Мүгедектер күні қарсаңында Атырауда «Өмірге құштар жүректер» атты бочча турнирі ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жарысқа жеті санат бойынша 30 спортшы қатысты.
Турнирді «Әділет» партиясы Атырау қалалық филиалы ұйымдастырды. Іс-шараны өткізуге «Жанеркем-Ай» қоғамдық қоры мен Атырау облысының Бочча федерациясы атсалысты.
Қатысушылардың арасында боччаның BC1, BC2, BC3 және BC4 санаттарында өнер көрсететін спортшылар болды. Олардың ойынын ата-аналары мен жақындары тамашалап, қолдау көрсетті.
Бочча – паралимпиадалық спорт түрі. Ойынның мақсаты – арнайы доптарды нысанаға барынша жақын орналастыру. Спортшылардан дәлдікпен қатар сабырлылық, жинақылық және әр жүрісті алдын ала есептей білу талап етіледі.
«Әділет» партиясы Атырау қалалық филиалының төрағасы Қуандық Жақиялиев турнирдің балалардың өзіне деген сенімін арттырудағы маңызын атап өтті.
– Бүгінгі фестивальде балалардың қуанышы мен бір-біріне деген қолдауын көріп, ерекше әсер алдым. Әр қатысушының жарысқа ықыласпен дайындалып, өз мүмкіндігін көрсетуге ұмтылғаны қуантады. Олардың әрқайсысы үлкен жетістіктерге лайық. Осындай іс-шаралар балалардың спортқа қызығушылығын арттырып, ортаға еркін араласуына және өз күшіне сенуіне ықпал етеді. Алдағы уақытта да ерекше балаларға спортпен тұрақты айналысуға, қабілетін шыңдап, жарыстарға қатысуға жағдай жасала береді деп сенемін. Барлық қатысушыға сәттілік тілеймін. Ең бастысы – жеңіс емес, әр баланың өзіне деген сенімі мен өмірге деген құштарлығы. Фестивальдің «Өмірге құштар жүректер» деп аталуы да осы терең мағынаны аңғартады, – деді Қуандық Жақиялиев.
Атырау облысы Бочча федерациясының жауапты хатшысы Әлия Құбаева турнирдің спортшыларға жарыс тәжірибесін жинауға және алдағы бәсекелерге дайындалуға көмектесетінін айтты.
– Жарысқа қатысқан әр бала өз санатында өнер көрсетіп, барынша жақсы нәтиже көрсетуге тырысты. Осындай бәсекелердің жиі өтуі балалардың спортқа деген қызығушылығын сақтап, жарыс кезінде өзін еркін ұстауына ықпал етеді. Боччада әр ойынның өз ерекшелігі бар, сондықтан әр сайыстан кейін спортшы өзіне қажетті қорытынды шығарады. Алда Қазақстан чемпионаты тұр. Бүгінгі фестивальді сол үлкен жарысқа дайындықтың бір бөлігі деуге болады. Балалардың жігері мен ынтасын көріп, алдағы нәтижелеріне сеніммен қараймыз, – деді ол.
Турнир қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар медальдармен марапатталды. Барлық спортшыға алғыс хаттар табысталды.