Ішкі істер министрлігі ел жолдарындағы апаттылықты азайту, сондай-ақ жол және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы ауқымды жұмыстарды жалғастырып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қазіргі уақытта ведомство жекелеген өңірлерді тексеру форматына көшті. Дәл қазір мұндай іс-шаралар Ақтөбе облысында белсенді түрде өтіп жатыр.
– Тиімділікті барынша арттыру үшін Астана қаласы, Қарағанды және Қостанай облыстары патрульдік полиция бөліністерінің қосымша күштері мен құралдары тартылды. Бұған дейін мұндай мақсатты тексерулер Алматы мен Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Қарағанды және Түркістан облыстарында өз тиімділігін дәлелдеген болатын. Тәжірибе көрсеткендей, күштерді жұмылдыру ең қауіпті құқық бұзушыларды жедел анықтауға мүмкіндік береді, – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Гүлнұр Құдайбергенова.
Ақтөбеде іс-шараның екі күнінде жол жүрісі қағидасын бұзудың 1351 дерегіне тосқауыл қойылды. Апаттылыққа тікелей әсер ететін және азаматтардың өміріне қауіп төндіретін өрескел бұзушылықтарға ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, екі күн ішінде:
көлікті мас күйде басқарудың – 11;
есірткі және психотроптық заттарды медициналық емес мақсатта тұтынудың – 1;
қарсы қозғалыс жолағына шығудың – 5;
бағдаршамның тыйым салу сигналына өтудің – 20 дерегі анықталды.
Сондай-ақ:
47 адам жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарған;
56 автокөлік мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүрген;
1 жүргізуші жалған нөмір пайдаланған;
208 көлік техникалық регламент талаптарына сай келмеген;
180 көлік міндетті техникалық байқаудан өтпеген;
150 жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаған;
65 жүргізуші көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдаланған.
Жаяу жүргіншілер тарапынан да жол қозғалысы ережелерін бұзудың 66 дерегі тіркелді.
Екі күн ішінде арнайы айыппұл тұрағына 110 автокөлік қойылды. Оның ішінде 11 көлік шетелдік есепте тұрған. Сондай-ақ түрлі заңбұзушылықтар үшін 41 көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі алынды.
ІІМ мұндай тексерулер алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасатынын мәлімдеді.