in

Ақмола облысында жүк локомотивінің машинист кабинасы өртенді

Ақмола облысының Аршалы ауданында «Астана–Қарағанды» бағытымен келе жатқан жүк локомотивінің машинист кабинасында өрт шықты. Абырой болғанда оқиға салдарынан зардап шеккендер болмаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Ведомствоның мәліметінше, өрт жүк локомотивінің машинист кабинасында тұтанып, қызыл жалын 15 шаршы метр аумақты шарпыған.

– Локомотив «Астана–Қарағанды» бағытымен келе жатқан. Өрт Астана қаласының өрт сөндіру пойызының күшімен толықтай сөндірілді. Оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ, – дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.

Құтқарушылардың алдын ала болжамынша, өрттің шығуына электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болған. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып, тексеріс жүргізілуде. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы