in

Алматыдағы түнгі рейд: 47 жасөспірім полицияға жеткізілді

Алматы қаласында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруінің алдын алуға бағытталған профилактикалық рейд өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері түнгі уақытта үйден тыс жүрген және ойын-сауық орындарында болған жасөспірімдерді анықтады. Нәтижесінде полиция бөлімшелеріне 47 кәмелетке толмаған жеткізілді. Оның ішінде басқа өңірлерден келген 10 жасөспірім балаларды қолдау орталығына орналастырылған.

Рейд кезінде компьютерлік клубтардың жұмысына ерекше назар аударылды. Тексеру нәтижесінде үш мекемеде кәмелетке толмағандардың сағат 22:00-ден кейін ересектердің қарауынсыз болғаны анықталды. Бұл орындардан жалпы саны 10 жасөспірім табылған, олардың алтауы — өзге өңір тұрғындары.

Аталған деректер бойынша ойын-сауық орындарының иелеріне әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар, балаларын бақылау міндетін тиісінше орындамаған ата-аналар мен заңды өкілдер де жауапкершілікке тартылды.

Жалпы рейд қорытындысы бойынша 38 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның 4-еуі — кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында жүруіне қатысты болса, 34 дерек жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз көшеде жүргені бойынша тіркелген.

Алматы қалалық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев мұндай рейдтердің негізгі мақсаты құқық бұзушылықтың алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін айтты.