in

БҚО-да балалар орталығының бухгалтері бюджеттен 9 миллион теңге жымқырған

Батыс Қазақстан облысында Тасқала ауданы білім бөлімінің “Мектептен тыс жұмыс орталығы” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бухгалтері бюджет қаражатын ірі көлемде жымқырғаны үшін жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

18 маусым күні прокуратура мемлекеттік қаржының заңсыз иемденілгенін тексеру барысында анықтаған. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігі 1-тармағында (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету) көзделген қылмыстық құқықбұзушылық белгілерімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Жиналған дәлелдер негізінде қылмыстық іс сотқа жолданып, іс қарауы аяқталды.

Сот үкімімен бухгалтер 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сондай-ақ оған 3 жыл бойы материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.

Прокуратураның мәліметінше, жымқырылған 9 миллион теңгеден астам қаражат толық көлемде бюджетке қайтарылды.