Оқып отырсаң өлең жазғанда Абай оның иығынан қадалып қарап тұрған сияқты елестейді. Өлеңнің кез келген тұсында Абай есіне түсе кетеді, шабытпен ағып келе жатып, Абай өлеңіне соғылады, Абай жырға жолығады.
1.ТЕҢЕУ
Алатауың – Абай жазған өлеңдей,
жаратылған мықты болып «өлердей».
Қатып қапты тағдырына мас болып,
«құдайына» не жалынбай, не көнбей.
Мен емес, Жұмекен жазған өлең. Қазақта «Менің қолым емес, Әулиенің қолы» деген сөз бар. Бұл – мән-маңызы биік бір істі бастап берерде, сол мәртебелі кісі арқалы аруақты еске алып, адал жүректен айтатын ақ сөзі. Біз де сөйттік. Абай өлеңдері туралы айтар сөзді Жұмекен жырларынан алдық.
«Алатауың – Абай жазған өлеңдей».
Менің сөзім емес, Жұмекеннің сөзі.
Бұл – теңеу. Ол – үлкейткіш, анықтағыш тәсіл. Өлеңде де, сөзде де сүйініп суреттеген нысанын асқақтатып, айқындап немесе майдалап, көз көрместі сездіріп, қолға ілінбесті түйсінтерде дәл осындай жан таппас тосын және тұтқиылдан соғатын «теңеу» керек.
Бұл – ұлтқа ұран жазған, бір дәуірдің шабыты сұрапыл құбылысы болған ақынның – Жұмекеннің теңеуі, Абайды жырлауы.
Шынында, бұл көрер көзге Абай туралы емес, Алатау туралы өлең. Сөйте тұра Алатаудың тіл жетпес мықтылығын, бітімін, көркін, биіктігі мен паңдығын айтайын дегенде басқа емес, «Абай жазған өлеңмен» теңестіріп қойған. Мұндай теңеуді көре қалғанда өлең оқу дағдысында бар кісінің көңілінде күн күркірер. Тау шыңдарымен таласқан, әлде одан биігіректе жай отымен жанасқан құбылыс көз алдына келіп, сөз тылсымын түйсіне бастар; одан әрі ақын туралы, Абай өлеңдері туралы ой қылаң берер, жаңғырар.
Бұлай айтпай, «Абай жазған өлең Алатаудай» десе, теңеу сонша әлсірейді. Онда сен «Абай жазған өлеңді» тау басына қарай тартқандай болар едің. Ал «Алатауың (сенің) – Абай жазған өлеңдей» десең ол өлеңді Алатаудан да биік сезінесің, тауды жоғары қарай – одан биіктеу тұрған өлеңге қарай көтересің.
Алатауың – Абай жазған өлеңдей!
2. ІЗДЕУ
Бір сенімі бар еді маған да елдің,
«Ұлғайды арман», мен-дағы алаң болдым.
Ымыртта ымырт құсап, қоңырайып,
Өзімді іздеп шығып ем – саған келдім.
Кетті дейді жыр оңбай… құрсын бәрі,
Сыншылар жүр том жазып, ырсыл қағып…
Жүз мода өзгерді ғой, мың бір заман,
Түйе жүн күпі киіп тұрсың ба әлі?!…
Қажып келдім қасыңа қалғиыншы,
Не қарғыс, не бата айтшы… ал құйылшы.
Сен маған туған жерім сияқтысың,
Аңсағанда келетін шалдың иісі…
Сағыныш қой, шіркін! Абай туралы Жұмекен жиырма шақты өлең жазған. Оқып отырсаң өлең жазғанда Абай оның иығынан қадалып қарап тұрған сияқты елестейді. Өлеңнің кез келген тұсында Абай есіне түсе кетеді, шабытпен ағып келе жатып, Абай өлеңіне соғылады, Абай жырға жолығады.
«Абай ескерткіші» туралы өлеңнің біз үзіп алған үш шумағын енді сіз де жаттап алыңыз. Жұрттың сеніміне аса биік жауапкершілікпен қарайтын Жұмекен, Абай құсап «қартайып, қайғы ойлаған» Жұмекен, ымыртта өзін жоғалтып, енді оны іздеп шыққан беті еді. Өлең суреттер тізбесі сияқты. Қым-қуыт қаланың ортасында ол мәңгі кетіп бара жатқандай. Иә, өлеңді қайталап оқыған сайын ақынның өзімен — ол іздеген ой соқпағымен сіз де жүресіз. Жүрген сайын сол соқпақ Абайға бастап келе береді.
Санаңызда жаңғыра беретін сурет бар. Ол сурет — тылсым шабытының ізін кесіп, өзінің өлеңмен өзі түйсінген, өзі суреттеген сұлба-сүлдеріне ілесіп ілбіген жұмекен. Жол тұйығында Абайдың алдында тұрған жұмекен. Барар жері «мода жүз өзгеріп, заман мың құбылса да», өзгермейтін, баяғы «түйе жүн күпісімен» тұрған Абай.
Таппаған соң өлеңмен жүрек емін,
Бір-ақ сілтеп қолымды жүрер едім:
Туа тұғын сықылды бүгін-ертең
Мраморға жазылар бір өлеңім. (Бұл да осы өлеңінде).
Расында, Жұмекен сол уақыттарда әрбірін мраморға жазуға тұратындай том-том өлеңдер туғызды.
Абайдың ескерткішіне келіп «Сен менің туған жерім сияқтысың» дегенді кім айта алды? Осындай максималды сезінумен таусыла сөйлей алған біреу бар ма? Сарқыла айту, түбіне жеткізіп айту, тереңге тартқан тылсым жарылыстан туады. Бұл дегеніңіз – теңдесі жоқ сезім, теңдесі жоқ шабыт.
Туған жерден артық не болушы еді адам үшін? Адамның туған жерінің топырағына жантайып жатқысы келетін кезі болады. Жұмекеннің де Абай ескерткішіне барып шағынып, тауы шағылып тұрған кейпі ғой. Заманға, шабытқа, уақытқа кеткен есепсіз есе есіне түсіп, дағдарған, таусылған жүдеу кейпі.
«Кейпі» деппіз ғой. Егер ол «Қартайдық, қайғы ойладық ұлғайды арман, қорқамын кейінгі жас балалардан» деп Абайша дағдарған кейіп болса, ол — ұлы адамның, ұлт мақсұтын ойлаған адамның кейпі. Ақынның келбеті.
3. ТҮНГІ ОТ
Ақын Абай ескерткішіне бұл ғана емес, біз білгенде, біраз өлең арнаған.
Жұмекен шығармашылық уақытының әр кезеңдерінде әлгінде айтқанымыздай, Абайға жиі айналып соғып отырады. Ескерткішке бұрынырақ арнаған бір өлеңінде:
Қазыналы жан алтынын төккен күлге,
Күл боп жанып кетіпті көппен бірге.
Қараңғы елде жарқырап туған өлең,
Қара түнде маздаған отпен бірдей.
Емен-дағы құласа – бетеге екен,
Дара туған тұлғаң да өтеді екен.
Тек қараңғыда жанған оттың,
Жарығы тым алысқа жетеді екен, – деп келеді.
Бұл өлеңді ойланбай-ақ жаттап ал. Әр рет ойша қайталаған сайын алыстан абайдың жарығын, Абай жаққан отты көресің. Санаңда қайталаған сайын ойыңда абайдың оты жаңаланып жанып, жылу беріп, жарық шашып отырады.
4. АЯУ
Бір шумақтан тұратын тағы бір өлеңінде Жұмекен ақын бүй дейді:
Абайсыз кеткен талайды,
Талайсыз өткен сөзіңді
Аяймын;
Заманға қарап – Абайды,
Абайға қарап – өзімді
Аяймын.
Өкініштен өзегі өртенген өлең. Аяу деген ең аяулың үшін күйіну ғой. Ол – жақының болуы мүмкін; ол – жаныңнан артық көрер қымбатың болар; ол – бар қымбатыңды жолына қияр мақсұт, мұратың болуы мүмкін. Аяйсың. Бәрін аяйсың. Бәрін аяп отырған өзіңді аяйсың. Осы төрт жол өлеңді оқығында аямағандар туралы, «абайсыз» – аңдаусыз мерт болғандар туралы, «Абайсыз» кеткендер туралы, оларды аямайтындар туралы, «аямау» туралы ойларға батасың, тайғақта малтығасың. «Заманға адам күйлемек. Замана оны илемек» дегенді айтқан Абай есіңе түседі. «Заманға қарап Абайды, Абайға қарап өзіңді аяйтының» содан.
5. ҚАРСЫ ЖҮРУ
«Поэзия» деген жеті шумақ өлеңінде поэзия бозінген секілді кейіпте. Әркім одан «бір тамшы саумал алып қалсам» деп жүгіреді. Ақындықтан үміті бар әр пенде қауға алып, бозіңген өлеңді қуады.
Неше түрлі жалқау мен қырсау мінген,
Поэзия секілді бір саулы інген.
Ботасы өлген секілді ертеде оның,
Абай жатқан бауырында кер төбенің.
Қасым жатқан шет жағын боз даланың,
Саулы інген-жыр кезеді боздап әлі.
Ботасы өлген батады Ана мұңға,
Ілиястың Құлагер заманында.
Поэзия туралы өлеңін Абайдан бастаған Жұмекен Ілиясқа, Қасымға қарай, бері қарай – бізге қарай жүргенде, біз Жұмекеннің келе жатқан ізіне түсіп, өлең келген ізге түсіп, қарсы бағытқа, әрі қарай – Абай жырға қарай жүреміз. Жұмекен келе жатқан бағытқа қарсы әрі қарай жүрсең ол – Абайға, Абай жазған өлеңге апарады.
Біз келесі талдайтын өлеңде мынадай біршумақ бар.
Ақын қаққан күпінің шаңы жатыр құзда әлі,
Әйтеуір, сол күпіден «шыққан жұртпыз» біз дағы.
Жұмекен айтқандай, күллі қазақ ақынының ізін кері шалсаң Абайға апарар.
6. ДИССЕРТАЦИЯ
Жұмекеннің «Қара өлең» атаған келесі толғанысын толығырақ көшірмеске болмады. Себебі Абай тануда бұл өлеңнің орны бөлек. Ол – өзі сонша көркем өлең, өзі тарих, өзі сын, өзі сурет, өзі тұтас диссертацияның салмағын тартып тұрған өлең.
***
Абай – жырды құрметтеп, ырза етейін дегенде
Жаңа киім іздеген күллі әлемдік көлемде.
Фрак жапқан жырға асыл – жырласа сол жырласын:
Өзі киген күпіні – кигізген жоқ өлеңге.
***
Пушкин, Байрон, Гетенің өлеңінің өтін ап
құйған сын-ды ол:
Бір ерек құнар тапты топырақ.
Сондықтан да жырда Абай шындық ашты бір ұлы:
Қаламдардың сырылы,
Қанжарлардың шыңылы
Араласты тасқын боп азап табы, мұң үні –
Уақыт туды осылай өлеңдерді ұлы-ұлы.
Ақын қаққан күпінің шаңы жатыр құзда әлі,
Әйтеуір, сол күпіден «шыққан жұртпыз» біз-дағы.
Жаңалықтан жалтақтап,
Суық сезсе шекеміз,
Күпісіне Абайдың әлі сүңгіп, кетеміз.
Қара өлеңдер жасасын! – салмақты, еркін, терең де өр,
Костюм киген ақындар,
Күпі киген өлеңдер!
О, сыпайы жаңашыл!
Жел өтінде дірілде –
Шекпен түгіл макентож ескіріп жүр бүгінде.
Киім – мода,
Өлең-жыр мода емес қой,
дегенмен
Киімнің де сән-көркі көрінген жөн өлеңнен.
Саптама етік кимейді қазір қазақ өлеңі,
Содан шығар, көп жыршы – жалаң аяқ келеді.
Менсінбей жұрт ескіні,
Жаңасына жете алмай,
Аралықта алпыс жыл уақыт өтті бақандай.
Күпі киген ақынның
Костюмді ойы – тамаша,
Киіндірген Абай тек қара өлеңді жаңаша.
Қағып-сілкіп күпіні – шекпен алған сол ақын –
Шекпен киген кешегі Мұқағали болатын.
Тапқаны ғой әркімнің,
Соған ұқсас сый біздің:
өлеңіме өз басым өкшелі етік кигіздім.
Абайдың жалпы поэзиясы, ол жасаған замандағы өлең өнері оның салмағы, көркемдігі, ойы, мақсат-мұраттары туралы кемелді әрі бейнелі өзі ықшам өлең. Абай шығармаларына берілген шынайы да, дәл, биік баға.
«Абай ескерткіші» деген өлеңінде Абайдың бітіміне, оның қазақ санасындағы болмысына өз жүрегінде өлең ескерткіш қойса; мына өлеңде оның әлемдік деңгейдегі көркемдік құбылысын айқындайды.
Пушкин, Байрон, Гетенің өлеңінің өтін ап
құйған сын-ды ол:
Бір ерек құнар тапты топырақ, – дегенін, немесе:
Абай – жырды құрметтеп, ырза етейін дегенде
Жаңа киім іздеген күллі әлемдік көлемде.
Фрак жапқан жырға асыл –
Жырласа сол жырласын:
Өзі киген күпіні – кигізген жоқ өлеңге, – дегенін қараңызшы.
Бұл өлең алғашқы ой ұшқыны Мұқағалидың «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» деген жолдарының әсерінен келгенін байқаймыз. Оны Жұмекен де еске салып өткен.
Мұндай өлеңді бір ғана оқып қоймайды. Бірнеше қайталап оқиды. Бірнеше жыл бойы қайталап оқиды. Ғұмыр бойы оқиды. Абай туралы, Абай жазған өлең туралы сөз болған жерде ең қысқа, ең дәл, ең ғылыми баяндама орнына оқиды. Өлеңді оқыған кісі бір уақытта екі ақынды таниды және екі ақынды танытады.
Жұмекен санаулы ғана қазақ ақындарына өлең арнады. Абайға, Махамбетке, Қасымға, Мұқағалиға.
7. СӘУЛЕҢ БОЛСА САНАҢДА
Абайдың жеп-жеңіл оқылатын, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін, бірақ түбіне жетіп түсіне қоймайтын өлеңдері толып жатыр.
Әуелі әннің басы келер ашшы.
«Кел, тыңда» деп қауымға болар басшы.
Керім толғап тауысар қоңыр-күңгір.
Сол жеріне ойыңмен араласшы.
Алдыңғы екі жол түсінікті, қазақ әні жұрт назарын жинау үшін «Әуелетіп ән салсаң» деп Әсет айтқандай, биік бастайды. Соңғы екі жолды оқысаң керімсал әнші әуенін қоңырлатып, мамырлатып аяқтайды. Абай айтқан тыңдаушы әнге осы жерден араласса керек. Онда да сөзбен емес, «оймен араласады». Оймен араласу үнсіз араласу.
Қай жерден? Қай сөзге? Бұл жерде сөзге емес, әуенге араласасың. Онда да «Керім толғап тауысар» сәттен кірісесің.
Әншінің ән бастағанда қатты айғайға басып, жұртты қаратып алған асқақ дауысын ұстайсың. Оны ұстағанда да ол толқып, толғап, қоңырлап, мамырлап үздігіп, үзіліп бара жатқан тұстан ұстайсың.
«Ұстайсың» деппін-ау. Иә, ұстайсың. Әншінің дауысы жылқының қылындай нәзіктеніп, домбырасының үні соңғы басқан пернеге буылып, булығып, тынып бара жатқан тұстан ұстайсың. Ол қолға ұсталмайды ғой, жүрекпен, санамен ұстайсың. Абай айтқандай, «ойыңмен араласасың». Сен «араласқан» жерден «қоңыр, күңгір» әуен сенің санаңда жаңғырып, бойыңа жайылып, тамырыңа тарап, оның ритімі жүрек лүпіліңе түсіп орныға бастайды.
Көңілдің күйі тағы да
Өмірсіз жанның алды ішін.
Аударды өлең жағына,
Нәпсінің сынған қайғысын.
Сурет пе? Сурет. Онда да жан дүниенің ішкі суреті. Терең писихологиялық картина. Біз оны бірден оқып өте шығамыз. Бірақ сәлден соң қайта қайырыламыз. Жұмекен не деді?
«Сондықтан жырда Абай шындық ашты бір ұлы:
Қаламдардың сырылы,
қанжарлардың шыңылы
араласты тасқын боп азап табы, мұң үні –
Уақыт туды осылай өлеңдерді ұлы-ұлы», – дегенде Жұмекен осындай өлеңдерді меңзеген.
Абай осы өлеңдегі сөйлемнің негізін Лермонтовтан алған. Бірақ сурет әдеттегідей өзінікі.
Алдыңғы шумақта біз «сол жеріне ойыңмен араласшы» деген жолды талдап ек қой. Мұнда да сол сияқты. Қолданылған бұлыңғыр ұғымдарды қараңыз:
1-Көңілдің күйі.
2-өмірсіз жан.
3-өмірсіз жанның іші.
4-өлең (өлең жаққа)
5- нәпсінің қайғысы.
6- сынған қайғысы
Бұл ұғымдар қазақ өлеңінде қазірде қолданылып жүрген жоқ.
Сонымен енді картинаны сипаттайық. Картина деппіз-ау. Видео картина шығар. Жоқ видео да бұны көрсете алмайды. Тек Абайдың өзі айтқандай, «ойыңмен араласшы» дейміз.
Иә, картинаны таратайық дедік қой. Бұл өзі әбден торыққан, жан дүниесінде сау тамтық, бүтін ештеме қалмаған адамның көңіл күйінің бір сәті.
Алғашқы екі жолда жаны тірі бірақ «өмірсіз» – торыққан жанның ішкі түйсігін «көңілдің күйі» кернейді. Соңғы екі жолда оның нәсісінің «қайғысын», онда да, «сынған қайғысын өлеңге аударды» (қайғының да бүтіні мен сынығы болып тұр). Енді осы суретті көз алдыңызға елестетіңіз. Мұндай суретті еш бояу, еш дыбыс сызып көрсете алмайды. Тек өлең ғана, тіл ғана бейнелей алады. Онда да ол Жұмекен айтқандай «Абай жазған өлең» болса, Абайдың суреткер тілі болса.
Жұмекеннің «Күйді ұқпаған кісілер сөзді ұға ма, өзің айтшы, домбыра?!» дейтіні бар. Көркем сөзді түсіну дегеніңіз күйді түйсінуден қиындау болғаны ғой. «Қазақтың сөз танымас бір парасы» деп Абай да айтқанын білерсіз.
Ахмет Байтұрсынұлы да бұдан 115 жыл бұрын жазған «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласында Абай өлеңдерін түсінбей жатқа оқитындарды көргенін айтып, мынадай тұжырым жасайды: «Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр тиетіні рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік». Ахаңша болғанда бәріміз де «оқушымыз». «Оқырман» сөзі кейін пайда болды.
Абай «Сәулең болса санаңда» деген өлеңінде «Единица жақсысы сенген елі өңшең нөл. Единица нөлсіз-ақ бір өзіндік болар ол» дейді.
Біз де Абайға арнаған бір өлеңімізді:
«Единица жақсысы сенген елі өңшең нөл…»
Қарсы алдына Абайдың.
Нөл болуға көнсең кел» деп аяқтаппыз.
«Жаңалықтан жалтақтап,
Суық сезсе шекеміз,
Күпісіне Абайдың әлі сүңгіп кетеміз», – дейді тағы да Жұмекен.
Абай өлеңдері әр кезеңде жазылғанына қарай әр қилы тәсілмен туады. Бізге қызығы: «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, айналасы теп-тегіс жұмыр келген», «Алыстан сермеп, жүректен тербеп, шымырлап бойға жайылатын» Абай өлеңдерінің оқуға жеңіл, ойға ауырлығы. Айтар ойының ауырлығы. Тереңдігі, Алатаудай биіктігі, кеңдігі, нәзіктігі, жаңалығы, тыңдығы, тосындығы.
Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ,
ақын, жұмекентанушы