Бүгінде баласын сабақтан тыс түрлі үйірмелерге беру көптеген ата-ана үшін қалыпты жағдайға айналды. Бірі ұл-қызын домбыраға баулыса, енді бірі спортқа, биге, сурет салуға немесе шет тілін үйренуге қатыстырады. Әрине, әр ата-ана баласының жан-жақты дамып, бос уақытын тиімді өткізгенін қалайды. Алайда мұндай мекемелердің ақылы үйірмелері баршылық . Оның үстіне ай сайынғы төлемнен бөлек, түрлі жарыстар мен байқауларға қатысу, арнайы киім мен қажетті құрал-жабдық сатып алу да қосымша шығынды талап етеді. Сонда ата-анаға баласының дамуына жұмсаған қаражаты қаншалықты ақталады? Ақылы үйірмелердің нақты пайдасы қандай? Бүгін осы сұраққа жауап іздеп көреміз.
Бір үйірме бағасы қанша? Қазір балаларға арналған қосымша білім беру қызметтерінің түрі көп. Әсіресе жекеменшік шығармашылық орталықтар, спорт секциялары мен тіл үйрету курстары кең таралған. Олардың бағасы сабақтың бағытына, ұзақтығына, апталық жиілігіне және орталықтың орналасқан жеріне байланысты өзгеріп отырады.
Мәселен, Астанадағы бірқатар білім беру орталықтары өздерінің әлеуметтік желедігі парақшаларында жариялаған бағаларына қарағанда, шахмат пен сурет салу үйірмелерінің айлық ақысы 15 мың теңгеден басталады. Би үйірмелерінің құны 15–30 мың теңге аралығында болса, ағылшын тілін үйрететін кейбір курстар айына 20 мың теңге сұрайды. Ал робототехника бағытындағы сабақтардың бағасы 20 мыңнан 54 мың теңгеге дейін жетеді. Спорт секцияларының арасында да айына 40 мың теңге тұратын ұсыныстар кездеседі.
Мысалы, бала ағылшын тіліне айына 20 мың теңге, шахматқа 15 мың теңге және би үйірмесіне тағы 15 мың теңге төлеп қатысса, отбасы бюджетінен ай сайын 50 мың теңге бөлінеді. Тоғыз айлық оқу жылында бұл сома 450 мың теңгеге жетеді. Егер отбасында екі бала болса және екеуі де осындай үйірмелерге қатысса, шығын екі еселенуі мүмкін.
Бұған жолақы, арнайы киім, музыкалық аспап, спорттық жабдық немесе басқа да қажетті заттардың құнын қосқан жоқпыз.
Байқауға да ақша керек. Әсіресе өнер үйірмелеріне қатысатын балалардың ата-аналары үшін қосымша шығынның бірі – түрлі шығармашылық байқаулар. Соңғы уақытта мұндай жарыстардың жарнамасы да жиілеген. Біздің өзімізге WhatsApp арқылы республикалық, халықаралық деңгейде өтеді деп көрсетілген түрлі ақылы өнер байқауларына шақырған хабарламалар көптеп келіп жатады. Кейбір байқаулар екі-үш апта сайын ұйымдастырылады.
Бір қарағанда, мұндай жарыстар баланың өнерін көрсетуіне мүмкіндік беретіндей көрінеді. Алайда олардың барлығы бірдей жас өнерпаздың шеберлігін шыңдауға қаншалықты ықпал етеді? Бұл сұрақтың жауабы әртүрлі.
Біз осы мәселе жөнінде жекеменшік үйірмеде балаларға домбыра үйрететін Санжар Мұхтарұлының пікірін сұрадық. (Ол толық аты-жөнін және жұмыс орнын атаумауды сұрады)
– Біз жекеменшік орталықта балаларға домбыра үйретеміз. Әрине, сабақтар ақылы. Оқыту топтық форматта жүргізіледі. Әр топта шамамен 6-7 баладан отырады. Олардың жасы да, домбыра тарту деңгейі де әртүрлі. Орталығымызда осындай бірнеше топ бар. Сол балалардың көпшілігін ақылы өнер байқауларына қатыстырамыз. Әрине, біз кәсіби музыкант болғандықтан, қай баланың қандай деңгейде домбыра тартатынын жақсы білеміз. Бірақ байқауға қатысқан кезде олардың бас жүлде немесе бірінші орын алып қайтатынын жиі көреміз. Шынын айтқанда, мұндай ақылы байқаулардың біз үшін кәсіби тұрғыдан аса үлкен пайдасы бар деп айта алмаймын. Дегенмен ата-аналардың сұранысы өте жоғары.
Қазір баласын домбыра үйренуге алғаш алып келген ата-аналардың өзі бірден «Балаларды конкурстарға қатыстырасыздар ма?» деп сұрайды. Кейбірі біздің кәсіби біліктілігімізді, жұмыс тәжірибемізді немесе оқыту әдістемемізді сұрамайды. Ең алдымен байқауларға қатыстыру мәселесіне қызығушылық танытады. Бұл тек маған қатысты жағдай емес. Біздің орталықта үш домбыра оқытушысы жұмыс істейді. Үшеуімізге де ата-аналар тарапынан қойылатын негізгі сұрақтардың бірі – осы. Сондықтан олардың сұранысын ескеріп, балаларды түрлі ақылы байқауларға қатыстырамыз. Нәтижесінде оқушыларымыздың басым бөлігі бас жүлде немесе бірінші орын алып қайтады. Екінші орын алатындар өте аз. Оның өзінде көбіне домбыраны енді ғана үйреніп жүрген балалар болады. Ал үшінші орын берілетін байқауларды көп кездестірмедік.
Осы ретте бір жағдай есіме түсіп отыр. Елімізге белгілі әншілердің бірі өз атынан ақылы өнер байқауын ұйымдастырған еді. Сол кезде ұйымдастырушылар байқаудың афишасында қатысу жарнасын төлеу міндетті түрде жүлделі орын алу деген сөз емес екенін алдын ала нақты ескерткен болатын. Меніңше, бұл – дұрыс ұстаным. Өйткені байқаудың басты мақсаты қатысушылардың бәрін марапаттау емес, олардың өнерін кәсіби тұрғыдан бағалау болуы керек. Алайда соңғы жылдары өзіміз қатысып жүрген ақылы байқауларда балалардың барлығы дерлік лауреат атанып қайтатынын байқап жүрміз, – дейді Санжар Мұхтарұлы.
Шынында да, байқауға қатысу үшін төленетін жарна бір қарағанда аса көп көрінбеуі мүмкін. Алайда бала жылына бес байқауға қатысып, әрқайсысына 10 мың теңгеден төлесе, тек қатысу ақысының өзі 50 мың теңгеге жетеді. Ал басқа қалаға барып өнер көрсету қажет болса, жол жүру, тамақтану және қонақүй шығындары да қосылады.
Дегенмен ақылы байқауларға жұмсалған қаражатты тек шығын ретінде қарастыру да біржақты пікір болар еді. Өйткені кейбір ата-аналар мұндай жарыстардың баланың өнерге деген қызығушылығын арттыратынын айтады.
Біз баласын домбыра үйірмесіне қатыстырып жүрген ата-ананың да пікірін сұрадық. Әсем Мұратқызың айтуынша, ақылы байқаулардың пайдасына қатысты таныстары арасында түрлі көзқарас қалыптасқан.
– Әрине, айналамыздағы таныстарымыз бен достарымыздың арасында ақылы байқаулардан ешқандай пайда жоқ деп есептейтіндер бар. Бірақ менің ойымша, мұндай жарыстардың балаға беретін өзіндік әсері болады. Мәселен, баламыз сахнаға шығып, өнер көрсетіп, жүлделі орын алып, медаль тағып қайтқаннан кейін домбыраға деген қызығушылығы арта түсетінін байқадық. Үйге келген соң аспабын қолына жиі алып, күнделікті дайындалуға тырысады. Яғни мұндай марапаттар балаға қосымша мотивация береді. Әрине, байқаулар ақылы болғандықтан, қатысу жарнасын төлейміз. Бірақ ұстаздары бізден міндетті түрде қатысуды талап етпейді. Тек осындай байқау өтетінін, қатысу құны қанша екенін хабарлайды. Қаласақ қатысамыз, қаламасақ қатыспаймыз. Біздің отбасымыз үшін бұл аса үлкен шығын емес. Дегенмен мұндай байқауларға баласын қатыстыруға қаржылық мүмкіндігі жетпейтін отбасылардың да бар екенін түсінеміз, – дейді ата-ана.
Оның айтуынша, жақын құрбысының баласы да домбыра үйренеді. Алайда ол ақылы байқаулардың пайдасы шамалы деп есептеп, баласын мұндай жарыстарға көп қатыстырмайды.
– Сондықтан барлық ата-ана үшін ақылы байқаулар пайдалы немесе пайдасыз деп кесіп айту қиын. Өз тәжірибемізде оның пайдасын көбірек байқадық. Дегенмен кейде байқауларда жеңілген бала болмайтындай көрінеді. Қатысушылардың көбі бас жүлде алып қайтады. Бір жағынан, мұның қаншалықты әділ екені де ойландырады. Екінші жағынан, кішкентай баланың сахнадан жылап түскенінен гөрі, марапат алып, қуанып қайтқаны дұрыс шығар деп ойлаймын. Бұл – менің жеке пікірім, – дейді Әсел Мұратқызы.
Расында, бұл жерде екі мәселенің басын ажыратып алған жөн. Біріншісі – баланың шығармашылық ынтасы. Екіншісі – байқаудағы кәсіби бағалаудың әділдігі. Сахнаға шығып, көпшілік алдында өнер көрсету, марапат алу баланың өзіне деген сенімін арттыруы мүмкін. Алайда әр қатысушыға жоғары орын берілетін жарыстардың кәсіби деңгейін бағалау бөлек мәселе.
Астанадағы №2 музыка мектебінің ұстазы Арман Сыздықовтан сұрағанымызда, ол мемлекеттік музыка мектептерінің оқушылары үшін талаптары жоғары, тегін кәсіби байқаулардың тиімдірек екенін айтқан болады деді. Сонымен қатар ол жекеменшік студияларда білім алатын балалар үшін коммерциялық жарыстар сахналық тәжірибе жинаудың қосымша мүмкіндігі бола алатынын да жоққа шығармайды.
Мұны жалпы ақылы үйірмелерге де қатысты айтуға болады. Мәселен, домбыра үйірмесіне қатысқан бала бірнеше айда жаңа күйлер үйренсе, спортқа барған оқушының дене дайындығы жақсарса, ал тіл курсына қатысқан бала бұрынғыдан еркін сөйлей бастаса, мұны нақты ілгерілеу деп бағалауға болады. Бірақ мұндай нәтижеге жету үшін үйірменің ақылы болуы жеткіліксіз. Оқытушының кәсіби біліктілігі, сабақтың жүйелілігі, баланың қызығушылығы және тұрақты дайындық та маңызды рөл атқарады. Әрине, баланың қабілетін дамытуға жұмсалған қаражаттың қайтарымын бірден есептеу қиын. Өйткені оның нәтижесі кейде бірнеше айдан, тіпті бірнеше жылдан кейін ғана байқалуы мүмкін. Оның үстіне әр баланың қызығушылығы мен қабілеті әртүрлі. Бірі спортта жетістікке жетсе, енді бірі музыкаға немесе сурет салуға бейім болады.
Сондықтан ақылы үйірмелердің пайдасы бар ма деген сұраққа біржақты жауап беру қиын. Бір отбасы үшін ай сайынғы төлем баласының болашағына жасалған инвестиция болса, екінші отбасы үшін елеулі қаржылық салмақ болуы мүмкін. Сондықтан сұрақтың жауабын, құрметті оқырман, өзіңізге қалдырдық.
Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті . Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.