Осыдан екі жыл бұрын ойыншының Түркия чемпионатына ауысқанын жарыса жазғанымыз есте. Бірақ оның Ыстанбұлдағы тағдыры бұлайша боларын ешкім болжаған жоқ. Өзі де Ресей лигасына қайтамын деп ойламады, білем.
Екі жыл – бес бапкер
Иә, Бахтиер Зайнутдинов 2023 жылы Мәскеудің «ЦСКА» клубынан «Бешикташқа» ауысты. Трансфер құны 4,5 миллион еуроға бағаланды. Оның түрік лигасына келуі тура Ыстанбұл ертегісіндей еді. Олай дейтініміз, клубқа келе сала Конференция лигасында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Еуроаренаға жай келмей, жарқ ете қалды. Қарсылас алаңындағы ойында шешуші жеңіс голын соғып (2:3), жанкүйерін қуантты. 94 минутта соғылған гол Зайнутдиновтың жігері мен командаға берерін айқындап бергендей еді. Бірақ жағдай түрленіп сала берді.
Бас бапкер Шенол Гүнеш оған сенім артты. Ойынға шығарып, өзін көрсетуге мүмкіндік берді. Алайда клубтың вице-президенті Серхан Четинсая кетіп, артынша қазан айында Гүнеш отставкаға арыз берді. Сөйтіп, бапкердің міндетін атқаруды Бурак Йылмазға жүктеді. Бұл бапкер де Бахтиерге оң көзбен қарады. Бірақ қуаныш көпке созылмай, бес ойын өткізген соң, бапкер «туын» Рыза Чалымбайға тапсырды. Аталған бапкерлер Зайнутдиновтың көпқырлы ойыншы екенін сәтті пайдалануға тырысты. Көбінесе, сол қапталдағы қорғаушы міндетін тапсырды. Кейде оң мен сол қапталдағы жартылай қорғаушы болды. Алайда оған қанатын кең жайып, жартылай қорғаныстан еркін шабуылдауға мүмкіндік бермеді. Дәл ұлттық құраманың экс-бапкері Адиев қойған позицияда ешкім сынап көрген жоқ.
Мұнымен біткен жоқ. Рыза Чалымбай да клубта ұзақ тұрақтамады. Оның орнына бапкер міндетін атқарушы болып Сердар Топрактепе келді. Оның Бахтиерге деген сенімі бардай көрінді. Өйткені Зайнутдинов 2023 жылдың желтоқсан айнынан 2024 жылдың ақпанына дейін он ойын қатарынан алаңға шықты. Алаңда толық 90 минут жүрді. Бірақ Фернанду Сантуш келіп, жағдай өзгеріп сала берді. Ол ойыншыға оң көзбен қарамады. Сантуштың да «Бешикташқа» берері болмай, орнына Джованни Ван Бронкхорсты әкелді. Әрине, арты-артынан бапкер ауыстыру ойыншыларға оңайға соқпайды. Клуб ішінен береке қашқаны туралы да ақпарат тарап жатты. Сөйтіп, президент қайтадан Сердар Топрактепені бапкер қызметін атқарушы етіп сайлады. Зайнутдинов қайта алаңға шықты.
«Өкінішке қарай, Бахтиер «Бешикташта» өзін көрсете алмады, себебі Ыстанбұлға оны шақырған бапкер Шенол Гүнеш орнын босатып, басқа бапкерлердің келуіне мүмкіндік берді. Гүнеш Зайнутдиновты жартылай қорғаушы ретінде көрсе, кейін клубта жұмыс істеген бапкерлер оны негізінде тек қорғаушы ретінде ойнатты. Бапкерлердің команда да жиі ауысуы, әрине футболшыға пайда әкелмеді. Кейін жарақат алып, алаңға шыға алмады. Енді 1-2 жыл Мәскеуде ойнаса, кейін Еуропаға кетуге болады. Бахтиер әлі де ардагер емес, болашағы бар футболшы. Сондықтан оның жоспарлары жүзеге асады деп сенемін», – дейді спорт комментаторы Ербол Қайыров.
Жарқ етеді бір үміт…
Сарапшы айтқандай, 2024 жылдың желтоқсанында «Аланьяспормен» өткен ойында Зайнутдинов жарақат алды. Емделуіне біршама уақыт кетті. Қазақстанда, Испанияда ем алды. Бірақ осы тұста бапкер міндетін атқарушының орнына норвег маманы Сульшер келді. Келді де Зайнутдиновтың «Бешикташтағы» мансабына көлеңке түсірді. Осыдан бастап әлеуметтік желіде де, БАҚ бетінде де түрлі қауесет жазылды. Жалпы, ол 2024/2025 маусымда «Бешикташ» сапында 12 ойын өткізіп, бір нәтижелі пас берді.
«Жарақаттан ешкім қашып құтылған емес. Ал жанкүйер тарапынан хейт болды. Негізі, Зайнутдиновты уақытында сата алмаған клуб басшыларына сын болуы керек. Клубтың ішкі саясаты дұрыс емесіне көз жетті. Өйткені екі жылда сегіз бапкер ауысты. Содан да Батека «Бешикташтан» тезірек ауысқысы келді. Ал Мәскеудің «Динамосы» – сәтті нұсқа. Бұл жерде кім шақырып жатқанына назар аударуымыз керек. Карпинмен бұрын жұмыс істеді. «Ростов» сапында екеуі жақсы жұмыс істеді. Алғашқы ойыннан-ақ мүмкіндік берді, алаңға шығарды. Ойыншы мен бапкер арасында тығыз әрі керемет қарым-қатынас бары көрініп тұр. Бұл Бахтиердің өзі үшін жақсы шешім. Меніңше, Зайнутдинов үшін Еуропа футболының ауылы алыс емес. Ресей бапкерлері оны бір жыл ішінде Италияға жібереді деп ойлаймын», – деді спорт сарапшысы Ермұхамед Мәулен.
Сарапшы сөзінің жаны бар, өйткені қысқы трансферлік терезе кезінде Испанияның «Вальядолиді» түрік клубына ұсыныс жасап, Зайнутдиновты жалға беруін сұрады. Бірақ түріктер бұл келісімнен бас тартты. Осылайша, алаңға уақыты шықпай, не басқа клубқа ауыспай, ойыншы екі арада қалды. Жаз басталғаннан Бахтиердің қай клубқа ауысатыны туралы сұрақ күнтәртібінде тұрды. Маусым айында «Ростовқа» қайта барады екен» дейтін қауесет шықты. Кейіннен «ЦСКА» мен «Зениттен» ұсыныс түскені ресми жарияланды. Мәскеудің «Динамосы» да ойыншысы өз сапына қосқысы келтінін айтты. Осы тұста Бахтиердің өзі Дмитрий Карпиннің қоңырау шалып, өзіне сенім артатынын, бірге жұмыс істеуге шақырғанын айтты. Сөйтіп, ойыншы бұрынғы бапкерінің қарамағында «Динамода» ойнауға келісім берді. Мұнда да кейбір ақпарат көзі Зайнутдиновтың Ресей лигасына амалсыз барғанын айтады. Журналист Александр Троицкий Telegram арнасында «Меніңше, Баха бұл трансферге аса қуанышты емес. Оның Ресейге оралғысы келмегені туралы көп айтылды, Еуропада қалғысы келді» деп жазды. Егер Ермұхамед Мәуленнің сөзі рас болса, Зайнутдиновтың жоспары айқын. Ол «Динамоны» еуроарена алдындағы тағы бір баспалдақ ретінде сынап көрмек. Бірақ спорт әлемінде Ресейге салынған санкцияны естен шығармау керек. Олар еурокубок ойындарына қатыспайды. Сол үшін елдегі спорт сарапшыларының ойы екіге бөлінді. Соның ішінде оның шешімін құптаған да, даттаған да бар.
«Иә, әрине «Бешикташ» пен «Динамоны» салыстыруға болмайды, себебі түркиялық клуб жыл сайын еурокубоктарда өнер көрсетеді. «Арсенал», «Челси» сияқты топ-клубтардың ойыншыларын құрамдарына қоса береді. Түркияда Зайнутдинов Иммобиле, Окслейд-Чемберленд секілді жұлдыздармен доп тепті. Ал Ресейде саяси факторлардың салдарынан осындай жоғары дейгейдегі ойыншылар өте аз», – деді спорт комментаторы Ербол Қайыров.
Қош, нәтижесін алда көре жатармыз. Бахтиер Зайнутдиновтың көрші елдегі мансабы сәтті болуын тілейміз. Карьерасын «Тараздың» жастар құрамасында бастаған жігіттің айы оңынан тусын. Кейіннен негізгі құрамға ауысып, артынша «Астанада» доп депті. Осылайша, Ресейдің «Ростовы» көз тігіп, қатарына қосты. Аталған лигадағы ойыны көпке ұнап, «ЦСКА-ға» ауысты. Үш жылдың ішінде түлеп, сарапшылардан жоғары баға алды. Бұл жол оны «Бешикташпен» түйістірген‑ді. Енді ол Ресей лигасынан Еуропаға қайта қанат қағудың қамын жасайды.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ