in

Астананың 80 жастағы тұрғыны Кейптаундағы марафонда жүгірді

Астананың халықаралық әуежайында 80 жастағы марафоншы Салтанат Түйтебаевты қарсы алу рәсімі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz қала әкімдігінің ақпаратына сілтеме жасап.

Әуежайда оны қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит, жақындары мен туыстары, сондай-ақ жанкүйерлері қарсы алды.

«Сіз үшін қатты алаңдадық, аман-есен елге оралғаныңызға қуаныштымыз. Сізді қарсы алу біз үшін үлкен мәртебе», – деді Василий Левит.

Салтанат Түйтебаевтың өзі де алған әсерін былайша жеткізді:

«11-шақырымда марафонды жалғастыруға кедергі келтіретін жарақат алдым. Алайда екі рет медициналық көмек көрсетілгеннен кейін, дәрігерлер жарысты тоқтатуға кеңес бергеніне қарамастан, мәреге дейін жеткім келді. Жарақатпен жүгіріп, жарыс жолынан шыққан жоқпын», – деді ол.

Оның айтуынша, ол марафон фавориттерінің қатарында болған және жарақат алмағанда жүлделі орыннан көрінуі мүмкін еді.

«2027 жылы Жапонияда өтетін ардагерлер олимпиадасында есемді қайтарамын», – деп уәде берді спортшы.

Марафоншы күн сайын жүгіруді жалғастырмақ.

«Мен таңертең жүгіремін. Физикалық дайындығымды сақтап, барлық жарысқа қатысуға тырысамын. Немерелерім мен шөберелеріме белсенді әрі салауатты өмір салтының үлгісі болғым келеді», – деді Салтанат Түйтебаев.

Салтанат Түйтебаев – Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Еске салсақ, 2025 жылы ол Нью-Йорк марафонында 80-89 жас санатында чемпион атанып, қашықтықты 4 сағат 45 минутта бағындырған.

Бұған дейін, 2021 жылы Аустралияда өткен ардагерлер арасындағы әлем чемпионатында 75-79 жас санатында күміс медаль иеленген. Сондай-ақ ол Жаңа Зеландияда өткен ардагерлер олимпиадасының чемпионы атанған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.