in

Алматы мен Алатау арасында LRT іске қосылуы мүмкін

Оның орнына билік LRT жүйесін және өзге де балама көлік түрлерін дамыту мүмкіндігін қарастырып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Үкіметтегі брифингте журналистер Алматы метросын Алатауға дейін жеткізу мәселесі бұған дейін талқыланғанын айтып, жобаның әлі де күн тәртібінде бар-жоғын сұрады.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қазіргі таңда метро салу туралы айтуға ерте екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, Алатау қаласының халқы әзірге 50 мыңнан сәл ғана асады. Сондықтан мұндай жағдайда метро құрылысы экономикалық тұрғыдан тиімсіз.

— Қазір Алатауда метро салудың қажеттілігі жоқ, — деді вице-премьер.

Сонымен қатар ол Алматы, Алатау және Қонаев қалалары арасында LRT желісін дамыту жоспары қарастырылып жатқанын айтты. Бұдан бөлек, әуе көлігі мен өзге де көлік нұсқалары зерттелуде.

— Қазір LRT, әуе көлігі және басқа да балама нұсқаларды қарап жатырмыз. Әлемнің әр түкпірінен келген сарапшылармен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Біздің мақсат — тиімді әрі үнемді шешім табу, — деді Қанат Бозымбаев.

Оның айтуынша, әзірге нақты шешім қабылданбаған.

Сондай-ақ вице-премьер жаңа қалада көлік кептелісі мәселесі туындамайтынын айтты. Оның сөзінше, Алатаудың бас жоспары Surbana Jurong компаниясының қатысуымен әзірленген. Қазір жобаға қала құрылысы және көлік инфрақұрылымы бойынша маманданған тағы бір халықаралық топ тартылып жатыр.

— Біз бұған дейінгі жобаларда кеткен қателіктерді ескереміз. Сондықтан көлік дағдарысына жол бермейміз, — деп түйіндеді ол.