазы – сонау кер заманның өзінде ұлттық сананы асқақ күйлерімен оятып, қайратына қайта мінгізген тұлға. Көзі тірісінде қазақ сазының сайыпқыраны атанған Нұрғиса Тілендиевтің мұрасы – өз алдына бір төбе. Тыңдарман жүрегіне жол тауып, отандық фильмдерді әсем әуенмен әрлеген дауылпаз дарын сал-серілердің соңғы тұяғы іспетті. Ол уақыттың өктемдігіне бағынбай, бағыт-бағдарынан айнымай, туған топыраққа табанын нық тіреп тұрып арман-аңсарын дыбысқа айналдырды. Дәстүрлі музыканың әрін тайдырмай, нәрін жоғалтпай, өзіне тән кәсіби шеберлігімен жарқырады. Сол сияқты Төлеген Момбековтің «Салтанатын» ұйып тыңдамаған қазақ кемде-кем шығар. Зәулім бәйтеректің бұтағына қонақтап, тамылжыта сайраған сандуғаш іспетті Қаршыға Ахмедияровтың өнері – өзінше бөлек әлем. Тереңнен толғап, көнекөздердің мирасын сары алтындай сақтаған біртуар композитор-орындаушы домбыраны әлемге әйгіледі. Талай мұрағаттың шаңын үрлеген Таласбек Әсемқұловтың да еңбегі ерен. Ғалымдардың есептеуінше, қазақ күйлерінің 3 пайызы осы кісінің арқасында бүгінгі күнге бүлінбей жеткен көрінеді. Өзі де өнерге қара жаяу емес, орындаушылығы мен сазгерлігі сан қатпарлы саңлақ еді. Жасарал Еңсеповтің домбыра, эстрада, күй және күйшіні біріктіріп, қазіргі заман ағымына лайықтап, ДЭККО жанрының қалыптасуына сіңіргенін де айналып өте алмаймыз. Жалпы, әр халықтың тарихтағы орны жалпы адамзат мәдениетіне қосқан үлесімен өлшенеді. Ал қазақтың ұялмай алға тартатын құндылығы домбыра болса керек. Осынау киелі аспап ғасырлар қойнауында қалып қоймай, XXI ғасырда жас ұрпақтың жадында жаңғырса, бұл үшін біз жаңағы алыптарға қарыздармыз. Таласбек Әсемқұловтың жазуынша, баяғыда қазақтар жақсы домбырашыны «айтқыш екен» деп мақтаған деседі. «Шерткіш» емес, «тартқыш» емес, «айтқыш» депті. Өйткені шын күйші ой-пікірін дыбыс тіліне айна-қатесіз аударады.
Иә, домбыра сөйлейді, домбыра мұң шағады, домбыра күледі, домбыра жылайды, домбыра жырлайды. Домбыра сазымен бір күлдіріп, бір жылата білетін дәулескер өнерпаздар қазір де аз емес. Сондықтан шығар, Қазақстанда 2018 жылдан бері шілде айының алғашқы жексенбісінде Ұлттық домбыра күні кең көлемде тойланады. Бұл мерекенің негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарымызды, ата-бабамыздан қалған қастерлі өнерімізді дәріптеу және рухани болмысымызды жаңғырту. Бүгінде бұл мерекенің мемлекеттік деңгейде тойлануына кезінде жастар бастаған үлкен қозғалыстың септігі тиді. 2012 жылы бір топ белсенді қазақ блогерлері KerekInfo платформасында бас қосып, Dombyra Party флешмобын ұйымдастырды. Жобаның басы-қасында Аршат Оразов, Алдан Жылгелді, Нұрғиса Асылбеков, Маралбек Сағынғанов, Жанасыл Болатбек, Данияр Алан, Алмас Алтай, Нұрберген Мақым сынды ұлтжанды жастар тұрды.
Қозғалыстың басты ерекшелігі ешқандай саясатсыз, музыкалық білімі жоқ адамның да домбыра тарта алатынын дәлелдеу еді. Әлеуметтік желі арқылы жиналған жастар демалыс немесе жұмыс күндері саябақтарда бас қосып, күй күмбірлетті. Астанадан бастау алған бұл толқын тез арада Алматы, Шымкент, Атырауға тарап, тіпті әлемнің әр қиырын аралаған халықаралық трендке ұласты. Осыдан бірнеше жыл бұрын басталған бірегей қозғалыс Порту, Берлин, Лондон және Ыстамбұл сияқты әлемнің ірі шаһарларын шарлап үлгерді. Белсенді блогерлер мен шетелдегі қазақ студенттері қандастарымыздың басын қосып, патриоттық флешмобтар өткізді. Олар «төрде тұрған домбыра жай аксессуар болмауға тиіс» деген ұстаныммен ұлттық аспапты еуропалықтарға танытты. Нұрғиса Асылбеков бір сөзінде шетелдегі қызықты оқиғаларын бөлісіп: «Португалияда кеден қызметкерлері домбыраға күмәнмен қарап, ішін жарып тексерді. Бірақ біздің жастар оны қайта желімдеп, думанды кештерде көңілге қаяу түсірмеді», – деп жерлестеріміздің табандылығына сүйсінеді. Сол кезде себілген дән бүгінде мүлдем жаңа деңгейде жемісін беріп жатыр. Қазақ даласының қоңыр сазы енді өзге ұлт өкілдерін де баурап алған. Жақында Токиодағы Мэйдзи ғибадатханасының жанында қазақ күйлерін күмбірлеткен жапон азаматы Акира Такегучи туралы ақпарат шықты. Қазақтың кең тынысты музыкасына шын ғашық болған Акира домбыраны алғаш рет Ыстамбұлда көріп, кейін бұл аспапты жанынан тастамайтын болған. Қазіргі уақытта жапон күйшісінің репертуарында «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын» секілді 20-дан астам күрделі күй бар. Тіпті, «Аққу» күйімен Жапонияда өткен музыкалық конкурста бас жүлдені иеленіп, қазақ өнерінің құдіретін Күншығыс елінде тағы бір айғақтады.
Күні кеше Астанадағы «Нұржол» желекжолында «ашық микрофон» форматында кезекті Dombyra Party ұйымдастырылды. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтары өз домбырасын ала келіп, күй тартып, халық әндерін орындап, мерекелік көңіл күйдің бір бөлшегіне айналды.
Тамырдағы әр тамшы қанымызды тулатып, даланың дүбірін жаңғыртқан іс-шара жыл сайын ауқымын кеңейтіп, дәстүрлі өнердің заманауи келбетін қалыптастырып келеді. Қасиетті қара домбыраның үні әрдайым ұлттық болмысымыз бен рухани құндылығымыздың басты көрсеткіші болып қала бермек.
Айсұлу ЕРДӘУЛЕТҚЫЗЫ,ЕҰУ-дың 2-курс студенті